Ақжайықта жаңа жұмыс орындары ашылатын болады

ОРАЛ. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - БҚО-ның Ақжайық ауданында жаңа жұмыс орындары ашылатын болады.

Аудан әкімінің орынбасары Меңзипа Жұматованың ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, ауданда денсаулық сақтау, білім, мәдениет нысандарын, су құбыры, кәріз жүйелерін жөндеу жұмыстары атқарылмақ. Жаңа жұмыс орындары ашылатын 26 нысан анықталды. Бұл мақсатқа 779,8 млн. теңге бөлініп отыр. Қызметкерлердің еңбек құқығын қорғау бағытында аудан әкімдігі үш меморандумға қол қойды. 69 кәсіпорын, ұйыммен ұжымдық келісім-шарт жасалды. Дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында әлеуметтік жұмыс орындары да ашылуда. Мұнда еңбекақының бір бөлігі жұмыс беруші, екінші бөлігі әлеметтік қорғау органдары арқылы жергілікті бюджеттен төленеді. Осындай жолмен 86 адам орналасса, жыл аяғына дейін 45-і тағы қамтылмақ. Сондай-ақ жұмыс жәрмеңкелері арқылы 38 адам орнын тапса, 42-сі - әлеуметтік, 6-уы маусымдық жұмысқа жіберілді. Аудан аумағында калий тұзы мен борат өндірумен айналысатын «Сатбор» ЖШС-ға үлкен үміт артылып отыр. Әзірге кеніште 42 адам жұмыс істеуде. Қазіргідей қиын жағдайға қарамастан аталмыш кәсіпорын аудан түлектеріне ЖОО-да оқуға 10 грант бөлді.