«Алаш әскеріне қатысты тың дерек табылды» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 10 желтоқсан, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Досановтың мақаласы жарияланды. «Түнді қуған күндіздей шуақты сөз, ұлылықпен егіздей қуатты ой» атты мақалада жазушы ҚР Президентінің xалыққа Жолдауына қатысты өз ой-толғамдарымен бөліседі.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жол­да­уын­да елі­міздің алдына дағдарысқа қарсы және құрылымдық жа­ңарулардың бес бағыты бойынша жүзеге асыратын міндеттер қойып, оны шешудің жол­да­рын да көрегендікпен көр­сетіп берді. Бірінші. Қаржы секторын тұрақ­тандыру. Екінші. Бюжет саясатын оңтайландыру. Үшінші. Жекешелендіру және экономикалық бәсекелестікті ынталандыру. Төртінші. Жаңа инвестициялық саясаттың негіз­дері. Бесінші. Жаңа әлеу­меттік саясат. Бұлардың бәрі де еліміз үшін ауадай қажет. Ең маңыздысы, Елбасы осы бес бағытта қалай жұмыс істеу керектігі мен оны шешудің тиімді жолдарын тайға басқан таңбадай айқындап, анық айтып бер­ді», - дейді жазушы.

« Инвестициялық ахуал әлі де жақсарады » атты мақалада «Егемен Қазақстан» басылымы елдегі тікелей шетел инвестициялары нарығындағы мәселелерді көтерген.

«Орталық коммуникациялар қызметінде болған баспасөз мәслихатында «KAZNEX INVEST» АҚ басқарма төрағасы Борисбий Жангоразов еліміздің инвестициялық тартымдылығы әлі де жақсара түсетінін айтып, саладағы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде әңгімеледі», - делінген мақалада.

Мемлекет басшысының тап­сыр­масына орай, елімізге инвес­торлардың еркін келуі үшін барлық жағдай қарастырылып жатқанына тоқталған басқарма төрағасы, қазіргі күнде Қазақ­станда 140-тан астам инвес­тор өз ісін иіріп, кәсібін дөң­гелетіп отырғанын айтты.

«Бәрі­ңізге мәлім, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде индустриялық-ин­новациялық даму ­бағ­дарла­ма­сы жүзеге асырылуда. Шетелдерден тікелей инвестициялар тарту осы бағдарламаның басым бағыттарының бірі. Бүгінгі әлем­де қалыптасқан күрделі жағ­дайдан бәріміздің хабары­мыз бар. Осыған қарамай, біздің еліміз шетелдерден инвестиция­лар тартуды аялдатпау мақсатында инвестициялық ахуалды жақсартуды әлі де жалғас­тыра бермек. Қазіргі уа­қытта Қазақстанда 140-тан астам инвестор жұмысын жүргізіп отыр. Олар жалпы сомасы 6 млрд. дол­лар­ды құрайтын 150-ден ас­там жобаны жүзеге асырды, со­ның нәтижесінде 20 мың­нан астам жұмыс орны құрылған. Дәл бүгінгі күнде де индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының шеңбе­рінде шетелдік инвесторларды тарту ісі қызу жүріп жатыр», дедi ол.

***

«Айқын» газетінің бейсенбідегі санында «Әкімдер елмен етене араласуы тиіс» атты мақала оқырман назарына ұсынылды. Басылымның атап көрсетуінше, Астанада Ұлттық музейде Президент Жолдауын ақпараттық және сараптамалық сүйемелдеуді ұйымдастыру мәселелері бойынша өткен республикалық кеңесте ҚР Премьер-министрінің орынбасары Дариға Назарбаева Президент Жолдауын жүзеге асыру үшін Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар тың серпіліске көшу керектігін xабарлаған.

Д. Назарбаеваның айтуынша, ол үшін билік өкілдерінен алдымен халықпен қарым-қатынасты ешбір кедергісіз, ашық әрі шынайы түрде жүргізу талап етіледі. Өз кезегінде шенеуніктер елмен етене араласып, Үкіметтің атқарып жатқан шаруасын түсіндіруі қажет.

- Кеше Үкімет Елбасының ха­лық­қа арнаған Жолдауын жүзеге асырудың Жалпыұлт­тық жоспарын қабылдады, - деді Дариға Нұрсұлтан­қызы. - Жоспарда Жолдаудағы бес бағытқа айрықша басымдық беріліп отыр. Біріншіден, Үкімет пен Ұлттық банк дағ­дарысқа қарсы жоспарды іске асыру керек. Бұл 2016-2018 жылдарға арналған эко­но­миканы тұрақтандырудың басты тетігіне ай­налады. Ендігіде оның жеке жоспары да дайын болып қалды. Де­генмен ең бастысы, мемлекеттік ор­гандар Үкі­меттің қолға алған шараларынан халықты кеңі­нен хабардар етуі тиіс.

