Алатау ауданындағы мектептер саны 21-ге жетті

АЛМАТЫ. 10 қаңтар. ҚазАқпарат - Алатау ауданында соңғы 2 күннің ішінде мемлекеттік тілде білім беретін әрқайсысы 1200 орындық жаңа 2 мектеп пайдалануға берілді.

Оның алғашқысы кеше «Қарасу» ықшам ауданында ашылған №179 жалпы білім беретін мектеп. Шара Иманбекова директор болып тағайындалған бұл білім ордасында 6 мультимедиялық кабинет, 4 лингафондық, 4 информатикалық кабинеттер, 21 интерактивті тақта, 60 оқу кабинеті және 234 орындық мәжіліс залы, 204 орындық асхана мен спорт залы бар. Ал бүгін «Шаңырақ-5» ықшам ауданында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ашылған мектептің 300 орындық мәжіліс залы, 200 орныдық асхана, 1 спорт залы, 60 оқу кабинеті бар. Оқу кабинеттерінің алтауы мультимедиялық, төртеуі лингафондық кабинеттер. Салтанат Құсайынова басшылық ететін бұл мектепке қазірдің өзінде 500 ата-анадан балаларын осында оқыту туралы өтініштер қабылданып отыр.

Аудандағы 21 мектептің сегізі қазақ, төртеуі орыс, біреуі ұйғыр, бесеуі қазақ-орыс, екеуі №156, №149 мектептердің филиалдары, біреуі республикалық спортқа бейім балаларға арналған мектеп-интернат. Ал қаладағы мектердің жалпы саны - 181.