Ақын елінің перзенті болып өмір сүре алса, ол бақытты - Ғалым Жайлыбай

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін, 17 қыркүйек күні Қарағанды еңбекпен түзету лагерлерінің (ҚарЛаг) ресми түрде іске қосылғанына 83 жыл толды. Қорыққанға қос көрінер демекші, аяғынан енді ғана тұрып келе жатқан Кеңес одағының басшылығы өткен ғасырдың 30-шы жылдары билікті қалайда қолдарында сақтап қалу жолында халық ішінен жау іздеп, сұрқия саясатын жүргізді. ҚарЛаг соның бір айқын көрінісі еді. Ресми деректер бойынша бұл лагерлерге 1931-1959 жылдар аралығында бір жарым миллионға жуық адам тоғытылыпты. Қаншама тағдыр десеңізші! Жан түршіктірер сол бір қатал саясат бір емес, бүкіл бір ұрпақтың сүйегіне «Халық жауы» деген таңба салды емес пе? Бірақ, өмірге келгендеріне өкініп, тағдырына налып, қайғыдан қан жұтқан тұтқындарға жергілікті қазақ жұртшылығы адамгершілікпен қарай білген. Өздері арып-ашып жүрсе де жендеттердің жез тырнағынан тайсалмай, тағдырдан теперіш көріп жүргендерге көмек қолын да соза біліпті ата-бабаларымыз.

Әрине, бұл кезең туралы талай кітап жазылды, әлі де жазыла бермек. Бірақ жазылған дүниелердің ішінде елді елең еткізген шығармалардың бірі - өткен жылы жарық көрген «Қара орамал» поэма-реквиемі деуге болады. Халықтың көкірегінде шер болып қатқан зарлы үн, осы жыр жолдарында жалындай лап етіп, сыртқа шыққандай әсер қалдырады. Оның авторы - белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай. «Айтпаса сөздің атасы өледі», «Шындық қашанда айтылуы тиіс» деген қағидаларды берік ұстанған Ғалым аға, қоғамның небір түйткілді мәселелеріне үн қосып, күңірене қалам тербеп келе жатқан ақындардың бірі. Күңіреніп демекші...

Биыл жазда Жазушылар Одағында Әдеби жыл қорытындысына арналған жиында баяндама жасаған белгілі ақын Қасымхан Бегманов: «Қазіргі ақындардың өлең жолдарында уайым сарыны байқалады» - деген болатын.

Мұның сыры неде? Жалпы бүгінгі қазақ поэзиясы қандай деңгейде? Тақыптары қандай? Осы және ақынның өз өміріне қатысты сұрақтарға жауап іздеген ҚазАқпарат тілшісі бүгінде Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарып жүрген Ғалым Жайлыбай мырзаны іздеп Жазушылар одағына келді. Бастырмалата қойылған сұрақтарға қашанда салиқалы, сабырлы ақын терең бір ойға шомып алып, асықпай, әдемі қоңыр даусымен жауап бере бастады.

- Ғалым аға, әңгімені туып-өскен жеріңізден бастасақ. Сіздің ақын болып қалыптасуыңызға туған жеріңізің әсері қалай болды?

- Менің туып өскен жерім - Жаңаарқа ауданындағы Жеңіс деген ауыл. Сонау, Сарыарқаның, Бетпақтың пұшпағында өсіп-өнген ел. Мен өзім киіз туырлықты киіз үйде, Бетпақтың жонында, малшының көп балалы отбасында өмірге келдім. Ұшы-қиыры жоқ кеңістік, дала қиялымызды шыңдады. Сағыммен жарысқан Сарыарқаның сайын даласында өсіп-өндік.

- Ата-анаңыз жайлы білгіміз келеді... «Әу» дейтін өнерлері бар ма еді?

