ОРАЛ. 14 ақпан. ҚазАқпарат - Ақжайық ауданында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, жыр жинақтарының авторы, ұстаз Мәлік Берді Әлінің 50 жасқа толуына орай «Ұлымын ұлы өлкенің» атты шығармашылық кеші өтті.
Белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы БҚО бөлімшесінің төрайымы Ақұштап Бақтыгерееваның атап өткеніндей, Мәлік - ұстаздықпен қатар журналистік, ақындық қабілеті ертерек танылған жан. «Қос ғасырдағы бір ғұмыр», «Айналайын», «Жүрек сөзі» кітаптары - қалың оқырманның қалауынан шыққан, айтар ойын әріден сездіретін құнды дүниелер. Алыс ауылда туып, үлгілі ұстаздық жолымен қаламгер атану екінің бірінің маңдайына жазылмаған бақ. Ол осы бағытта ерекше бедел мен парасаттылық танытты. Жүрегін жырға орап, ақындық әлемінде бір көрінсе, ұстаздық жолы да талай ұрпақтың өнегесіне өріс жасады.
Мерейтой иесін аудан әкімі Нариман Төреғалиев құттықтап, алғысхат пен ескерткіш сыйлық табыс етті. Сондай-ақ М.Берді Әлінің ұстазы, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Серікқали Шарабасов, ғалымдар Абат Қыдыршаев, Мұрат Сабыр және басқалар ізгі тілектерін арнады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).