Отан соғысында жоғары шенді офицерлерге ғана берілетін Александр Невский орденінің кавалері зайсандық жас қыран 1942 жылы мамыр айында армия қатарына шақырылып, алдымен Бузулук қаласында саяси қызметкерлер, одан соң Уфа қаласында станокты пулемет командирін дайындайтын қысқа мерзімдік курс бітірген соң, бірден соғысқа араласып, әуелі взвод, рота командирі, одан соң 303-атқыштар дивизиясындағы 2-атқыштар батальонының командирі болып, қатардағы солдаттан капитанға дейін көтерілді. 1945 жылы Вена қаласы үшін болған шайқаста бесінші рет ауыр жараланып, жарты жылдан кейін елге оралды. Ал бұл аралықта, жоғарыда айтқанымыздай, Қадырпатша қызмет еткен дивизия басшылығы оны Бас штаб жанындағы академияда оқуға тіркеп қойған болатын. Денсаулығы мүмкіндік бермеді. Соғыста Бауыржан ағасындай комбат болған Қадырпатша 3 орден, 16 медаль, 9 жауынгерлік алғыс алды. Әзірше солардың ішінен санаулы ғана қазақтар алған Александр Невский орденін атай тұрайық. Қалғандары кейін, деп жазады белгілі қаламгер Зәкір Асабаев «Егемен Қазақстан» газетіндегі мақаласында. Соғыс басталғанда Қадырпатшаның Зайсан шекара отрядында қызмет ететін әкесі Мәми, немере ағасы Сағиолла Уәлиев те әскерге алынады. Бірақ, олар миллион сарбаздан асатын жапондық Квантун армиясы елімізге кез келген уақытта тап бергелі тұрған Қиыр Шығысқа аттанып, 1945 жылғы шешуші ұрысқа дейін сонда болады. Сол жылғы 9 тамыздан 2 қыркүйек аралығында жапондарға қарсы соғыстағы ерліктері үшін Забайкалье әскери округінің қолбасшысы, Кеңес Одағының маршалы Р.Я.Малиновскийдің бұйрығымен ағайынды екеуі сан рет алғыс, «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен наградталып, туған елге аман-сау қайтады.
Ал Қадырпатшаның ұлы, болашақ полковник Төлеухан Қадырұлы Боқажанов 1961-1964 жылдары әскерге шақырылып, азаматтық борышын өтеген шақтарда 1-Инстенбуф танк дивизиясының қарамағындағы 79-гвардиялық мотоатқыштар полкінің басшылығы тарапынан 18 рет жауынгерлік алғыс алады. БТР-60П әскери машинасымен Калининград пен Рига қалаларында өткен әскери парадқа әлденеше рет қатысып, жауынгерлік дайындығы мол, тәжірибелі жүргізуші ретінде және БТР-60П машинасымен Неман өзенінен өткен Бүкілодақтық әскери жаттығу кезінде айрықша көзге түскені үшін КСРО Қорғаныс министрі Р.Я.Малиновскийдің бұйрығымен берілген алғыс жеке жауынгерлік есеп карточкасына жазылады. Солайша соғыс және еңбек ардагері, ержүрек офицер Боқажанов әулетінің төрт ұрпағының тағдыры оларды маршал Малиновский сынды даңқты қолбасшымен тоғыстырып отырған.
Енді осылар және басқаларға біраз жыл Зайсан аудандық «Достық» газетінде редактор болып істеген Қадырпатша Боқажанов көзі тірісінде мұқияттап жазып, тасқа басылған орысша мәтін бойынша рет-ретімен қысқа тұжырымдап тоқталғанды мақұл көреміз.
Ресми өмірдерек
Боқажанов Қадырпатша Мәмиұлы 1921 жылы 15 сәуірде Шығыс Қазақстан облысының Зайсан қаласында туған. Осындағы қазақ орта мектебі және педагогикалық училищеде оқып жүргенде комсомолға, 20 жасында партия қатарына өтеді. Бұл сол кездің өлшемімен қарағанда, сирек құбылыс еді.
Қадырпатша Боқажанов 1942 жылы мамыр айында Кеңес Армиясы қатарына шақырылады. Қайда оқып, қандай әскери мамандық алғанын жоғарыда айттық. 1942-1945 жылдар аралығында қатардағы жауынгерден капитан дәрежесіне көтеріліп, атқыштар батальоны, 2-Украин (Далалық) майданының 57-армиясы құрамындағы 303-атқыштар дивизиясына қарасты 345-атқыштар полкіне командир болады. Украина, Румыния, Венгрия, Чехословакия, Австрияны азат етуге қатысады.