- Әкем жылқы фермасын басқарды. Мен көзімді ашқалы көргенім, киіз үй мен жылқы ғой. Әкемінің енді «Әу» дейтін өнері жоқ еді. Бірақ әкеміз елге өте сыйлы кісі болды. Елдің жұмыстарына, ортақ істерге үнемі араласып жүретін. Балаларының білім алуына барынша мән берді. Әкеміздің арқасында барлығымыз жоғары білім алдық. Қыздарын да аялап ұстады. Әкем үйге кітап жинайтын еді. Кітап оқығанды жақсы көретін. Әке-шешем 11 бала өсіріпті. Ал қазір ойлап отырсам, біз екі-үш баланы қанаттандыруды үлкен бір мәселеге айналдырып алған сияқтымыз. Ол кісілер бар ғұмырын ұрпағына арнаған адамдар екен ғой.

Ал анам әлі бар. Биыл жасы тоқсанға келді. Анам елге өте сыйлы, елдің анасына айналған жан. Сәкен Сейфуллиннің серігі болған Бәкен Серікбаев деген революционер бар ғой. Мынау «Тар жол тайғақ кешуді» оқыған қазақтың баласы біледі. Анау совдептің мүшесі Бәкен, Сәкен, Абдолла, Байсейіт төртеуі бір камерада отырады. Сонда Бәкен Сәкен Сейфуллиннің қашып шығуына жәрдем жасайды. 27-28 жастағы азамат. Сол менің шешемнің туған нағашысы. Соның қарындасы Тойбала деген кісіден менің анам туады. Менің анамның әкелерінің басына кезінде кісі түнейтін болған. Ал анам қазір елде бала-шағасының, немере-шөберелерінің ортасында өмір сүріп жатыр. Алматыға келіп тұрады. Менің «Анам келді ауылдан» деген өлеңім бар. Сонда:

Алматыға арқадан анам келді.

Бір тойлайын жиып ап тамам елді!

Мендей ақын табылар іздегенге.

Сіздей асыл табылмас маған енді. - деп бітеді.

Жақында ауылға барып қайттым. Екі бірдей немересінің тойын жасадық. Қыз ұзатты, келін түсірді. Әкемнің қайтыс болғанына бірнеше жылдың жүзі болды. Ол кісі байдың да, бағыланның да тұқымы емес. 32-ші жылдың ашаршылық кезеңінде, талай қиындықтарды бастан кешкен. Әкесі Нұра өзенін жағалап, балаларына талшық іздеген. Біз ағайынды екі жетім баладан тарайтын ұрпақпыз.

- Ғалым аға, сіз жас кезіңізде талай жыл жылқышы болып еңбек еткен екенсіз, осы рас па?

- Иә, рас. Мен мектеп бітіргеннен кейін комсомолдық бригадада жұмыста қалдым. Шопан болдым, кейін бір-екі жыл жылқы бақтым. Мен мектепте өте жақсы оқыдым. «Талды еспе» деген менің өлеңімде:

Ақшаңдарын даланың бұрқыратып

Талдыеспеде Ғалым саз жылқы баққан, - деген жолдары бар.

Сол жаңағы жылқы бақтық. Ақ боранда, жаздың шілдесінде үлкен ағаларымызбен сол кезде, елсізде, бетпақта, жылқы жайған кездерім болды. Сол уақыттарды мен өмірімнің ең бір адал, ең бір аяулы кезеңі ретінде, армандарымды аялаған, үміттерімді үкілеген, қиялымды ұштаған кезең ретінде жиі-жиі есіме аламын.

- Жылқы жануарының сіздің өміріңізде алар орны қандай?

- Енді мынау жылқы қазақ үшін ең бір аяулы, қасиетті жануарлардың бірі ғой. Жылқы - қазақтың қаны, жаны секілді жануар. Қазақтың қара өлеңінде, батырлар жырында, фольклорда, жалпы қазақ жүрген жерде жылқы жүреді. Жылқы малы - адамның жігерін, намысын қайрайтын, рухың оятатын жануар! Себебі қазақ баласы алты-жеті жасында-ақ тайға мінеді. Менің «Біргебайдың қызылы» деген поэмам бар. Соның аяғында:

Жүр бәйгеге, мені де қосты бүгін

Біргебайдың қызылын баптаған ел, - дейді.

