ОРАЛ. 16 қазан. ҚазАқпарат - Алдағы жылы Оралда Қадыр Мырза Әлі атындағы шығармашылық орталығы пайдалануға берілмек. Бұл туралы бүгін БҚО әкімі Нұрлан Ноғаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткізген баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Облыс басшысының айтуынша, орталықта Қадыр ақынның жәдігерлері қойылатын арнайы бөлме ашылмақ. Сондай-ақ Жұбан Молдағалиев, Тайыр Жароков, Хамза Есенжанов сынды Ақ Жайық ақын-жазушыларының бөлмелерін ашу көзделуде. Бұл орталық шығармашылық адамдары, зиялы қауым өкілдері бас қосатын орынға айналмақ.
Сонымен қатар Оралда Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының жаңа ғимаратын салу жоспарлануда. Биыл ғимараттың жобалық-сметалық құжаттамасы жасалуда. Бұл нысанды 2015 жылы іске қосу көзделуде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).