Осы аптада Брюссельде өткен Еуропалық елдер көшбасшылары саммитінде Париж бен Берлиннің АҚШ арнайы қызметінің бірқатар азаматтардың, сондай-ақ ел мен ведомство басшыларының телефон арқылы және интернет коммуникация арқылы сөйлесулерін тыңдау мүмкіндігіне қатысты алаңдаушылығы басты талқыланған тақырыпқа айналды.
Саммит қарсаңында Францияның Monde газеті басылымға АҚШ арнайы қызметінің бұрынғы қызметкері, бүгінде қашқынға айналған Эдвард Сноуденнен түскен мәліметтер бойынша 2012 жылдың желтоқсаны мен 2013 жылдың қаңтары аралығында АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік агенттігі Францияның 70,3 миллион телефон әңгімелерін тыңдағандығын жария етті.
Дәл осыған ұқсас материал жария еткен Bild газеті тіпті американдық арнайы қызметтің ГФР канцлері Ангела Меркельдің де ұялы телефонмен әңгімелесулерін тыңдауы мүмкін деген ақпарат таратты. Ал ЕО саммит отырысы қызып, шарықтау шегіне жеткен жұма күні британдық he Guardian газеті өздерінде бар Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің 2006 жылғы жазбаларына сүйеніп, АҚШ арнайы қызметі 200 телефон нөмірін, оның ішінде 35 әлемдік көшбасшының жеке нөмірлерін тыңдауға алғандықтарын хабарлады.
Бұларға бір мезетте телефон тыңдауға қатысты материалдар итальяндық басылымдарда да жарық көрді. Бұл елдің басылымдары да АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік агенттігі мен Британияның үкіметтік байланыс орталығы Италия Үкіметі мен күш-қуат құрылымдарының ішкі байланысын аңдып, сондай-ақ Италияның қатардағы азаматтарының телефонмен әңгімелесулерін тыңдағандығын жазды.
Бастапқыда экономикалық күнтәртіптегі мәселелерді талқылау жоспарланған ЕО саммиті іс жүзінде трансатлантикалық кеңістіктегі одақтастар арасындағы сенім тақырыбына толығымен ойысты.
Саммитте сөз алған Франция президенті Француа Олланд Вашингтонның Еуропалық одақ елдерінің телефонмен сөйлесулерін бақылау бойынша жүргізген арнай операцияларына қатысты толық ақпарат беруі тиістігін баса айтты. Бұл ретте ол АҚШ-тың аталған мәселеге қатысты айтары болатындығына сенім артатындығын жеткізді.
Брюссельдің биік мінберіне көтерілген А.Меркель де достарына, одақтастарына аңду жүргізу кешірілмейтін жайт екендігін баса айтып, кейістік танытты. Оның атап өтуінше, қарым-қатынас сенім негізінде қалыптасады, ал қазіргі сәтте сенімге сызат түсіп отыр әрі оны қайта қалпына келтіру үшін көп күш-жігер жұмсау қажет. Сонымен қатар ол жыл соңына дейін АҚШ-тан Берлин және Парижбен бір-біріне қарсы барлау қызметін жүргізбеу туралы келісім жасауды талап етті.
Айта кетерлігі, Олланд та, Меркель де Ақ үй қожайыны Барак Обамамен телефон арқылы байланысқа шығып, аталған жайтқа байланысты өздерінің наразылықтарын білдірді. Оларға жауап берген Б.Обама АҚШ-тың арнайы қызметі олардың жеке өмірлеріне бақылау жүргізбейтіндігін айтып, сендіруге тырысты. Дегенмен, бұдан сәл ертерек Вашингтон өз түсіндірмелерінде Еуропа мен Латын Америкасы елдерінің жоғары лауазымды тұлғаларына қатысты тыңшылықты тікелей жоққа шығармаған еді. Әрі оны лаңкестікпен күрес бойынша жұмыстардың қажеттілігіне сілтеген болатын.
Саммит барысында Германия мен Франция басшылары барлау қызметінің нақты ауқымын бағамдау әрі бұл фактіні анықтау бағытындағы жұмыстарды бірлесіп атқаруға уағдаласты. А.Меркель өз сөзінде арнайы қызметтердің мұндай жұмыстары нақты келісім негізінде реттелуіне қол жеткізуге барын салатындығын баса айтты.
Американдық Foreign Policy мәліметтері бойынша Бразилия мен Германия өкілдері қазірдің өзінде-ақ ғаламтордағы жеке өмірге араласпау құқығын алға жылжытуға мүмкіндік беретін БҰҰ-ның жеке бас қарарын қабылдау мүмкіншілігін қарастыруда. Бұл ретте әңгіме 1996 жылы қабылданған Саяси және азаматтық құқық туралы халықаралық конвенция ережелерін өзгерту төңірегінде де болып отыр. Бұл бастама АҚШ Ұлттық қауіпсіздік қызметінің шетелдік коммуникацияларға баса-көктеп кіруіне тосқауыл қоюға бағытталған алғашқы қадам болатындығы күтілуде.
Саммит қорытындысында ЕО елдерінің көшбасшылары Еуропалық одақ жүйелі шпиондықтың жолын кесу үшін нақты іс-қимылдар қабылдау тиіс деген ұстанымды қолдады. ЕО саммитінде қабылданған мәлімдемеде барлау мәліметтерін жинау халықаралық лаңкестікпен күрестің маңызды элементі болып табылатындығы, дегенмен одақтастар арасындағы өзара сенімнің жоғалуы қарым-қатынасқа соққы болып тиетіндігі айтылған.