Менің әкем де, аталарым да ат баптаумен шұғыданған. Жалпы біздің ел жылқы десе, бәйге десе ішкен асын жерге қоятын, өмірінің барлығын сол жылқымен өткізген ел ғой. Сондықтан мен атқа ерте міндім. Сол үшінші-төртінші сыныптардан бастап, бәйгелерге, кәдімгі аламан бәйгелерге шабандоз бала рет інде қатыстым. Мұның ең бір қызық жері - үлкен кісілер сені танып алады. Атыңды біледі, сосын жаңағы Созақта, болмаса Сарысуда үлкен бір той өтсе, атың бәйгеден озып келе жатса, «Жаңаарқа» деп ауылыңның атын айқайлап айтып өтесің...

- Қазір туып өскен жеріңіздің жағдайы қандай?

- Біз енді туған жердің, туған ауылымыздың сол бір қаймағы бұзылмаған кезін көріп қалдық қой. Сапырулы сары қымызын, қазысын, соғымын, есікке құлып салмаған кезін көрдік. Үлкен қариялардың, ақсақалдардың атқа мініп ел аралағандарын, жиындарын, жаныңды жадыратар әңгімелерін естіп, көңілімзге тоқып өстік.

Ал қазір ол жақ өкінішке қарай, шөлейтті аймаққа айналып кетті. Экологияға байланысты суы құрыды, шалғыны азайды, шөптердің түрлері жоғалды.

- Ғалым аға, сіз неше жасыңызда өлең жаза бастадыңыз?

- Жалпы мен өлеңді ертерек жаздым. Он бір жасымда алғашқы өлеңдерім жариялана бастады. Себебі, жақында мен өзімнің мұрағатымды қарап отырсам, 1972 жылы шыққан өлеңдерім бар екен. Аудандық газетте, республикалық газеттерде, «Қазақстан пионері» деген секілді республикалық газеттерде жарияланыпты. Ана туралы, ұстаз туралы өлеңдер. Ал «Жұлдыз» журналына алғаш рет 1975 жылы 11-ші санында жарияланды. Сол жылы біздің ауылда «Жұлдыздың» дөңгелек үстелі болды. Оған қазақтың киелі, керемет ақыны Жарасқан Әбдірашов та қатысқан еді. Аудандық газетте менің өлеңімді оқыған екен. Маңдайымнан сипады. Қазір ойлап отырсам, сол кезде 30-ға жетпеген жігіт кезі екен ғой. Жәкең сол біздің бригадамызға келіп, өлеңдерімді алып кетті. Артынша сол кездегі Жезқазған облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, қазақтың ғажайып ақыны Кәкімбек Салықов ағамыз, халық ақыны Нұрәсилә Барменбаевамен бірге Жезқазғанда «Ақындар жырлайды» деген айдармен шыққан жинаққа менің өлеңдерім де басылды. Енді міне содан бері елдің, халықтың көз алдында келе жатырмыз. 40 жыл болды.

- Өлеңдеріңіздің «Жұлдыз» журналына басылуы сізге қалай әсер етті?

- «Жұлдыз» деген журнал ол кезде таралымы 300 мыңға жуық, кез-келген шопанның қонышында жүретін, кейбір отбасылар екеуден жаздырып алатын басылым еді ғой. Сол алғашқы өлеңім жарияланғанда мен өз көзіме өзім сенбедім. Қазір мысалы біздің жастардың кітаптары жарияланып жатады. Бұлар енді бір бақытты ұрпақ! Негізі осы өтпелі кезеңде, өзім секілді өлең жазып жүрген қатарлас азаматтардың 20 жылы құры бекерге жоғалып кетті. Өйткені біз енді жас ақын болып алғашқы кітаптарымыз шыға бастаған кезде, өтпелі кезең басталып кетті, нарық заңы күшіне ене бастады. Жасымыз елуге жақындағанда ғана таныла бастадық. Кітаптарымыз да кейінірек шықты. Сондықтан біздің қатарымызға аса бір құрметпен қарау керек секілді. Әдебиетте бір жанкештілер ғана қалды ғой сол кезде.

- Нарық демекші, 30 жасыңызда қазақтың менеджмент, экономика, және болжау институтына түсіпсіз. Осындай бетбұрысты түсіндіре кетсеңіз. Жалпы мектепті бітірер кезде қандай арманыңыз болды?

