Алаяқтығы үшін шетелдік азамат пен оның «көмекшісі» сотталды

ОРАЛ. Сәуірдің 4-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Орал қалалық соты алаяқтықпен айналысқан Камерун азаматы мен оның «көмекшісін» бес жылға бас бостандығынан айырып,

мүлкін тәркілеуге үкім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Камерундық Нана Френк Дак пен алматылық Райгүл Есенгелдинова Ташкентте танысады. Өткен жылдың жаз мезгілінде Френк пен Райгүл Оралға келіп, осында пәтер жалдап тұрады. Бірі шетелдік, екіншісі аудармашысы ретінде танысқан олар пәтер иесіне доллар жасап, өткізу жөніндегі «қызметін» ұсынады. Пәтер иесі мұны ҰҚК департаментіне жеткізеді. Көп ұзамай әлгі екеуі Алматыдан келген кәсіпкер ретінде танысқан ҰҚК департаменті қызметкеріне ақшаны қалай жасаудың тәсіліне дейін көрсетеді. Онымен бірнеше рет кездесіп, 50 мың доллар ақшасын қағып алмақ болады. Алайда ҰҚК департаменті қызметкерлерінің араласуымен жалған ақша жасап, байымақ болғандар әріге бара алмай, бұлтартпас айғақтармен қолға түсті.