ОРАЛ. 18 наурыз. ҚазАқпарат - Футболдан Қазақстан чемпионаты премьер-лигасының кезекті маусымын табысты бастаған «Ақжайық» командасының қақпашысы Стас Покатилов Қазақстан жастар құрамасына шақырылды.
«Ақжайық» футбол клубынан түскен мәліметке қарағанда, аға бапкер Сергей Боровский жаттықтыратын 21 жасқа дейінгі ел құрамасы Еуропа чемпионатына іріктеу матчтарына дайындық аясында 26 наурызға дейін Түркияның Сиде қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізеді.
Стас Покатилов - Орал футболының түлегі. 1992 жылы дүниеге келген оған биыл қақпа кілті сеніп тапсырылып отыр. Жас қақпашы биылғы маусымның «Шахтермен» және «Таразбен» өткен алғашқы ойындарында сәтті ойнап, әлденеше рет қақпасын аман алып қалды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).