Біріншіліктің екінші айналымында жеңістің дәмін тата алмай, сәтсіз өнер көрсетіп келе жатқан «Ақжайық» ойын тізгінін бірден қолға алуға ұмтылды. Бірақ «Шахтер» де қарап қалған жоқ. Алаң иелерінің қақпашысы, Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Антон Цирин болмағанда, есеп бірінші таймда-ақ ашылатын еді. А.Цирин 40-минутта Жамбыл Көкеевтің 11 метрлік айып добын да қайтара білді. Алайда 70-минутта Жамбыл жеңіс добын соғып, өз командасын алға шығарды. Бұл турдан кейін 44 ұпай жинаған «Шахтер» чемпионатта жекедара көш бастады.
«Ақжайық» (28 ұпай) бұрынғысынша сегізінші орыннан көтерілер емес. Тіпті 27 ұпай жинаған Қызылорданың «Қайсары» өкшелеп жетіп қалды. Батысқазақстандықтардың алдағы ойындары да оңайға түспейді. 23 қыркүйекте олар Алматыда «Қайратпен» күш сынасады. Бірінші айналымда «Ақжайық» алматылықтардан өз алаңында 1:2 есебімен ұтылып, сан соғып қалған болатын. Содан кейін 26 қыркүйекте Ақтөбеде 18-турдың «Ақтөбе» мен «Ақжайықтың» арасындағы кейінге қалдырылған ойыны өткізіледі. Жүлделі орындардан үміткер ақтөбеліктердің оралдықтарда «есесі» бар. Бірінші айналымда олар Оралда 0:1 есебімен жеңілген болатын.