- Алдан Зейноллаұлы, рухани жаңғыру туралы Елбасының мақаласы жарияланғалы да екі жылға жуық уақыт өтіпті. Осы бастаманың бергені мен әлі де берері туралы не айтасыз?
-Екі жыл ғаламдық тарих үшін қас-қағым сәт. Ал, қазіргідей цифрлы дүниеде еренғайып уақыт. Әлеуметтік желілердегі айқай-шу тудырған оқиғалар апта ауыспай жатып ескіріп кетеді. Адам жадынан өшеді. Сондықтан да бүгінгі таңда еліміз көлемінде жаппай қолға алынған бұл бағдарламаның берері мен бергенін бір сараптап алған жөн. Жалаң ұран, жылтыр сөзбен емес, нақты іспен, көзге көрінер нәтижеге жету үшін не атқарылғанына баға беруіміз абзал.
Айтқанымдай «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУМЕН» өткен екі жыл ел тұрғындарына не берді? Өзім астананың сол жағалауындағы ерекше әдемі саябағына жақын жерде тұрамын. Күн сайын бір жарым сағаттан үш сағатқа дейін жаяу жүріп демаламын. Жетпістен асқан кезде мұның денсаулыққа пайдасы зор. Қалған уақытым шығармашылыққа арналады. Негізі көз көрген, көңілге түйген ойлар. Таяуда жариялай бастамақпын. Осы серуендеп жүретін саябақтың орны жиырма жыл бұрын саяжай (дача) уческелері еді. Өзімнің де көкөніс пен қап-қап картопты жинайтын дачам осы маңда еді. Көзді ашып-жұмғандай уақытта мегополис салынды. Немерелеріме айтсам сенгісіз. Ертеректе шетелге көшіп кеткен таныс-жұрағаттар елордаға келе қалғанда шаһардың адам танымастай өзгергеніне қайран қалады. Екі жыл демекші, жыл аралатып бас қаламызға меймандатып жететіндер де қаладағы архитектуралық үлкен өзгерістерді байқап жатады...
Меніңше Рухани жаңғыруды ұлттық құндылықтарды түгендеуден және ұлттанудан бастаған абзал. Осы жерде ұлттану дегеніміз не деген сұрақ туындайды. Қазіргі қазақты тану, оның қасиеті қайсы, қасіреті қайсы - осыны анықтау, ұлттың мінезін біліп, сырына үңілу.
Ал ұлттық қасиетке келер болсақ, ол бағзы заманнан қалыптасып келеді. Онда ғұндардан қалған империялық асқақтық та, көктүріктер заманындағы байсалдылық та, сыртқы жаулармен ұзақ шайқастарда шыңдалған батырлық та, дархан даладан дарыған кеңдік те, көшпелі өмірден қалған енжарлық пен жалқаулық та, кешегі кеңес ғасырындағы жағымпаздық пен жалтаңдық та, опасыздық пен сатқындық та бар. Ұлттық мінезді, міне осындай жағымды-жағымсыз қасиеттер айқындайды.
- Әйтсе де, бүгінгі қазақтың мінезі мен қасиеті өзгерді ме?
Шындығында, бұл мәселеде сұрақ көп. Мәселен, қазақтың мінезі өзгерсе, ол қай жағынан? Ол өзінің діні мен дәстүріне берік пе? Ұлттық құндылықтарын дәріптей ала ма? Тарихтан тәлім алып отыр ма? Қазақ азаматтарының біраз бөлігі неге осы күнге дейін орысша сайрайды? 400 мыңнан астам қазақ баласы неге орыс мектебінде оқып жатыр? Елге ие болады деген саяси зиялылар неге халықтың қалтасына қол салады? Қазақтың ортасынан гей деген пәле қайдан шықты? Жас балаларды зорлау мен қорлау неге жиілеп кетті? Нәрестені көше мен қоқысқа тастап жүргендер шынымен қазақтың қыздары ма? Дінді неге жіліктеп, түрлі ағымдардың жетегінде кеттік?
Міне, осындай өрескел қасиетсіздіктерден арылмайынша, ұлт тұтастай рухани жаңғыра алмайды. Қайран Абай, қазақтың мінін бетіне басып, кемшіліктен арылтуға сонша неге ұмтылды деп ойлайсыз? Сол кемеңгер айтқан «Сабырсыз, арсыз, еріншек, көрсеқызар, жалмауыздар» тұрғанда, «қазаққа іші жау болып, сырты күлмектер» тұрғанда, «партия жиып, пара алған, пейілі кедей байлар» тұрғанда, «жақынын тіріде аңдып, өлсе өкіргендер» тұрғанда рухани жаңғыруың қиын. Сондықтан мемлекет осылай қайта түлеу кезінде ұлттық қасиет пен ұлттың мінезін қалыптастыратын ұлттың өмір салтына ерекше назар аударуы қажет.
