- Тәттігүл Ерсайынқызы, алдымен Наурыз айының ерекшеліктері туралы айтып берсеңіз?
- Наурыз «жаңа күн» деген мағынаны беретін парсы сөзі болғанымен, көне түркілерге, қазақтарға ерте заманнан кірігіп, сіңіп кеткен. Омар Хайям жазып алған аңыз бойынша, парсы елінің ерте дәуірдегі тәңірі Изид күнді жаратарда оған ерекше ықылас-мейір төккен, күнге үнемі қозғалыста болуды бұйырған. Күн өзінің жылдық айналымында әрбір жұлдызды бір айда басып өтеді де, он екі жұлдызды толық басып өтіп, жаңа айналымға енгенде күн мен түннің теңелуі, көктемнің басталған күні болып есептелген. Бұл жаңа күнді халықтың қуанышпен қарсы алуы, ертеде күнтізбені дұрыс есептемегендіктен, күн мен түннің теңелуі жылдың әр мезгіліне ауысып отырған. Селджуктер сұлтаны Мәлік шах билік басына келгенде көне күнтізбені қайта жандандыруға жарлық берген. Жаңа күнтізбе жасауға Хорасан ғалымдары, соның қатарында Омар ибн Ибрагим әл-һаям да қатысқан. Осылайша 1079 жылы жаңа күнтізбе жасалып, наурыздың күнтізбедегі тұрақты орны анықталды, кібісе күн есептелді. Күн мен түннің теңелуінен кейін келетін жаңа күн ертедегі Юлиан күнтізбесі бойынша 9 наурызға, ал осы күнгі қолданыстағы Григориан күнтізбесі бойынша жаңа күннің келуі 22 наурыздан басталады.
- Жалпы, Наурыз айы, оған қатысты салт-дәстүрлер туралы қандай кiтаптар бар? Белгілі бір еңбектердi айта аласыз ба?
- Омар Хайямның Берлин мемлекеттік кітапханасында және Лондондағы Британ музейінде сақталған «Наурызнама» қолжазбасының Наурыз мерекесінің дамуы мен таралуын танып білуде маңызы ерекше. Махмұт Қашқаридың «Түркі тілінің сөздігі», «Бабырнама» жазбасының, Абайдың Мемлекеттік орталық музейде сақталған қолжазбасының Наурыз мерекесінің түп-тамырының тереңдігін саралауда маңызы ерекше. Қазақ халқының ғұламалары Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Мұхтар Әуезов жазбалары Наурыз мерекесінде атқарылатын көне ғұрыптары маңызды ақпараттар береді. Сондай-ақ Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов және басқа да Алаш зиялылары өз еңбектерінде байырғы қазақтардың Наурыз мейрамын атап өтудегі ерекшеліктерін айғақтайтын құнды деректер қалдырған.
- Наурыз мейрамы шығыс халықтарына ортақ мейрам екенін білеміз. Наурыз мейрамы бұл халықтардың салт-дәстүрлеріне еніп, бейімделе алды ма екен?
- Наурыз мейрамы ерте заманнан түркі дүниесіне ортақ мұраға айналғанымен, әр халық бұл мерекені өзінің дәстүрлі әдет-ғұрыптарына, дәстүрлі тұрмыстарына, дәстүрлі шаруашылықтарына сай бейімдеген. Яғни, ежелгі шығыс мемлекеттерінде мереке патшалық сарай салтанатына сай болса, өзбектер, тәжіктер отырықшы шаруашылық пен отырықшы мәдениетке бейімдеген, наурыз дәстүрі егіншілікке қатысты дәстүрлермен жалғасқан. Ал, қазақтар көшпелі мәдениет пен көшпелі шаруашылығына бейімдеген.
- Осы күнге дейін Наурыз мейрамымен байланысты қандай дәстүрлер жетті деп айтар едіңіз?
- Қазақ халқы Наурыз мерекесі аясында «көрісу», яғни, қауышу рәсімін атқарып, бірін-бірі «жасың құтты болсын» деп құттықтаған. «Жасың құтты болсын» деген құттықтау еліміздің өңірлерінде әлі айтылады. Байырғы аңыз бойынша, Жыл – жаңа туған бала, ол күн санап өсіп, үш айдан соң жігіт болады, күз түскенде қартайып, бурыл бас болады, қыс түсіп қар астында қалғанда кәріліктен өледі. Осылайша он екі ай бітуімен ескі жылдың өмірі де бітеді. Жаңа жыл қайта туылғанда, сол туылған күнді құттықтап, қуанғанды құшағына алып, сый-құрмет жасау әр адамның міндеті болған екен. Бұл аңыздан қазақ халқының антропоцентристік танымындағы «Жыл»-дың адам кейпіндегі моделін аңғаруға болады. Қазақы ортада Наурыз мерекесінде бір-біріне «жасың құтты болсын» немесе «бір жасың құтты болсын» деп айтуының себебін осымен байланыстырады. «Жыл» аңызына сәйкес жаңа туылған Жыл, он екі айда тез өсіп қартаяды.
Көктем айының бірінші күнінің қазақы танымда «Қарт Наурыз» атануы, ал күн мен түннің теңелуінен кейін келетін жаңа күнді «Жас Наурыз» деп атауы да осы аңызбен байланысты.
- Сұхбатыңызға рахмет!