Алдағы он жылда мемлекеттік тілді дамытудың тың серпіні жүзеге асуы тиіс

СТАНА. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Осыдан он жыл бұрын Мемлекет басшысы республика көлемінде үлкен мәжілістерді ілеспе аудармамен қамтамасыз ете отырып, қазақ тілінде жүргізуге көшу жөнінде мәселе көтеріп, ол бойынша арнайы тапсырма жүктеген болатын. Президенттің дәл осы тапсырмасы әлі күнге ойдағыдай іске аспай келеді. Бұған ілеспе аудармамен айналысатын мамандардың біліктілігі,

кәсіби деңгейінің төмендігі себеп болды ма, жоқ ресми биліктегілер жиындардағы ілеспе аудармаға сене алмайды ма, әлде жұрт білмейтін басқа да себептері бар ма, ол жағы белгісіз. Белгілісі Президент тапсырмасы айтылған жерде қалып қойды. Басқасын айтпағанда ілеспе аудармаға жетік орган болып отырған Парламенттің өзінде жиналыстардағы басым жағдайда «бәріне түсінікті болу үшін» деген қағидат ұстанатыны айқын. Қарапайым ғана бір мысал. Жақында Парламент Сенатының комитетінде пікір алмасу сипатындағы кездесу шарасы өтті. Әдеттегідей, басқа ұлт өкілдеріне деген көңілжықпастық үшін жиын бастан аяқ ресми тілде өтіп жатты. Дегенмен, қатысушыларға аударма қажет болса деген ниетпен «құлақтар» («құлақ» - журналистер арасында ілеспе аударманы тыңдауға арналған қабылдағыш аппарат осылай аталып кеткен) үлестіріліпті. Әлгі «құлақтың» арналарын ары-бері ауыстырып көрсек, қазақша аударма жасайтын арнасы мүлдем жоқ болып шықты. Сөйтсек, бұл «құлақ» жиын барысында алда-жалда біреу-міреу регламентті бұзып, қазақша сөйлеп кетсе, соны аудармадан тыңдап қалу үшін беріліп отырған секілді екен. Ойпыр-ай! Елбасы тапсырмасына сәйкес, мынадай жиындарды қазақша өткізіп, оның орысшасын ілеспе аудармамен қамту туралы айтылған секілді еді. Ал мына жағдайда, керісінше жиын орыс тілінде өтеді, қазақша сөйлеген кісі шет тілінде сөйлегендей болып, орысшаға аударыла қояды екен.

Бұл түйткілі көп тіл мәселесі төңірегінде бір ғана мысал. Бұндай мысалдарды қоғам арасынан көптеп кездестіруге болады. 1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясында, 1997 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» заңында қазақ тілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі деген биік мәртебеге ие болды. 2001-2010 жылдарға арналған Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асты. Яғни, туған тіліміздің мемлекеттік мәртебесі туралы конституциялық қағидамыз да бар, Тіл туралы арнайы заңымыз да бар, ең бастысы бұларды іс жүзіне асырудың он жылға арналған мемлекеттік бағдарламасын да игеріп келеміз. Бірақ, тіл төңірегіндегі мәселе қалың қазақы қоғамның көңілінен толық шыққан емес. Бұған жоғарыдағыдай секілді мысалдар да дәлел бола алады. Сонымен бірге, ағымдағы жылы Тіл бағдарламасы мәресіне жетеді. Ендеше, алдағы он жыл үшін мемлекеттік тілге қатысты әңгімені бүтіндеп, кеткен кемшіліктерді түзететін бағдарды анықтап, олқылықтардың орнын толтыратын шараларға қамданудың жөні бөлек. Бүгін Парламент Мәжілісінде «Мемлекеттік тіл - ел бірлігінің кепілі» атты республикалық ғылыми практикалық конференцияның негізгі мақсаттарының бірі де осы.