- Мен Қарағанды университетінің филология факультетінде оқып, оны аяқтамай кеттім. Оның алдында жаңа айтып өттім, біраз жыл мал бақтым. Оның да белгілі себептері болды. Содан кейін аудандық газеттерде, облыстық басылымдарда жұмыс істеп жүрдім. Сол кезде Алматыда Жоғары партия мектебі деген оқу болды. Ол кезде оған елдің ең бір таңдаулы азаматтары түсетін. Жалпы менің айтарым, өткен күннің барлығына топырақ шаша беруге болмайды. Шығармашылық жол мен үшін - бір сәулелі, киелі жол, киелі ұғым. Осы бағытта мен Алматыға келуді армандадым. Алматы мен үшін арман қала болды. Алматы бір мен үшін емес, күллі қазақ баласының арманына бесік болған қала. Алматы - алаштың жүрегі секілді қала. Сондықтан алаштың аяулылары, арыстары, ардақтыларының барлығы осы Алматыны аялап өткен. Алматы олар үшін асыл мекен еді. Поэзияның Меккесі десе де болады.

Содан не керек, мен 1989 жылы Алматы Жоғары партия мектебіне оқуға келдім. Отыздан асқан шағым. Бала-шағаммен қопарылып, көшіп келдік. Ондағы менің басты ойым, арманым - бірінші кезекте Алматыға жету, осы жақта тұрақтау болды. Кеңес заманында мұнда келетін басқа жол да жоқ еді. Қызметке, тіркеуге ала қоймайтын. Сонымен мектепке түстік. Кейін партия құлады. Оның орнына Алматы менеджмент, экономика және болжау институты құрылды. Біз жаңа бағдарлама бойынша оқыдық. Сөйтіп Әлеуметтанушы мамандығын алып шықтым. Қысқасы, біз КИМЭП-тің алғашқы түлектеріміз. Кейін сыртқы істер министрлігінде істедім. Одан кейін түрлі басылымдарда, қазақ радиосында да еңбек еттім. Содан бері шығармашылық орындарда жұмыс істеп келе жатырмын.

- Ғалым аға, сіз өзіңіздің шын ақын екеніңізді неше жасыңызда сезе бастадыңыз? Пушкин айтпақшы, муза түске кіре бастайды дейді ғой...

- Мұқағали айналасынан ылғи сұрайтын екен: «Мен осы шын ақынмын ба?» - деп. Өле-өлгенше сұрап өткен. Енді мен шын ақын екенімді әлі де сезінбеуім мүмкін. Енді мынау тоқмейілсу басталған күні, шығармашылық адамның ғұмыры бітеді. Көзін қызартып алып, классиктің ролін ойнап жүретіндер болады. Сондай ағаларымыз, замандастарымыз бар. Шығармашылық адам үшін осының барлығы бекер. Барлығы кәдімгі жалған дүние секілді бекер дүние. Шығармашылық адамның өзіне ешқашанда көңілі толмауы керек деп санаймын.

Бір үлкен дүние жасадым десең де, әлі де жазылатын дүниелер көп секілді көрінеді. Иә, жұрт ақын деп мойындайды. Мен үшін сол ақын деген ұғым барлық атақтан да қымбат, тіпті патшаның тағына айырбастамайтын сондай бір аяулы ұғым. Кеңестер кезінде осы бір ақындар арақ ішіп, шашын өсіріп, елден ерекше болып жүруі керек секілді көрінетін. Мен үшін мұның барлығы роль ойнау сияқты. Шын ақын деген мына елдің ұғымында, әсіресе, қазақтың ұғымында бұл киелі дүние. Ақын аққу секілді әдемі болуы керек. Менің ұғымымдағы ақын әдемі болуы керек. Елдің сөзін сөйлеуі керек. Менің ұғымымдағы ақын - анау қазақтың қара өлеңі, менің ұғымымдағы ақын - анау Қазтуған, Доспамбеттер, Махамбет, Абайлар. Солардан бастап, күні кеше қасына ертіп, маңдайымыздан сипаған Тұмағаңдар мен Қадағаңдар. Олар -менің ұстаздарым.

- Сіз өз шығармаларыңызда қарапайым ғана мысалмен қоғамның үлкен түйіткілді мәселелерін керемет шеберлікпен бере алатын ақынсыз! Бұл тәсілді қай кезден бастап қолдана бастадыңыз?