Әсіресе, аймақтық әкімдер тұр­ғындарға түсінікті тілде насихаттағаны абзал. Әкімдіктер айналасына қара­пайым адамның көзқарасымен қарау­ға міндетті. Қатардағы ел тұрғындары дүкендер мен емханаларды, мектептер мен автобустарға күн сайын шынайы өмірмен бетпе-бет келеді. Оларды қо­ғамдағы кемшіліктер әркезде де алаң­датады. Сондықтан да оларға ең алды­мен экономикалық көрсеткіштер емес, басшылардың адами қарым-қа­тынасы, мәселесіне назар аударуы маңызды. Әкімдер халықтың күнде­лікті тұрмыстық түйткілін шешуге қол ұшын созса, олар биліктің дағда­рысқа қарсы жұмыс істеп жатқан­ды­ғын түсінеді.

***

Зерттеуші, тарихшы Берік Әбдіғалиұлы Алаш әскеріне қатысты бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған тың деректерді көпшілік назарына ұсынды, деп жазады « Айқын » газеті бүгінгі басылымында. Ол еліміз­де Алаш әскеріне қатысты арнайы мақа­лалар жазылып, бірлі-жарым­ды зерттеулер қолға алынғанымен кешенді әрі түбе­гейлі ғылыми зерт­теу жұмыстары жүргізілмегенін тілге тиек ете келіп, Алаш әскеріне қатыс­ты деректерді іздестіруге мемлекет­тің қолдауынсыз кірісіп кеткенін жет­кізді. Оның айтуынша, Ресей мұра­ғат­тарынан осыған дейін еш жерде жарық көрмеген тарихи құжаттар мен фотосурет­тер және бейнематериалдар табыл­ған.

- Біздің тарихымызда ақтаң­дақ­тар көп. Алаш, Алашорда тари­хын­да да ашылмаған, зерт­телмеген тақы­рыптар жетерлік. Соның бірі - Алаш әскері. Өз­деріңіз біле­тін­дей, Алаш немесе Алашорда әскері бастапқыда «халық милициясы», «халық әс­кері», «Алаш әскері», «қа­зақ пол­кі» сынды әртүрлі атаулармен аталды. Бастапқы қолда­ныс­тағы «милиция» сөзінің аста­рында елдің тыныштығы мен қау­іп­сіз­дігін қорғайтын әскер ұғы­мы жатқаны анық. Бұған дейін Алаш әскерінің іс-қимылдарын 1917-1919 жыл­­дар аралығында жариялан­ған ма­­териал­дар мен солардың не­гі­зін­­де жазылған зерттеулер бо­йын­ша саралайтынбыз. Енді бұл тақы­рып нақты деректермен толығып отыр, - деді тарихшы.

Б.Әбдіғалиұлының сөзінше, Алаш әскері өте қиын заманда құ­рыл­ған.

- Ғылыми-зерттеу барысын­да қазақ полктарының құжат­тары, ко­ман­дирлердің тізімдері, қазақ офи­церлерінің есімдері табылды. Соны­мен қатар Алаш әскерінің құрылуына колчактар­дың ықпал еткендігіне қатысты деректер қолға түсті, - деді ол.

«Осыдан соң Б.Әбдіғалиұлы атақ­ты атаман Дутовтың оққа­ғарлары қазақ жігіттері болғанын растайтын бейнематериал та­был­­ғанын айтып, жиналғандар­дың назарына тарихи деректі ұсынды», - делінген «Алаш әскеріне қатысты тың дерек табылды» атты мақалада.

***

Қазақстанда қар барысының саны небәрі 130-ға жетеді. Егер алдағы 10-15 жылда олардың онсыз да аз популяциясын сақтау бағытында нақты шешімдер атқарылмаса, қар барысы біздің аумақта жойылып кетуі ықтимал, деп xабарлайды «Экспресс К» басылымы.

Бұл туралы Алматыда өткен баспасөз мәслиxатында Қазақстан географиялық қоғамының мүшесі Мағжан Сағымбаев мәлім етті.

«Қазақ географиялық қоғамы Зоология институтына демеушілік жасап келеді. Ол аталған жануарлардың миграциясын және тау-тастағы бағыттарын анықтау мақсатында зерттеушілерге 15 фотоқақпан бөліп отыр. Осылайша, қолда бар фотоқақпандардың саны 30-ға жетіп отыр. Сонымен бірге зерттеудің екінші кезеңінде ғалымдар спутниктік телеметрияны қолдана алады. Ілбістің бірнешеуіне GPS құрылғылар орнатылады. Ол өз кезегінде аңдардың қайда жүргендерін бақылауға мүмкіндік береді», - делінген «Казахстан теряет свой символ» атты мақалада.

Зоология институтының ғылыми қызметкері Алексей Грачевтің сөзі бойынша, қар барысын зерттеу және оның санын сақтап қалу ісі мемлекеттік қаржыландырумен қамтамасыз етілмеген.