Қадырпатша басқаратын рота Днепрдің оң жағалауынан қарсы бетке өтіп, жаппай шабуыл жасауға жол ашқан операцияны ойдағыдай атқарғаны үшін капитан атағы беріліп, батальон командирі лауазымына жоғарылайды. Сондай-ақ, ол басқарған батальон Верхнеднепровск қаласындағы стратегиялық маңызды нысанды жау қолынан барлау тәсілімен жүргізген шайқаста жедел азат еткені үшін Александр Невский орденімен наградталады. 1945 жылы сәуірде вермахтың Карпат тауларының бөктеріндегі көп мөлшерде қару-жарақ, оқ-дәрі, азық-түлік, басқа да техникалық мүкәмалдары бар, күшті күзет қойылған аса құпия жерасты қоймасын қолға түсіргені үшін барлаушы топқа алғыс жарияланып, Қадырпатша «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталады.
Сан рет бетпе-бет келген ажалдан аман қалған - жан олжа. Елге оралып, Мөкедей арумен отау құрды. Аудандық «Достық» газетінде редактор, аупартком, ауатком, прокуратура саласында жауапты қызметтер атқарды. 1956 жылы Зайсан аупарткомы бюросының шешімімен Үлкен Қаратал селосындағы Киров атындағы мектепке директор болып, 1991 жылғы өмірінің соңына дейін ұстаздықпен айналысты. ҚазПИ-ді сырттай бітірді. 1993 жылы Зайсан қаласындағы Киров көшесіне Қадырпатша Боқажановтың есімі берілді.
Енді 2-Украин (Далалық) майданы, 57-армия, 303-атқыштар полкіне қарасты 1-атқыштар батальонының командирі, гвардия капитаны Қадырпатша Боқажановтың естеліктеріндегі кейбір деректерге зер салайық.
Верхнеднепровскіні азат ету
«1943 жылы Курск шайқасына қатысқан біздің 303-атқыштар дивизиясы Украинаның Солтүстікжағалау деп аталатын аумағын жаудан тазартуға қатысып, сол жылдың күзінде Солтүстік Донец өзенінің бойындағы қорғаныс шебінде тұрды, - делініпті майдангер жазбасында. - Жан алып, жан беріскен күндердің бірінде мені өзіне шақырған 845-атқыштар полкінің командирі полковник С.М.Бедин жау әскерлері екі аптадан бері біздің дивизияны бір адым алға жылжытпай тұрғанын айта келіп, маған барлау операциялары арқылы соғысу тәсілімен әскери бөлімшелердің қарсыластар шебін бұзып өтуіне қол жеткізу керектігі, ол міндет маған жүктелетінін ескертті. Және шабуылдың соңғы шегі Верхнеднепровск қаласы болуы тиіс.
Мұқият жүргізілген шұғыл дайындық нәтижесінде бұйрық бұлжымай орындалды. Жер жағдайының қиындығына қарамай батыл қимылдаған батальон жауынгерлері шепті бұзып, жау әскерлері мен техника күштерін түгелге жуық жойып жіберді. Қарсыластар оперативті плацдармнан айырылды. Верхнеднепровск азат етілді. Ең биік ғимарат төбесінде қызыл ту желбіреп, біздің армияның негізгі күштеріне жол ашылды.
Осынау жауынгерлік тапсырманы мүлтіксіз атқарғаны үшін батальонның жеке құрамы орден, медальдармен наградталды. Әскери бөлімшелердің табысқа жетуін қамтамасыз еткен командир ретінде менің омырауыма Александр Невский ордені тағылды. (Аталмыш орденмен наградталған қазақ ұландары некен-саяқ болғанын қайталап еске саламыз. - З.А.). Ал 303-атқыштар дивизиясы жауынгерлік жетістіктері үшін «Верхнеднепровск атқыштар дивизиясы» деген құрметті атауға ие болды. 1-батальонның солдаттары 303-атқыштар дивизиясының ерлігі мен батырлығының арқасында осындай атаумен әскери тарих шежіресіне енгендерін орынды мақтаныш етеді.