- Енді поэзия, өлең жазу - бұл стихиялы дүние. Мынау батыстың ұлы ойшылының сөзі бар: «Мен «стиль» дегенді түсінбеймін», - деген. Ақын деген кірпіш қалаушы емес қой мысалы. Мына үйдің де, келесі үйдің де пешін сондай әдемі етіп салып беретін. Өлең - жан дүниедегі қопарылыс. Өлең келген кезде стиль туралы ойламайсың. Қазір кейбір адамдар ойлайды, ұйқасқанның барлығы өлең деп. Шөпте өлең, шөңге де өлең деген секілді. Өлеңнің ішінде көзге көрінбейтін, жүздеген, бәлкім мыңдаған элементтер бар. Оның ішінде ұйқаспен қатар, әуен, ырғақ, саз, музыка, үйлесім, гармония бар. Өлең әлеуметтік дүниеге келіп тіреле ме, басқа дүниеге келіп тіреле ме оны білмей де қалуың мүмкін. Бұл бір өте қызық дүние. Мысалы, 90-шы жылдары жұрттың барлығы бала-шағасын асырау үшін, арба сүйреп, базар жағалып кетті емес пе!? Пойызбен сапар шегетін болсаңыз, адамнан көрі жаңағы қасындағы тау-тау болып үйілген дүниесін көресің. Әсіресе қазақтың аналары ауыр күндерді бастан кешті. Сол жылдары жазылған менің «Қап арқалап бара жатыр қыз бала» деген өлеңім бар. Мынау Алматының «Арбат» деген көшесінде Көк базарға кетіп бара жатсам, жанымнан бір қыз өтіп бара жатыр. Біздің де жастау кезіміз. Ұзын бойлы қыз, қап арқалап алған. Аяғында ескі етік. Ал жанары мұңайған. Сол қыздың бейнесі көз алдымнан кетпей қойды. «Ол бәлки Азия аруы болар ма еді, Қазақ аруы болар ма еді» - деп қиялдадым. Көп ұзамай троллейбусқа мініп кеттім. Үйге жеткенше сол қызды ойлап бардым. Басқа нәрсе көз алдыма келер емес. Сонда мынадай өлең туды:

Бақ тілегін сарқып алған тойында,

Ақ білегін артып алған мойынға,

Қап арқалап бара жатыр бала қыз

Алматының Арбатының бойында.

Көшесі бұл қайыршының, мастың да

Нөпір адам ұқсайды екен тасқанға.

Қайысады, майысады нәзіктік

Ала тайдай ала қаптың астында.

Көңілдерге көктем сыйлар күй керек!

Кімге айтарсың, көріктіге тиме деп!

Көк базарға бара жатыр көркем қыз,

Көне күрте ескі етігін сүйрелеп.

Қалтырап гүл, қалады ма қырмызы?

Жарқырап бір жанады ма жұлдызы?

Қап арқалап бара жатыр көшеде,

Арыс туар алашымның бір қызы.

Ажары да ашық екен ақтаңдай,

Базарына жетсе деймін қақталмай,

Аузын бұзған қытай қаптың ішінде

Тағдырының бар салмағы жатқандай...

Мұқым қайғы, таяз бақыт, күз, қала

Сықырлайды аяз уақыт сыздана

Жан ғасырдың жүгін жеңіл етем деп

Қап арқалап бара жатыр қыз бала.

Міне, кейде осындай өлеңдер туады. Ол еріксіз туады. Сен оны өзің іздемейсің. Менің тағы «Жетім құлын» деген өлеңім бар:

