ОРАЛ. Қыркүйектің 1-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Батыс Қазақстан облыстық бөлімшесінің төрайымы Ақұштап Бақтыгереева мен Мәжіліс депутаты Қабиболла Жақыповқа «Орал қаласының құрметті азаматы» атағы берілді.
Орал қалалық мәслихатының бас маманы Светлана Кенжебаеваның ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, қалалық мәслихаттың кезектен тыс 20-сессиясы осындай шешім қабылдады. Биыл алпыс бес жастың биігіне көтеріліп отырған Ақұштап Бақтыгереева қаланың мәдениеті мен өнерінің дамуына үлкен үлес қосып келеді. Ал Қабиболла Жақыпов кезінде Орал қаласының басшысы ретінде оның әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше еңбек сіңірді. Кейін Батыс Қазақстан облысының әкімі де болды.
Атақ беруде олардың белсенді қоғамдық қызметтері де ескерілді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).