Днепр үшін шайқас
1943 жылы қыркүйек айында армия генералы И.С.Конев басқаратын 2-Украин майданы неміс басқыншылары басып алған көптеген елді мекенді азат етеді. Украинадай стратегиялық маңызы зор аймақтан айырылса, көп ұзамай күлі көкке ұшатынын білген Гитлер өз армиясына Днепр өзені үшін аянбай шайқасып, кеңес әскерлерін өздері орналасқан жағалауға өткізбей қырып-жою туралы үсті-үстіне бұйрық беріп жатты. Қыркүйек айының соңғы күндерінде 303-атқыштар дивизиясы Днепрге таяу қалың орман ішінде тұрды. Біз үшін бір-ақ мақсат - Днепрден өтіп, құмырсқадай қаптаған жау әскерлерін талқандау, сөйтіп, оккупация шеңгеліндегі елді мекендер мен қалаларды тазарта отырып, батысқа қарай жылжу болатын. Сол тұстарда бұл қиынның-қиыны еді. Немістер тарапынан Нарва өзені - Попов - Витебск - Орша - Сож өзені - Днепр өзені - Молочная өзені сызықтарындағы мұздай қаруланған бекініс-қамалдарда тұмсығы тасқа тиетін Қызыл Армия түгелдей күйреп, жоқ болады деген насихат желдей есетін. Мұны жақсы білген кеңестік қолбасшылар қарсы шабуыл жоспарларын жасап, енді оларды іске асыратын сәт жеткен-ді. Бірде мені шақырған полк командирі, полковник С.Бедин: «Днепр үшін басты бәйгеге тігетін кез келді. Коневтың бұйрығы солай. Сіз басқаратын станокты пулеметшілер Днепрден бірінші болып жүзіп өтесіздер. Арғы жағалаудан плацдарм әзірлеп, біздің әскерлер жауға жаппай күйрете соққы беруін қамтамасыз етесіздер. Сіздерге қосалқы көмек ретінде полк резервінен автоматшылардың 2 бөлімшесі беріледі. Оларды тек қатерлі жағдайда ғана ұрысқа қосасыздар. Өзеннен өту таңғы сағат 3-те басталуы керек. Командалық пункттен үш қызыл ракета атылғанда қимылдайсыздар, - деді. Сөйтті де полковник Бедин қос иығымнан қапсыра құшақтап: «Бұл тапсырманы саған сенген соң беріп отырмын», - деп, оң сапар тілеп шығарып салды.
Осы арада мына нәрсеге тоқтала кету артық емес. Кеңес Армиясының саяси қызметкерлері мен барлық деңгейдегі басшылық құрамы Днепр мен Десна өзендерінің батыс жағалауын жедел қолға түсіру керегін жақсы түсінді. Жекелеген құрамдардың моральдық-саяси рухын көтеру үшін операция барысында ерекше ерлік көрсеткендердің барлығына Кеңес Одағының Батыры атағы берілетіні туралы шешім қабылдағанын да жасырмады. Мен өз қарауымдағы жеке құрамға С.Бединнің бұйрығын түсіндіріп болысымен, 2-бөлімше командирі, аға сержант Мәжит Жүнісов: «Аға, тапсырмаңызды мүлтіксіз орындаймын!», - деді қазақшалап. Өзі қайратты, шымыр жігіт еді, көздеріне қарасам, от шашырап тұр екен. «Рахмет, інім», - дедім мен де қазақшалап. Алдын ала айта кетейін, сол жолы ол сөзінде тұрып, көзсіз ерлік жасады. Днепр үшін шайқаста алғашқылардың бірі болып Кеңес Одағының Батыры атанды. Одан кейін де талай сын сағаттарда қазаққа тән батырлық көрсетіп, Прага маңында кездейсоқ снарядтан мерт болды. Мен шығыстан болсам, ол Батыс Қазақстанның тумасы еді. Ешқашан ұмытқан емеспін, ұмытпаймын да.
... Днепрден өту үшін төрт резина қайыққа төрт сарбаздан отырды. Әр қайықта бір-бірден станокты пулемет болды. Әскери тактика мен стратегияда жауда қапы қалдырудың толып жатқан әдісі болады. Біз жаулар судағыларды бірден айыра алмасын деп әуелі өзенге бөренелер жібердік. Қалқан болу үшін біздің жақтан артиллеристер өзеннің арғы бетіндегілерді тынымсыз атқылаумен болды. Жау да қарап қалмай, бұршақтаған оқ айналаға шолп-шолп түсіп жатты. Су беті көк түтінге толды. Әйтеуір, арғы бетке шығынсыз өтіп, бірден фашистермен қоян-қолтық шайқасқа түстік. 80 немісті жойып, 20-ын тұтқындадық. 8 ауыр техникасын жарып жібердік. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» дегеннің растығын бұған дейін талай рет аңдасам, бұл жолы одан сайын көзім жеткендей болды. Қолма-қол ұрыста Жүнісов ту сыртынан төніп келген қос фрицті шалт бұрылып, шалып түсті. Ай, өлді-ау деп ем, өлген не, 80 немістің үштен бірін жер жастандырған да ортамыздан бірден-бір Кеңес Одағының Батыры атағын алған да Мәжит болды. Ал мен капитан атанып, құрамында орыс Степанов, украин Среда, оралдық Мәжит Жүнісов, қызылордалық Асан Әбдірахмановтай қазақ батырлары, басқа да ұлттардың жаужүрек ұландары бар батальон командирлігіне жоғарыладым.
Жыл сайын 9 Мамыр - Жеңіс күні Чехияның парламент мүшелері, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар өкілдері, ТМД елдерінің елшілері Прагадағы Ольшанка зиратына барып, соғыста қаза тапқан жауынгерлер рухына тағзым етеді, гүлдесте қояды. Онда 7 Кеңес Одағының Батыры жатыр. Біреуі - Мәжит Жүнісов.