Рас, мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты бұған дейін де талай жиындар өтті. Ресми органдардан бөлек, қоғамдық ұйымдардың да бұндай жиындардағы белсенділігі танылды. Сондай белсенділіктің нәтижесінде тілді дамытуға жұмсалатын қаржы көлемі 2001-2004 жылғы 100 млн. теңгеден қазіргі 5 млрд. теңгеге дейін өсті. Үкімет тарапынан мемлекеттік тілдің дамуына жан-жақты материалдық-техникалық және қаржылай қолдау жалғаса беретіні белгілі болды. Дегенмен, мемлекеттік тіл мәселесіндегі проблеманың барлығы ақшаға тіреліп тұрмағанына көз жетті. Сондықтан да, Мәжілістегі жиынның ерекшелігі, бұнда «барын бар, жоғын жоқ» дегізетіндей ашып айтумен қоса, болашаққа бағдар болатын, алдағы он жылға арналған Бағдарламаға енгізілуге тиіс іс-шаралар жөнінде ұсыныс-пікірлерді талқылау, ортаға салу.

Жиын барысында Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Тілдерді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасының жалпы бағытымен таныстырып өтті. «Мемлекеттік тілді дамытудың алдағы он жылында атқарылатын шаралар негізгі 11 бағытқа топтастырылып отыр. Соның ішінде бірінші бағыты - балабақшадағы қазақ тілін үйрету мәселесі болып табылады. Бұл бағыттағы шаралар Елбасының тапсырмасымен әзірленіп жатқан «Балапан» бағдарламасымен сәйкестендіріліп, жаңа жұмыс жоспарлары белгіленеді. Соған сәйкес, біз балабақшадағы қазақ тілін оқыту мәселесін, әсіресе өзге ұлт өкілдері тәрбиеленетін балабақшадағы қазақ тілін оқытуға ерекше назар аударатын боламыз», деді М. Құл-Мұхаммед. Яғни, білім беру саласы бойынша балабақшадағы, мектептегі, ЖОО-дағы қазақ тілін оқыту мәселесіне ерекше көңіл бөлінетін болады.

Екінші бағыт - орыс тілінде оқытылатын мектептердің қазақ тіліндегі жүктемесін арттыру. «Бүгінгі күні қазақ мектебін бітірген түлек ұлттық бірыңғай тестті қазақ тілінде еркін тапсырады. Бұдан қазақ тілінің көсегесі көгеретініне сөз жоқ. Бірақ, біз орыс мектебін бітірген балаларға қазақ тілінде тест тапсыртатын болсақ, сонда орта мектепті бітіретін әрбір баланың қазақ тілін меңгеріп шығарына мүмкіндік жасар едік. Дәл қазіргі кезде бұндай жағдай болмай отыр, өйткені түлектің еркі бойынша қазір қазақ тілінде бітірген бала қазақша, орыс тілінде бітірген бала орысша тапсыра береді», деді М. Құл-Мұхаммед. Бағдарламаның үшінші бағыты - жоғары оқу орындарындағы мемлекеттік тілді оқыту мәселесі. Министрдің айтуынша, ЖОО-да қазақ тілін тек тіл ретінде ғана оқытудан келетін пайда шамалы. Сол үшін әрбір жоғары оқу орнының мамандығына сәйкес терминологияны біліп шығуына баса мән беру керек. «Мәселен, Алматы медицина институтында орыс бөлімінің студенттеріне бір пән міндетті түрде қазақ тілінде оқытылады екен. Сонда студент пәнге қатысты терминологияны меңгереді деген сөз. Бұндай тәжірибеге көшу қажет», деді М. Құл-Мұхаммед.

