ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Ақжайық ауданында Ұлы Отан соғысының сегіз қатысушысына Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңажылдық құттықтау хаты мен сыйлықтары тапсырылды.
Аудан әкімі Нариман Төреғалиев Чапаевтағы майдангерлер Қасен Қоспаев, Иван мен Александр Акутиндер және Қаматай Сарбөпеевтың үйлеріне барып, аталған хат пен сыйлықтарды тапсырды. Қариялар бір жасап қалды. Олар Отанымыздағы тыныштықтың баянды болып, одан әрі нығаюы үшін не қажеттің бәрін жасап отырған мемлекетіміздің басшысы атына игі лебіздерін айтты.
«Елбасымыз, халқымыз аман болсын. Қанқұйлы соғыс көргендіктен, біз тыныштықтың қадірін жақсы білеміз. Оған жететін ештеңе жоқ. Осыны жас ұрпақтың құлағына құйып келемін», деді Қ.Сарбөпеев.
Осы күні Жаңабұлақ ауылындағы «Әулет» мейрамханасында аудан басшылығы атынан мерекелік дастархан жайылды. «Жамиға» шаруа қожалығы демеушілік жасаған шараға майдангерлер, тыл еңбеккерлері, ардагерлер, барлығы 35 адам келді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).