Алдағы 3 жылдық бюджетте әлеуметтік қамтамасыз ету және әлеуметтік көмек саласына 4 трлн. 38 млрд. теңге жұмсау көзделуде

ТАНА. 13 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Алдағы 3 жылдық бюджетте әлеуметтік қамтамасыз ету және әлеуметтік көмек саласына 4 трлн. 38 млрд. теңге жұмсау көзделуде. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын талқылау барысында мәлім болды.

Қаржы министрі Болат Жәмішевтің айтуынша, 2012 жылғы бюджеттен әлеуметтік қамтамасыз ету саласына 1 трлн. 210 млрд. теңге қарастырылып отыр. Бұл ағымдағы жылғы бюджеттің шығысына қарағанда, 134 млрд. теңгеге немесе 12,5 пайызға артық көрсеткіш. Сонымен қатар 2013 жылы осы мақсаттарға жұмсалатын бюджет қаражаты 1 трлн. 349 млрд. теңге, ал 2014 жылға 1 трлн. 479 млрд. теңге шамасында көзделіп отыр.

«Аталған қаражаттың 93 пайызы әлеуметтік төлемдерге бағытталады. Бұл ретте 3 жылдық бюджетте осы төлемдердің мөлшері 3 трлн. 737,8 млрд. теңге сомасында белгіленген. Оның ішінде 2012 жылғы шығыс 1 трлн. 128,4 млрд. теңге болып отыр. Бұл көрсеткіш ағымдағы жылмен салыстырғанда 109 млрд. теңгеге немесе 12 пайызға артық»,-деді Б. Жәмішев.