Вена операциясы
Бұл бөлімде Венгрияның батыс бөлігі мен Австрия астанасы Вена қаласын неміс фашистерінен азат ету жолындағы стратегиялық шабуыл және вермахтың құпия объектін қалай қолға түсіргеніміз хақында баяндалады. Аталмыш шабуыл операциясын 2-Украин майданының 3 және сол қанатының жауынгерлері жүзеге асырды. Егжей-тегжейі былай.
Жау жағы Венаға кіретін тұсқа 3 бірдей қорғаныс қуысы бар тереңдетілген эшелонды бекініс орнатып, өзге де мықты әскери-инженерлік құрылыстар салыпты. Әрі олардың қарсыласу мүмкіндігін арттыруға орман-тоғайлы алқаптардың себі мол еді.
Соған қарамай, 6 сәуірде Венаға басып кірген кеңес әскерлері қала тұрғындарын ешқайда қозғалмай, бізге көмектесіп, фашистердің қаланы қиратуына жол бермеуге шақырды. Сонымен қатар, Австрияның тәуелсіздігін танитын Мәскеу декларациясы мүлтіксіз орындалатыны жөніндегі Кеңес үкіметінің мәлімдемесі жария етілді.
13 сәуірде кеңес жауынгерлері қиян-кескі шайқастан соң Венаны азат етіп, қайта туған Австрия мемлекетінің жаңа дәуіріне негіз қаланды. Осындай «отты» күндердің бірінде мені полк штабына шақырған полковник С.М.Бедин барлау қызметінің мәліметтері бойынша, Вена қаласының солтүстік-батыс жағындағы Карпат тауларының бөктерінде вермахтың көп мөлшерде құрылыс материалдар, қару-жарақ, оқ-дәрі, азық-түлік, басқа да материалдық игіліктер сақталған құпия жерасты объектісі бар екені жөнінде хабарлады. Оны күшейтілген арнайы күзет жасақтары қас қақпай қорғап, баратын жолдар мен айнала төңірек, қойманың іші-сыртына дейін мина қойылыпты. Сондықтан, батальонға жүктелетін міндет аса күрделі де жауапты, қауіпті. Күзетшілердің «у-шусыз» үндерін өшіріп, миналарды залалсыздандырып, бай олжаны қолға түсірсе, батальонға үлкен абырой. Әрі арттан көмек жеткенше ішіп-жем, киім-кешек, жанар-жағармай, оқ-дәрі қоры таусылуға айналған әскер құрамалары талғажау ете тұруларына жақсы болмақ.
Тиісті нұсқау-кеңес алып, жол болсын жоралғысы айтылған бойда батальонға оралдым да, рота, взвод командирлерінің басын қосып, құпия объектінің барлық ерекшеліктерін ескере отырып, қалай басып алу керегін бүге-шігесіне дейін ақылдастық. Ақылдастық та іске кірістік. Сол түні басшылық алға қойған жауынгерлік міндет мінсіз орындалды. Дымын шығармай жаһаннамға аттандырғандардан тыс, 20 фашисті тұтқындап, қоймадағы орасан байлықты мұртын бұзбай қолға түсірдік. Бір қарағанда, бұл айтуға жеңіл көрінгенмен, тұтас бір батальон сарбаздары дозақ отына тірідей кіріп-шыққанмен бірдей қатерлі операция еді. Жанкештілік. Сондықтан да...
1943 жылы 20 қазанда Далалық майданның аты 2-Украин майданы болып өзгертілді. 1945 жылғы көктем айларында майданның сол қанаттағы сарбаздары үсті-үстіне шабуылға шығып, Вена қаласын толықтай азат етті. Сондықтан да, майдан қолбасшысы, Кеңес Одағының маршалы, Родион Яковлевич Малиновский Вена қаласының солтүстік-батыс жағындағы Карпат тауларының бөктерінде орын тепкен вермахтың аса құпия объект-қоймасын барлаушы топпен бірге қысқа мерзімде қолға түсірудегі ерлігі мен батылдығы үшін батальон командирі Қадыр Боқажановты жауынгерлік Қызыл Ту орденімен наградтап, өз қолымен табыс етті. Ал әскери тағдыры маршал Малиновскиймен тоғысқан Боқажановтар әулетінен шыққан төрт ұрпақ өкілдері жайында жоғарыда айттық.
Егер 1945 жылдың көктемінде бесінші рет ауыр жараланып, бес айдан астам госпитальда жатпағанда, Александр Невский орденінің иегері Қадырпатша Боқажанов, сөз жоқ, генерал болары хақ еді. Өйткені, оны академияда оқуға кандидат етіп тіркеп қоймап па еді?! Құжаттар солай дейді!