Алаш көсемінің есімін «Бөкейханов» деп жазу неге қате?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы күнге дейін Әлиханның «Дала уәлаяты газетінде» 1889-1900 жылдары қазақша және орысша мақалаларын көбіне Қыр ұғлы, Қыр баласы - Сын степей деген лақап есімдерімен жариялағаны мәлім. Әйтсе де, осы басылымның Омбыдан алынған электрондық көшірмелерін парақтау барысында, Қыр баласы - Ел ағасының қазақшасын Қ. орысшасын К. деп таңбалаған тағы 3 мақаласы табылды.

Бұл туралы aikyn.kz жазады.

Екі мақала «Қарқаралыдан хат» және «Корреспонденція. Каркаралы» деген айдармен берілсе, үшінші мақала «Бұйрықтан басқа сөздер: Жемқор болыс екі бимен» және «Къ характеристике нравовъ киргизскихъ должностныхъ лицъ: Охотникъ управитель съ двумя біями» деген атаулармен шығыпты. Бұл мақалалардың Әлихандікі екеніне бұлтартпайтын бір-ақ дәлел бар: қазақша және орыс мақалалардың астына Қ. және К. деген авторынан кейін қазақшасында «перуадтаған Ғали хан Бөкей хан», ал орысшасында «Галихан Букейхан» деп көрсетіліпті. Сөйтіп, ұлт көсемінің «Киргизская степная газета» мен «Дала уәлаяты газеті» беттерінде басылған көсемсөздерінің саны өсе түсумен қатар, лақап есімдерінің саны да «Қ.» және «К.» деген есімдермен толығып, жалпы саны 40-қа жетіп қалды.

Бұл дәлелден аса маңызды тағы бір тұжырым шығады. Атап айтқанда, алаштанушы ғалымдар, оның ішінде әдебиетшілер де, тарихшылар мен басқалары да бар, Алаш қайраткерлерінің, әсіресе, Алты Алаш көсемі Әлиханның аты-жөнін атағанда «Бөкейханов» деп орыстың -ов, -ев суффикстерін қосып жазудан бір танбайды-ау. Ең өкініштісі: Алаш көсемі мен оның үзеңгілестерінің аты-жөндерін -ов, -ев суффикстерімен жазған авторлар патшалық және советтік заманның орыстандыру саясатын, еріксіз не қасақана болсын, жалғастырып отырғандарын түсінбейді, түсінгісі де келмейді. Кейбіреулер суффикстерді қосып жазуын, тіпті қисынсыз болса да «орысша транскрипция» деп ақтауға тырысады. Әлихан Бөкейхан деп жазғанда орыс әліпбиінде жоқ «ә», «ө» әріптерінің орнына Алихан Букейхан деп жазса, ол, еш даусыз, орыс транскрипциясы болады да, ал оған енді-ов, -ев суффикстерін қосса, ол нені білдіреді? Жауап өзіңізден, оқырман.

Ал енді Алаш көсемінің аты-жөнін дұрыс жазуға келсек, ол «Дала уәлаяты газетіндегі» алғашқы туындыларын «Ғали хан Бөкей хан» деп жарияласа, олардың орысша нұсқасын «Киргизская степная газетаға» Галихан Букейхан деп ұсынып келген де, өз кезегінде редакция оған -ов суффиксін қосып, А.Букейханов деп жариялап отырған. Мысалға, «Дала уәлаяты газетінің» 1900 жылғы 2 қаңтарында жарияланған «Жапан баласына ашық хат» мақаласының фотокөшірмесіне назар аударсақ: мақаланың астына авторы Ғали хан Бөкей хан деп көрсетіліп, одан төменгі жолға «1899-жылы 15 декабрда, шаһар Омбы» деп жазылыпты (қадімше танитын оқырман суреттен оқып көрсін: № 2 сурет).

