«Біз Олжас Омарұлымен студенттік кезеңнен бастап доспыз. Мен онымен өткен ғасырдың 70-жылдары Балтық жағалауында танысқан едім. Біз тек дос қана емеспіз әрі бірге жұмыс істейміз. Әр жылы Олжастың туған күні Қазақстанға келу - біз үшін дәстүрге айналды», - деді ресейлік жазушы Вера Афанасьева.
Оның айтуынша, бүгін бір топ ресейлік ақын-жазушылар Олжас Сүлейменовтің туған күніне орай оған «22 данышпан» деп аталатын кітап алып келіпті. Кітап Нью-Йорк қаласында басылып шыққан. Оның авторлары - әлемнің түкпір-түкпірінде өмір сүретін 22 атақты тұлға. Солардың бірі - Олжас Сүлейменов.
«Бұл - баға жетпейтін құнды кітап. Онда жер бетінде бейбітшілікті қалай сақтау керектігі, соғысты болдырмау жолдары жан-жақты жазылған. Олжас әрі ақын әрі философ әрі данагөй ретінде адамзаттың бұдан әрі қарай қалай өмір сүруі керектігі жайында 18 бетке өз ойларын жазды», - деді В. Афанасьева.