АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Александр Бублик Роттердам (Нидерланд) ATP 500 турнирін жеңіспен бастады.Ірі жарыстың 8-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде 31-орында тұрған хорватиялық Борна Чоричпен бетпе-бет келді.
Жуырда, 4 ақпан күні Монпелье (Франция) ATP 250 додасының финалында А.Бублик Б.Чоричті 5:7, 6:3, 6:2 есебімен ұтып, чемпион атанған еді.
Бұл жолы бірінші партияда есеп 3:2 болған мезетте қазақстандық спортшы брейк жасай білді – 6:3.
Екінші сетте есеп 2:2 болғанда, Бублик қайтадан брейк жасап, алға кетті – 4:2. Ақыры сол басымдылығынан айырылмады – 6:4.
Бір сағат 51 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында А.Бублик 12 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың екеуін мүлт жібермеді. Б.Чорич 3 эйс жасағанымен, 5 брейк-пойнтын пайдалана алған жоқ.
Александр Бублик ширек финалға шығу үшін әлемдік рейтингіде кезінде үшінші орынға дейін көтерілген, қазір 309-сатыдағы, 2016 жылғы Уимблдонның финалисі, 33 жастағы канадалық Милош Раоничпен таласады. Ол бастапқы кездесуінде әлемнің 141-ракеткасы, нидерландылық Йеспер Де Йонгты тізе бүктірді – 7:6 (7:5), 6:4.
Жүлде қоры 2,1 млн АҚШ долларынан асатын Роттердам турнирі 18 ақпанда аяқталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Дохада жарыс жолынан шығып қалғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).