Жетім құлын қаңғиды әр аулада

Жесір әйел жылайды түніменен - деген жолдары бар. Осының барлығы біздің өмірдің шындығы. Күнде көріп жүрген шындық. Бірде ауылда қаңғып жүрген жетім құлынды көрдім. Оны ана үйде қуып жібереді: «бәленшенің құлыны» деп, мына үйде қуып жібереді. Құлынның да иесі бар. Қарап отырғаны сол жетім құлын. Енді біздің қазақтың тағдырымен тағдырлас. Сайып келгенде адамзаттың тағдырымен тағдырлас дүние. Жалпы өмірде тақырып көп. Ол сені толғандырады, есіңді алады, мұңға батырады. Қабағыңды шытқызады, мәселен жаңағы қазақтың қызы туралы айттым. Қазақтың қызы - ол ұлттың аналары. Саин көшесінің бойында қыздардың тәнін саудалап тұрғаны - қасірет дүние! Ол қыз енді қоғамның бір тастандысы емес, менің қарындасым, сенің қарындасың. болмаса қызың. Болмаса қызыңның замандасы. Біздің болашағымыз, ертең қазақ деген ұлттың бесігін тербейтін ана. Оларға сондай көзқараспен қарау керек деп ойлаймын. Оған барып жаңағы қалпағыңды қисайтып киіп алып, саудаласқанша, қолыңнан келсе жұмыс тауып берсең, жақсы жолға салып жіберсең, бұл сауап іс. Мұндай дүниелер әрине адамның жанын ауыртатын дүниелер.

- Жалпы, ақын қоғамның құбылыстарына қаншалықты үн қосуы керек деп ойлайсыз?

- Енді ақын қоғамнан тыс адам емес қой. Мысалы гептил туралы көп өлеңдер жаздым. «Киік қашқан» деген поэмам бар. Сол гептилмен бірге қазақтың даласы уланады, ұрпағы азады. «Оның зияны үш мың жылға кетеді» - дейді ғалымдар. Енді бүгін жұртты алдарқатып, оның зияны қаншалықты жоқ дегенмен, шындықты айту керек. Шындық айтылмаса, ертең ұрпағымыз құбыжық болып тууы мүмкін. Гептил төгілген аймақтан жаңағы жанары жәутеңдеген киіктер, аңдар ауып кетті. Қаншасы қырылды. 20-30 жылдың ішінде шөптердің талай түрі азайды. Құдықтардан су қашты. Айдындардан толқын қашты. Мен сол кездері «Жылқы жөтелген жыл» деген мақала, «Киік қашқан» деген поэма жаздым. «Сарыарқа», «Протон құлаған жыл» деген өлең жаздым. Сонда жаңағы поэманың соңы былай бітеді:

Маңып, лағып көші кеткен, киік қашқан заман ақыр

Дала жатыр есі кеткен шала жансар бала жатыр.

Иен даламның еркесі мен ақын қалай сырласады?

Киік қашса өлкесінен

Айдынынан су қашады.

Жерге жасын төгеді аспан

Гептил басқан, уран басқан

Киік қашқан, неге қашқан

Судан қашқан, удан қашқан,

Әй заман-ай құлады ма?

Алты алаштың ақтаңгері.

Сыбырлайды құлағыма

Жеті атамның жатқан жері,

Ата жұрттың аспан елес

Шытырманға шыдап көрді

Киік қашқан дастан емес,

Киік қашқан сұрақ белгі

- Аға, сіз лирик ақынсыз. Жалпы қандай заман болмасын, ақынға ақын болып қалу қаншалықты қиын?

- Ақын болып туған соң, ақын болып өлу керек. Бәрібір ақын болып қалу керек. Жаңа мен тұстастарым туралы айттым. Мен өлең жазып жүрген құрдастарым анау Қасымхан, Әбубәкір Қайрановты, басқа құрдастарымды ерекше құрмет тұтамын. Біз ит жылы туғандармыз. Кешегі қилы кезеңдерде бізбен бірге шыққан ақындардың бірі өлең, поэзия орбитасынан жоғалып кетті. Сондықтан мұны алып жүру қиын. Өлең жазғаннан көрі сол шығармашылық ортада жүру қиын. Мынау Қадыр ағаның өлеңі бар:

Ақын деген тікенді түрпі түбіт

Сыйымсыздау келеді ортасына

Сондықтан ортаға сыю да оңай емес, сыймау да оңай емес. Мынау өлеңнің көшінде жүрген соң, мен қазақтың киесімен, рухымен бірге жүргендей сезінемін. Қазіргі кезде қуанғаннан көрі мұңаятын уақыттарым көбейіп кетті.

