Ақжайық ауданында екі тонна шөбімен автокөлік отқа оранды

ОРАЛ. 23 тамыз. ҚазАқпарат - 22 тамыз күні Ақжайық ауданы Қарауылтөбе ауылының тұрғыны Хасан Қайыр өзінің «ГАЗ-53» маркалы автомашинасымен Ақмұқан қыстағына қарай жүріп келе жатқанда, мотор бөлігінен шыққан оттан тиелген екі тонна шөбімен қоса көлік жанып кетті.

Аталмыш «ГАЗ-53» автокөлігі 1988 жылы шығарылған. Оның өртену себебі электр жүйесіндегі техникалық ақаудан делініп отыр.

Жалпы, биыл Ақжайық ауданында адамдарды шығынға ұшыратқан өрт жиі тіркелуде. Мәселен, биылғы тамыз айының өзінде Мерген ауылдық округіндегі «Аңсаған» шаруа қожалығында 16 бұзау жанып кетсе, Жаңабұлақ ауылында бір тұрғынның қора-қопсысы 9 тонна шөбімен бірге отқа оранды. Одан кейін Тайпақ ауылында дәл осындай өрттен тағы үш бас бұзау шығын болды. Ал 16 тамыз күні Қабыршақты ауылдық округіндегі «МТВ-Ноғай» шаруа қожалығында 80 бас қой «тілсіз жаудың» құрбанына айналды.