Альянс банктің қарыздарын қайта құрылымдау шешімін сарапшылар қажетті шара ретінде бағалауда

АСТАНА. Сәуірдің 20-сы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Әлемдік қаржы институттарының 70 пайызға жуығы сыртқы қарыздарын жаңадан құрылымдауды бастады.

«Альянс банк» әлемдік дағдарыс және тұрақсыздық жағдайында қарыздарды қайта құрылымдау қажеттігін түсінген Қазақстандағы алғашқы банк. Бұл қадамды мамандар дұрыс шешім ретінде қабылдап, сыртқы қарыздар қоржынын қайтадан қарауды, сол арқылы ішкі нарыққа басымдық беруді банктер үшін аса қажет шара ретінде бағалап отыр, - деп хабарлайды ҚазАқпарат. Еске сала кетейік, Альянс банкі өткен аптада сыртқы қарыздарды қайта құрылымдап, 2005-2008 жылдар арасында жасасқан шарттарды қайта қарау турасында шешім қабылдаған болатын. Инвесторлармен болған келісімдер АҚШ-тың қазынашылығының құны 1,1 млрд доллар болатын облигацияларымен кепілдендірілген. Банк бүгінде өзінің мүмкін болар шығындарын және қаржылық есептілігін бағамдауда. Бұл өз кезегінде банктің қайтадан каржыландырылуын қажет етуі ықтимал. Сондықтан, банк қалыптасып отырған жағдайды саралай келе, қарыздарды өтеуді тоқтата тұру шешімін қабылдады. Ал «Алянс банкінің» несие берешегінің міндеттемелері наурыздың 19-ында аяқталған болатын. Банктің баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде бұл шешім салымшылар мен клиенттер алдындағы жауапкершілік пен міндеттерді орындау үшін, сондай-ақ операциялық қызметтерді толық көлемде атқару қабілетін жоғалтпау үшін жасалған лажсыз амал болғаны айтылған. Сәуірдің 16-сы күні Алматыда тәуекел-менеджменті тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында «Еуразиялық банк» АҚ басқарма төрағасы Жомарт Ертаев, банктің бұл қадамын қазіргі ахуалдағы ең оңтайлы шешімі болып табылатындығын атап көрсетті. «Банктерде «уытты» активтер жинақталып қалды. Олардың қалыпқа келуіне уақыт қажет. Банк қайта құрылымдау арқылы жоғарыдағы проблеманы орнықтыруға септесе алады. Мен сыртқы инвесторлар «Альянс банк» ұсыныстарын қабыл алатынына сенемін», - деді Ж.Ертаев.