№ 2 сурет. «Дала уәлаяты газетінің» 1900 жылғы 2 қаңтар күнгі 1 санында шыққан «Жапан баласына ашық хат» мақаласының соңы: авторы «Ғали хан Бөкей хан», одан төменгі жолға «1899-жылы 15 декабрда, шаһар Омбы» деп жазылған.

Оған қоса, Алашорда автономиясын басқарған 1917-1919 жылдары ұлт көсемі Халық кеңесінің (үкіметінің) орыс тіліне аударылған заңнамалық қаулыларына, бүкілресейлік уақытша үкіметтерге («Сібір автономиясы», Комуч, «Уфа директориясы» және т.б.) жолдаған хат-хабарларына «Алихан Букейхан» деп еш суффикссіз қол қойып келгенін айта кеткен артық болмас (№ 3 сурет).

№ 3 сурет. Ә.Н.Бөкейханның Бүкілресейлік құрылтай жиналысы мүшелерінің комитеті сыртқы істер мекемелері басқармасына 1918 жылы 1 қыркүйекте жолдаған хаты: хатқа «Председатель Алаш-Орды А.Букейхан» деп қол қойылған.

Ол аз көрінсе, КСРО Ғылыми академиясының 1925 жылы бұрынғы Адай оязы, бүгінгі Маңғыстау облысын зерттеген Антропологиялық энциклопедиясына қатысып, экспедиция материалдарының жинағымен 1927 жылы Ленинградта жарық көрген «Казаки Адаевского уезда» атты ақырғы ғылыми шығармасын ұлт көсемі «А.Н.Букейхан» деп жариялағанын да еске сала кетемін (№ 4 сурет).

№ 4 сурет. Ә.Н.Бөкейханның КСРО Ғылым Академиясының 1925 жылғы Антропологиялық экспедициясы құрамында бұрынғы Адай оязы, қазіргі Маңғыстау және Ақтөбе облыстарын зерттеген маршруты (Карта Ә.Н.Бөкейханның «Казаки Адаевского уезда» атты ғылыми еңбегінен алынды - Букейхан, А. Н, Баранов, С. Ф., Руденко, С. И. Казахи. Антропологические очерки. Сборник І, ІІ., 58-82 стр. 1927 г. Ленинград.)

Тоқсан сөздің тобықтай түйінін айтсам, Қыр баласы - Ел ағасының аты-жөні не «Бөкейханов», не «Бөкейханұлы» деп те емес, қазақ және орыс транскрипцияларында да тек «Бөкейхан» және «Букейхан» деп жазылуы керек.

Әлихан Бөкейханның енді табылып жатқан тың мақала-мұраларына оралсақ, «Дала уәлаяты газетінде» Қыр баласының қазақша «Қаймақсыз сүт қазақ халқын өлімнен сақтайды», орысша «Снятое молоко как средство противъ вымиранія киргизъ» деп аталатын мақаласы жарияланғаны ертеден-ақ белгілі еді. Бірақ қазақша нұсқасының толық мәтіні қолға түспей келген-ді, енді ол туынды да ұлт көсемінің тұңғыш толық шығармалар жинағында жарық көрмекші.

Қыр баласы - Әлиханның 1925 жылғы «Еңбекші қазақ» газеті сандарынан табылған он шақты мақаласын, «Жаңа мектеп» журналының 1926 жылғы 6 санына қосымша басылған жинағынан табылған «Ақымақ қасқыр» ертегісін биылғы жылдың алғашқы 2 айының үлесі деп қабылдауға болады.

Жинақтай келгенде, соңғы екі жылда табылған мақала жарияланымдар Әлихан Бөкейханның қазақ және орыс тілдеріндегі шығармаларының көптомдық толық жинағында жыл соңында баспаға ұсынылады. Көптомдық толық құрастырып болғанша Алаш көсемінің тағы басқа талай мұрасы табылып, толығуы әбден ықтимал. Сол себепті тұңғыш толық жинақ сонау баста 16 том деп жарияланғанымен, ұлт көсемінің қолда бар мұрасының өзі әрқайсысы 35 баспа табақтан тұратын 17-18 том болып қалуы да ғажап емес.