ОРАЛ. 8 қазан. ҚазАқпарат - Қазақтың ақиық ақыны Жұбан Молдағалиевтің туған күніне орай Ақжайық ауданы Жұбан ауылында ақындар айтысы болып өтті.
Оған барлығы сегіз жас ақын қатысып, жүлделерді сарапқа салды. Алматы қаласынан Айбек Бестенқұлов осы сайысқа арнайы келсе, облыстан республикалық айтыстарда бәйге алып жүрген Талғат Мықи, Айнабек Бисенғалиевтер ортаға шықты. Жас айтыскерлер ел тәуелсіздігі жолында ақиқатты айта білген Жұбан ақынды тебірене жырлады.
Айтыс қорытындысында алматылық Айбек Бестенқұлов бірінші орынға көтерілсе, ақжайықтық Айжан Дәулетова мен Әсет Бисенғалиев екінші-үшінші жүлдені бөлісті. Басқа да қатысушылар ақын Сағынғали Сейітов, «Өлеңті» кеңшарын отыз жылдай басқарған Тәтібай Сұлтанғалиев, Ақжайық ауданында алты жыл әкім болған Абай Иманғалиев, ұстаз-сазгер Жасталап Қуанғалиев атындағы жүлделерге ие болды.
Жұбан Молдағалиевтің туған күніне орай арнайы шара Орал қаласында да ұйымдастырылды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).