Бүгінде Қазақстан аумағында 30 мыңға жуық тарихи-мәдени ескерткіш бар. Олардың 25 мыңы - археологиялық. Мұның бәрі Үкіметтің тиісті қаулысымен бекітілген. Солардың арасында шетелдерге де мәшһүр Тамғалы және Теректі әулие тас суреттері, Бекет ата, Шолпан ата, Шақпақ ата жерасты мешіттері, Қожа Ахмет Ясауи, Арыстан баб кесенелері, Қарахан, Айша бибі, Жошы хан, Алаша хан, Домбауыл мазарлары, басқа да көптеген тарихи орын бар.
- Десе де киелі жерлерге қатысты ұсыныстарыңыз бар ма?
- Тәуелсіздік алған жылдары әр ру өздерінің түпкі аталары мен бабаларына асқақтатып ескерткіштер орнатты, зираттарын күмбездеді. Мемлекеттің тарапынан ардақталып жатқан тұлғалар да аз емес.
Біз солардың бәрін киелі жерлерге жатқызамыз ба, бұл жағы маған белгісіз. Жалпы алғанда қазақта киесіз жер деген жоқ. Алтын бесік Алтай да, сайын Сарыарқа да, әсем Жетісу да, көркем Көкше де, ұлт ұлықтаған Ұлытау да, асқақтаған Алатау да, қасиетті Қаратау да киелі. Атақты хандар орда еткен Сығанақ пен Сарайшық та киелі. Жер анамыз қай заманда киесіз болып еді?! Сондықтан бұл орайда мың ойланып, жүз толғануға тура келеді. Өз басым әзірге осы киелілер тізіміне Нұр-Сұлтан қаласындағы қазіргі Қажымұқан стадионы тұрған жерді де қосар едім. Неге десеңіз, дәл осы жерде қазақ халқының Кенесары бастаған алғашқы ұлт-азаттық көтерілісі басталған. Хан Кене басқарған үш жүздің батырлары: шұбыртпалы Ағыбай, сүйіндік Жанайдар, қыпшақ Иман мен Басығара, арғын Жеке батыр, табын Жоламан, дулат Жәуке мен Сұраншы, атығай Аңғал батырлар әскери бекіністі тікелей шабуылмен тас-талқан еткен. Ұлт тәуелсіздігін аңсаған сол қаһармандарға әлі күнге тағзым етілмей келе жатқаны біздің сүйегімізге таңба. Мен мұны да талай айттым. Әуелі ескерткіш-монумент қояйық дедім, ол сөзіме ешкім құлақ аспаған соң, бүгінде әлгі ерлердің есімдері жазылған мемориалды тақта ілейікші деп жалынып жүрмін.
Киелі жерлер көп, әлі де анықталар, мәселе мынада. Соларды бүгінгі балалар міндетті түрде көруі керек. Ұлтқа, оның тарихы мен рухани құндылықтарына жастардың құштарлығын оятудың ықпалды жолы осы. Әлгінде тілге тиек еткен ежелгі кесене-мазарларды басқа өңірлерді былай қойғанда, сол өңірдегі мектеп оқушыларының өздері біле бермейді.
Сонау 90-шы жылы, ұлттық сана туралы әпіл-тәпіл айта бастаған тұста, Целиноград қаласында бір топ қазақ азаматы айқасып жүріп ашқан бірінші-екінші сыныптардың балаларын қазақ деген байырғы ұлт бар екенін, оның ұлы тұлғалары мен бай тарихы бар екенін пәк жүрегімен сезінсін деп, көптеген қайшылықтарға қарамастан Ұлытау мен Түркістанға сапарға жіберіп едік. Сол өлкедегі тарихи-архитектуралық ғажайыптарды көрген, емін-еркін аралаған, сырына қанған жеткіншектер өздерінің қазақ екендіктеріне, сол халықтың перзенттері екендігіне мақтанып оралды.
Егер ұдайы осылай болсын десек, бүгін жас толқын әлгіндей сезімде тұлғалансын десек, рухани жаңғыру аясында мектеп туризмін қалыптастырайық.
- Әңгімеңізге рахмет!