Ала Тооның бұлбұлы Алашқа жат емес

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада қырғыздың көрнекті ақыны әрі жыршысы Тоқтағұл Сатылғановтың 150 жылдық мерейтойына арналған «Ала Тоо булбулу» атты халықаралық конференция болып өтті.

Бұл туралы Түркі академиясының баспасөз қызметінен хабарлады.

Түркі академиясының ұйымдастыруымен жүзеге асқан шараға Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат және туризм министрі Кәмила Талиева мен екі елдің қоғам қайраткерлері, зиялылары мен өнер майталмандары қатысты. Конференцияны ашып, жүргізіп отырған Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі «Түркі академиясының басты мақсаттарының бірі - түркі әлеміне ортақ тұлғаларды түгендеу, еңбектерін жинақтау, соңғы буынға етене таныту» екеніне тоқталды. Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат және туризм министрі Кәмила Талиева Тоқтағұл туралы тұщымды баяндама жасады. Министр сөзін «қазақ-қырғыз зиялы қауымы мен мәдениет өкілдерінің барыс-келісін, байланысын барынша жандандыру керек», - деп түйіндеді. Бұдан соң Қырғызстан тарапынан профессор Мағира Амердинова, Қырғыз халық әртісі Саламат Садықова мен Қырғыз Республикасына еңбек сіңірген мәдениет қайраткері әрі Тоқтағұл Сатылғанов атындағы қор басшысының орынбасары Анаш Қадырова сынды белгілі қырғыз ғалымдары мен өнер майталмандары Тоқтағұл Сатылғанов әлемін барынша ашып берді. Алатау бұлбұлының сан қырына тоқталып, қазақша еркін ән шырқағанын, өзбек ақындарымен айтыс құрғанын және татаршаға да судай екенін баяндады. Өз кезегінде Анаш Қадырова қырғыз-қазақтың тонның ішкі бауындай болып ұйысуы үшін мұндай шараның ерекше екеніне тоқталды. Тоқтағұл Сатылғановтың 150 жылдық мерейтойына арнап Түркі академиясының халықаралық деңгейде конференция өткізуіне алғысын білдірді. «Бұның бәрі, Түркі әлемінің көшбасшысы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының жемісі»,- деген Анаш Қадырова «Орта Азия көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлына» арнаған жаңа жырын тебірене оқып берді. Қазақстан тарапынан Әділ Ахметов, Бауыржан Омарұлы, Несіпбек Айтұлы, Сейіт Қасқабасов, Өтеген Оралбайұлы мен Ғарифолла Есім сынды белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері салиқалы баяндама жасап, өз пікірлерін білдірді. Тоқтағұл Сатылғановтың 150 жылдық мерейтойына арналған арнайы медаль белгілі әдебиеттанушы Бауыржан Омарұлының өңіріне тағылды. Арасында Түркі академиясы жанынан құрылған «Қорқыт» ансамблі мерейтойға шашу ретінде қазақ күйлерін асқақтатып, Тоқтағұлдың әсем күйлерімен әдемі түйіндеді. Жиын соңында арнайы қарар қабылданды.

Еске сала кетсек, былтыр Түркітілдес елдердің мәдениет министрлері тұрақты кеңесінің 31-ші отырысында 2014-ші жылды «Тоқтағұл Сатылғанов» жылы деп жариялаған болатын. Қырғыз поэзиясы көрнекті өкілінің мерейтойы ТҮРКСОЙ-дың мұрындық болуымен наурыз айында Анкарада басталып, «Тоқтағұл Сатылғанов жылы» салтанатты түрде ашылды. Содан бері аталған ұйымға мүше елдерде қырғыз ақынына арналған конференциялар, түрлі жиындар мен мәдени іс-шаралар өткізіліп келеді. Мақсат - түркі әдебиеті үшін ортақ тұлғаның мерейтойын атап өту арқылы түркі әлеміне етене таныту, соңында қалған мұрасын жас буынға насихаттау.

Анықтама: Тоқтағұл Сатылғанов (1864-1933 жж) қырғыздың ұлы ақыны, ойшылы әрі комызчысы. Жастай жоқшылықтың зардабын тартып, өмірі қиындыққа толы болды. Қаршадайынан ел аузына ілінеді. Тоқтағұлдың 13 жасынан-ақ жырлары ауыл - аймаққа тарала бастаған. 1917 жылғы Октябрь төңкерісіне дейінгі жазылған жырларына теңсіздік пен әділетсіздік мәселелері арқау болған. 1898 жылы патшалық Ресей тұсында Әндіжан көтерілісіне қатысты деген желеумен өлім жазасына кесіледі. Кейін жазасы жеңілдетіліп, Сібірге 7 жылға сүргінге айдалады. 1903 жылы түрмеден қашып шығып, еліне аман-есен оралады. Сол тұстары «Энсеген элим аманбы?», «Апакем аман барсыңбы?», «Туткундан келгенде» атты тұтас жырлар циклін жазады. «Маш Ботой», «Кыз кербез», «Чон кербез» және «Миң кыял» сынды өзге де белгілі күйлер шығарып, шәкірт тәрбиелеп, өз мектебін қалыптастырады. Қырғыз айтыс өнерінің де шебері саналатын Тоқтағұл Сатылғанов қазақтың дүлдүл ақын һәм жыршысы Жамбыл Жабаевпен жақын дос болған.