- Аға. мұңаю демекші. Қасымхан Бегіманов биыл әдеби жыл қорытындысында поэзия туралы баяндама жасады. Онда қазіргі қазақ ақындарының өлеңдерінде бір уайым сарыны байқалатындығын айтты. Бұған сіздің пікіріңіз.

- Кез келген өнер адамы, кез-келген суреткер мына өмірді көріп, сезінуі керек. Мәселен мектепті бітіріп, университеттің журналистика, филология немесе басқа факультетін тәмамдап, бір газетке, болмаса радиоға немесе телеарнада жұмыс істеп жүріп-ақ ақын болып жүру бір басқа. Ал шын ақын ел кезіп, ұлттың жанына терең үңіледі. Мен бүгінгі жас ақындардың ішінен бір ортақ кемшіліктерді байқаймын. Ол кемшілік олардың кінәсі емес. Олар мейірімді, пейілді жеткілікті көре алмай қалған ұрпақ. Сондықтан тақырыптары да ұқсас келеді. Мысалы біз ақ жаулықты аналарды, қымыз сапырған, есік ілмейтін үйлерді көрдік. Сондықтан мынау нарықтың ықпалы поэзияны басқа бағытқа алып кетпесе игі еді. Қазір ауылдың өзінде көршісіне көрші кірмейтін заман басталды.

Қазір тақырыбы да, мәні де бір-біріне ұқсайтын өлеңдер бар екені рас. Барлығы ғарышқа ұшады, аспан жаққа мұңаяды. Ал өлеңнің ішінде өз ақиқаты, шындығы, жүрек секілді соғып тұрған дүниесі болуы керек.

- Жас ақындар жөнінде айтып өттіңіз. Қазіргі кезде қазақ поэзиясы қандай деңгейде?

- Қазақ халқы - табиғатымен, болмысымен ақын халық. Бесік жырынан бастап, жоқтау жырына дейін өмірін өлеңмен өрген біздей халық жоқ шығар жер бетінде. Сондықтан қазақ поэзиясы - талантты поэзия. Жалпы қазақ табиғатынан ақын халық. Сондықтан поэзиясы да жоғары деңгейде. Қазақ барда, ұлт барда. тілі мен ділі барда поэзия қазақпен бірге өмір сүре береді.

- Енді «Қара орамал» жайында әңгімелесейікші! Осы «Орамалды» оқып отырып, оны сіз бір демде жазып шыққан сияқты көрінесіз. Бұл ауыр тақырыпқа қалай келдіңіз?

- Енді шын мәнінде солай. «Қара ормалды» жазуға маған төрт күн уақыт кетті. Ал бірақ мен оны өмір бойы жазып жүрген секілдімін. Мына ҚарЛагтың ондаған нысандары болғанын бала кезімізден еститінбіз. Лагерьдің аумағы Сарыарқаны, біздің ауданымызды қамтыған екен. Әсіресе Қарағанды лагерінің негізгі өткен жері қазіргі Қарағандының маңайы Шет және Жаңаарқа аудандары болып есептеледі. Сол жерлерді көп араладым. Сол туралы адамдардың әңгімелерін естідім. Мен «Қара орамалды» жазу барысында көп дүниелерді оқып шықтым. Солженициннің шығармаларына, Ғарлам Шаламовтың «Колыма әңгімелерін», осы бір адам қанын судай шашқан заманға байланысты, түрмеге, қорлыққа байланысты басқа да шығармаларды, естеліктерді оқыдым. Оның сыртында қазір Қарағандыдағы Болашақ университеті ҚарЛаг тақырыбын зерттеп, үлкен жоба жасап жатыр. Оның басы-қасында менің досым, ғалым, Қазақстан ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Нұрлан Дулатбеков деген азамат жүр. Мен онымен де әңгіпмелестім. Анау «Мамочкина» моласы секілді жерлерді араладым. Соңғы екі-үш жыл бойы шығарманың кілтін таппай толғанып жүрдім. Мен өзі өлеңді қызық жазамын. Үйде елдер шулап жатады, теледидар қойылады, балалар алысады дегендей. Өлең келген уақытта ештеңеге қарамай жазып тастай саламын. Бала кезімізде, көп балалы үйде өскен соң анау-мынау шуылдарға мән бермеймін. Ал осы өлеңді жазғанда жаным желініп кетті. Сосын үйдегі адамдардың барлығын уақытша басқа жаққа жіберіп, үйде жалғыз өзім қалып, 4-5 күннің ішінде осы «Қара орамалға» нүкте қойдым.

