ОРАЛ. Қазанның 1-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО-ның Ақжайық ауданындағы «Мерей» мәдени-демалыс үйірмесінің жетекшісі Сұңғат Жанаев Ақтөбе облысында өткізілген Нұрпейіс Байғаниннің 150 жылдығына арналған «Арқалы ақын жырласын» атты ІІ республикалық жыршы-жыраулар сайысынан олжалы оралды.
Аталмыш додада батысқазақстандық жыршы Айса Байтабынов атындағы жүлдемен, ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.
Белгілі жыршы Көшерғали Макаровтың шәкірті С.Жанаев бұдан бұрын Марабай Құлжабайұлының 165 жылдығына арналған республикалық байқауда бас жүлдені жеңіп алса, «Таза мінсіз асыл тас» атты республикалық байқауда дипломант, Қобыланды батыр тойында жүлдегер атанған еді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).