Алдағы демалыс күндері аптап ыстық басылып, өткінші жауын жауады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазгидромет мамандары 10-12 маусым аралығына арналған үш күндік ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алдағы күндері атмосфералық фронттардың ықпалымен Қазақстанның басым бөлігінде өткінші жаңбыр және бұршақ жауып, найзағай жарқылдайды, жел тұрады.

10-12 маусымда еліміздің солтүстігінде, шығысында, орталығында және оңтүстік-шығысының таулы аймақтарында қатты жаңбыр, оңтүстік-батысында, оңтүстігінде шаңды дауыл соғады.

Қазақстанның шұғыл-континенттік климатында қалыптан ыстық температура айтарлықтай төмендейді.

Сонымен, ыстық солтүстікте, шығыста 20 29°С дейін, орталықта 20 33°С дейін, 11-12 маусымда республиканың оңтүстік-шығысында 23 28°С дейін бәсеңдейді.