Төртінші бағыт - қазақ тілінің мемлекеттік қызмет жүйесіндегі өрісін кеңейтуді қамтиды. Бұл бағытта проблемалы болып келген мемлекеттік органдардың мемлекеттік тілдегі іс жүргізу мәселелеріде қамтылатын болады. «Тіл туралы заңның 24-бабына сәйкес, әрбір мекеменің басшысы қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтуге және оны пайдалануға барынша мүмкіндік жасауға міндетті болатын. Бұл алдағы тіл тұжырымдамасында анық көрсетіледі», деді министр. Бесіншіден - мемлекеттік қызметшілердің тіл білу деңгейіндегі жауапкершілігін арттыру шаралары қарастырылады. Алтыншыдан - республика азаматтарының өз бетінше тіл үйренуіне қолайлы жағдай туғызу. Бұл жалпы мемлекеттің міндеттерінің бірі болып табылады әрі ондай норма Ата заңда, Тіл туралы заңда да көрсетілген. Жетіншіден - мемлекеттік тілді осы заманғы ақпараттандыру тіліне айналдыру бағытын қамтиды. Яғни, интернет желісі арқылы таралатын материалдың мемлекеттік тілдегі үлесін арттыру шараларын жүзеге асыруды көздейді. Сегізінші - ақпарат жүйесінің тілімен байланысты. Бұл ретте БАҚ бойынша атқарылатын шаралар қарастырылып, ондағы мемлекеттік тілді насихаттау мәселесіне мән берілетін болады. Бұл ретте БАҚ-тағы тілдің пайыздық мөлшеріне қатысты, яғни бұрынғы 50 де 50 мәселесі әлі күнге түпкілікті шешімін тапқан жоқ. Мәселен, былтырғы жылдары арнайы заңға «тәуліктің әрбір сегіз сағатындағы 50 пайыз» туралы көрсетілген болатын. Бірақ, М. Құл-Мұхаммедтің айтуынша, бұл заң нормасының да олқы тұсын айналып өтететін тұстары тағы байқалыпты. «Мысалы, түнгі, я кешкі көрсетілетін хабарлар субтитрлық жүгіртпелі жолдар арқылы қазақша беріледі де, бұл хабар қазақ тілінде берілген боп саналып жатыр», дейді министр. Тоғызыншы - республикадағы өзге ұлт өкілдерінің ана тілін меңгеруіне, оқуына жағдай жасау.

Оныншыдан - қазақ тілінің терминдік базасын тұрақтандыруға қатысты болып отыр. Бұл ретте Мәдениет министрлігі биылдан бастап қазақ тілінің үлкен терминологиялық сөздігін жасауға кіріседі. Министрдің айтуынша, бұл үлкен сөздік екі жылдың көлемінде аяқталып, басылып шығады. «Бұл біздің қазақ тілінің қолданысында бар бүкіл терминдерді қамтып, әрқайсысы 130-140 баспа табақ болатын екі үлкен энциклопедиялық том форматында басылады деп күтіліп отыр. Сол үшін қолда бар терминнің бәрі осыған жинақталып, енгізіледі. Ал ондай жинақталған терминдерді Елбасының Жарлығымен, не болмаса Үкіметтің қаулысымен бекітіп, барлық ақпарат құралдарына, барлық мекемелерде бірдей қолданатын, қабылданатын терминологиялық сөздік болады», деді М. Құл-Мұхаммед. Соңғы он бірінші бағыт - ономастика мәселесі бойынша жүргізіледі. Бұл тілдерді дамыту тұжырымдамасыны басым бағыттарын қамтитын жоба ғана. Яғни, тұжырымдама әлі жасалу үстінде. Сондықтан да, Мәдениет министрлігі тұжырымдаманы жетілдіре түсу үшін жобаны алдағы мамыр айына қарай баспасөзге жариялауды жоспарлап отыр. «Бұл тұжырымдаманы жетілдіруге тілге жанашыр азаматтардың барлығы қатыса алады. Содан кейін, біз ағымдағы жылдың қазан айына дейін 2011-2020 жылдарды қамтитын мемлекеттік бағдарламаны қабылдауға тиіспіз», деді министр.

Жалпы, Тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасы тікелей Мемлекет басшысының қадағалауында болады. Үкімет басшысы бірнеше мәрте Елбасының тікелей бақылауында индустрияландыру бағдарламасының, білім беру мен денсаулық сақтау бағдарламасының, сондай-ақ мемлекеттік тілді дамыту бағдарламасының болатынын айтып, бұған маңыз берген болатын. Ендеше алдағы он жылда тілді дамытудың тың серпіні жүзеге асуға тиісті деп ойлаймыз.