Бұл туралы бүгін журналистерге Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қазақтың біртуар азаматының құрметіне арналған «Қайраткер Смағұл Садуақасұлы және Қазақстан отаншылдығы: елдік мұрат пен жауапкершілік» атты республикалық ғылыми- тәжірибелік конференция кезінде мәлім етілді.
ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы аясында өткізіліп отырған шараны Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, «Алаш» мәдениет және рухани даму институты, Қазақстан тарихшылар қауымдастығы ұйымдастырды. Жиынға ҚР Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары қатысты.
Қазақстан қайраткері С.Садуақасұлының өртенген сүйегінің күлі осыдан 77 жыл бұрын Мәскеудегі "Дон зираты" ("Донское кладбище") бас ғимаратының қабырғасына арнайы ыдысқа салынған күйінде қойылып, осы күнге дейін мұсылманша жерленбеген. Асыл азамат 33 жыл ғана ғұмыр сүріп, 1933 жылы Мәскеу-Донбасс темір жол құрылысындағы апатта қайтыс болды.
1925-1927 жылдары Қазақстан Халық ағарту комиссариатын (министрлігін) басқарған мемлекет және қоғам қайраткері С.Садуақасовтың туғанына биыл 110 жыл, қайтқанына 77 жыл толып отыр. 2010 жылдың соңына таман белгілі мемлекет қайраткері Смағұл Садуақасұлы денесінің жат жерде жатқан күлін Отанына жеткізу және мұсылман ғұрпымен жерлеу мәселесі көтерілді.
«Негізгі мәселелер шешіліп қойған. Тек ұйымдастырудың қажет болып тұрғаны. Ресейге шығып, ондағы істі тиісті түрде аяғына дейін жеткізу керек. Егер мемлекет және Астана басшылығы барлық шараларды атқарып бітірсе, меніңше ол кісінің күлі қаңтар-ақпан айларында елордаға жеткізіледі»,-дейді саясаткер Сабыр Қасымов.
20 жасында - ұлт жастарының көшбасшысы, 25 жасында білім мен мәдениетті үйлестірген Ағарту министрі болған Смағұл Садуақасұлының атқарған қызметі мен тындырған ісі қазақ қайраткерлігінің эталоны іспетті. Ол қазақ жастарының тұңғыш ұйымы «Бірлік» (1916-1918) пен «Жас азаматта» (1918-1919), Ақмола облыстық Алашорда комитетінде (1917-1920), Сібір төңкеріс комитетінде (1920), Кеңестік Күншығыс ұлттары жастарының орталық бюросында (1920), Қазақ автономиялық республикасының Жастар одағында (1920), Қазақ ОАК төралқасында (1920-1921), Бүкілресейлік ОАК-інде (1920-1921), Семей губернелік төңкеріс комитетінде (1921), Қазақ ОАК Түркістан автономиялық республикасы өкілдігінде (1921), Қазақ автономиялық республикасы Жоспарлау комиссиясында (1923-1924), Халық ағарту комиссариатында (1925-1927), Қазақ педагогика институтында (1927-1928) жауапты да жетекші қызмет атқарды.
Жастайынан саясаттың өтінде жүріп, ұлт мүддесі үшін күресті. Қызметте жүріп-ақ ол «Жас азамат», «Еңбекшіл жастар», «Кедей сөзі», «Еңбек туы», «Өртең» газеттері мен «Балапан», «Трудовая Сибирь», «Жас қазақ» журналдарында қосымша қызмет атқарып (кейбірін уақытша басқарып), 1924-1925 жылдары «Қызыл Қазақстан» (бүгінгі «Ақиқат») журналына, 1925-1926 жылдары «Еңбекші қазақ» (бүгінгі «Егемен Қазақстан») газетіне редактор болды.