- Маған қатты әсер еткені жаңағы Гертруданың құрт жайында айтқаны болды...

- Жалпы мына Қарағанды лагерлеріне қатысты мұражайларға барып, архивтерін ақтарсаң, сол тұтқындардың дені біздің қазақты меймандос, жомарт сондай бір аңқау, ағынан жарылған халық деп қарағандарына куә боласың. Олар ризалықтарын айтады. Сол дүниелерді оқып, қазақ болып туғаныңа қуанасың. Қарағанды лагерлерінен бір жарым миллионға жуық адам өткен. Қандары судай шашылған. Олардың ішінде неше түрлі ұлттың өкілдері болды. Қазақ жұрты адамзат баласына кәдімгі өзінің жүрегін, нанын-тұзын ұсынған. Жалбыр-жалбыр киіммен, арып-ашып жүрсе де көмек қолын соза білген. Жанында ізгілік бар халықпыз ғой. Анау Гертруданың естелігін оқыған кезде мен сол өлеңді жылап отырып жаздым.

- Ғалым аға, сіздің ұғымыңызда еркек пен әйелдің асыл қасиеттері неде?

- Еркек пен әйелдің асыл қасиеттері, бұл адалдық деп ойлаймын. Жалпы мына адамға тән жақсы қасиеттердің барлығы адамда болуы керек. Бір адамға жақсылық жасаған күндерінде адам бір рахатқа батып қайтады ғой. Мен сондай ұғымдағы адаммын. Адамға жақсылық жасай білу керек.

- Поэзия сіз үшін қандай әлем?

- Поэзия - бұл өмір. Поэзия - ақ пен қарадан, бақ пен сордан жаратылған дүние. Өлеңдері, болмаса поэмалары жұрттың аузында жүрген ақындарды бір жерге барса жұрт қошаметпен қарсы алады. Соның аузына қарап отырады. Бұл ақынның бақытты сәттері шығар бәлкім. Ал жалпы өлең деген адамның жанын жейтін, жүрегін жылататын дүние. Сондықтан мұның да кәдімгі өмір секілді жаңағы бір түнеріп тұратын, жарқырап тұратын кездері болады. Ақын ретінде сол әлемнің ішінде кіріп кеткен кездеріңде өзіңді бақытты сезінесің. Өлең жазып жатқан кезде жақсы өлең туса, сен бір ешкімге, тіпті патшаға сәлем бермейтіндей күй кешіп, өзіңді бір ұлы адам ретінде сезінесің. Ал қалған уақыттарда қарапайым ғана пендесің.

- Қазір қандай дүниелер жазып жатырсыз?

- Енді жар салатындай дүниелер емес, биыл үш томдық кітабым жарық көреді. Қазір де өлеңдер жазып жүрмін. Бір үлкен дүниелерге дайындалып жүрген жайым бар. Бұрын ол бір рет жазылған дүние болатын. «Алапестер ауылы» деп аталады. Ол осы қоғам туралы. Өмір туралы болады. Ол жаңағы біз айтып отырған адамның бойындағы қасиеттер туралы болады. Енді оның барлығы ішкі дүние. Қазір оны өзім де айтып беруге дайын емеспін.

- Аға, бүгінгі жас ақындарға айтар тілегіңіз.

- Енді ақын деген осы елдің бір бөлшегі. Ақын елдің азаматы болуы керек! Ақын сол елмен бірге жаратылуы керек. Ақын сол елмен бірге тыныстануы керек. Өзін «елден бөлекпін, одан артықпын» - деп ойласа, ол ақын сол күні өледі. Ақын ретінде өледі. Қазақтың киелі қасиеттері бар, киелі аталары, аналары бар. Олар әдебиетті сенен артық білуі мүмкін. Олар сенің қасиетіңді, артық-кемшілігіңді тап басып біліп отырады. Сондықтан кез-келген ақын мына елінің, жұртының перзенті болып өмір сүре алса, ол бақытты!

- Ғалым аға, сұхбатыңызға рахмет!