Бұл туралы «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының Басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов қаңтардың 21-і мен 23-і аралығында Мәскеуде өткен «Ресей және әлем: жаңа мыңжылдықтағы жаңа талаптар» атты халықаралық конференция барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, диверсификациялау шараларының бірінші түрі шикізат пен оған қатысты салалар бойынша жүзеге асады. «Бізде мұнай көп, сондықтан, мұнай-химиясын дамытуымыз керек. Сондай-ақ бізде түрлі-түсті металдар да баршылық. Ендеше сол металдардың түрлері мен оған қатысты салаларды дамтқан жөн. Басқаша айтқанда, біз энергетикалық эффектіні түсінуіміз керек. Егер бізде аграрлық өнім мол болса, онда Кедендік одақ көлеміндегі ортақ рынокта агроөңдеуді дамытудың болашағы зор. Ал диверсификацияның екінші түрі бизнес-бастамалар, жоғары технологиялық трансферттер мен экономикада жақын арада пайда болатын қызмет көрсету салаларының арқасында дамиды», деді Қ.Келімбетов.
Сондай-ақ Қазақстанның да, Ресейдің де инновациялық даму мүмкіндіктері зор екендігін атап көрсеткен Басқарма төрағасы осы кезде екі елге өздерінің басымдықтарын анықтап, сол салаларды дамытуға қазірдің өзінде күш салу қажеттігін жеткізді.
Сондай-ақ Қ.Келімбетовтың сөзіне қарағанда, «Самұрық-Қазына» қоры индустриялдық бағдарламаның жүзеге асуына өз құрамындағы даму институттары арқылы қатыса алады және Қордың Қазақстан аумағындағы жобаларға тікелей шетелдік инвестициялар тарту мүмкіндігі де бар. Бүгінде Қор құрамында «Қазақстан Даму банкі», «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры», «Қaзына капитал менеджмент», «Қазақстанның инвестиция қоры», «Экспорттық операцияларды сақтандыру мемлекеттік корпорациясы» сияқты даму қорлары бар. Олар осы кезде бас-аяғы 212 жобаны мақұлдап, оның 160-ы қаржыландырылу үстінде. Сондай-ақ құны 25,7 миллиард АҚШ долларын құрайтын тағы 33 жоба қарастырылуда. Олардың 3-уі қазірдің өзінде қаржыландырыла бастады. Бүкіл жобалар сәтімен жүзеге асса, елде 46 000 жұмыс орны пайда болады деп күтілуде.