Есте болса, 29 қаңтар күні АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесі өткен жылдың желтоқсан айында басталған дағдарысқа қарсы бағдарламаны одан ары созбай алып тастайтындығын жария еткен болатын. Бұл ретте ынталандыруды кезең-кезеңімен төмендету арқылы экономиканы доллармен жабдықтаудан бірте-бір бас тарту жоспарланған еді.
АҚШ Федералды резервтік жүйесінің бағдарламаны алып тастау туралы бұл мәлімдемесіне іле-шала нақты қадамдармен жауап қатқан американдық биржа баға белгілеуді төмендетіп жіберді. Мәселен, сол күні сауда-саттық қорытындысы бойынша S&P 500 кең нарықтың индексі 1, өнеркәсіптік Dow Jones Industrial индексі 1,2, жоғары технологиялық Nasdaq индексі 1,1 пайызын жоғалтты.
Сарапшылардың атап өтуінше, Федералды резервтік жүйенің шешімі экономикасы дамушы бірқатар елдердегі валюта курсының күрт төмендеуінің басты себебіне айналды. Бұл шара бұдан бұрын да болжанғандығына қарамастан инвесторлар барынша тұрақты дамыған нарықтарға капиталдарын ауыстыра бастады. Міне осы жайттардың қорытындысында бірқатар елдердің валюталары долларға қатысты құнын жоғалтуға мәжбүр болды. Мәселен, ресейлік рубль 5,6, ал аргентиналық песо 18 пайыз құнын жоғалтты.
Қаржы мамандарының талдауларына қарағанда, қазіргі уақытта дамушы нарықтар барынша оңтайлы жағдайды, мәселен, негізгі пайыздық ставкаларды жоғарылату арқылы паш етуі тиіс. Дәл осындай шараны қазірдің өзінде Түркия билігі сәтті қабылдап та үлгерді.
Бұрынғы кеңестік кеңістіктегі елдер арасындағы ахуалдың дамуындағы көптеген трендтер өңірдегі ірі экономика және негізгі кредитор саналатын Ресейдегі жағдаймен байланысты қалыптасатындығы түсінікті. Бұл орайда Қазақстан мен Ресейді экономикалық құрылымдарының ұқсастығы байланыстыра түседі. Ал бұл орын алуы мүмкін үрдістерді болжау тұрғысында өте маңызды екендігі анық.
Өткен аптада Халықаралық валюта қоры 2014 жылғы Ресей экономикасы өсімінің болжамын 3-тен 2 пайызға дейін төмендетті. Дегенмен мемлекеттің ағымдағы жылғы ішкі жалпы өнімі өсімінің болжамы бұрынғы деңгейде 5,1 пайыз көлемінде, ал ТМД елдерінікі (Ресейді қоспағанда) 4-4,3 пайыз мөлшерінде қалыптасып отыр.
Сарапшылардың бағалауларына сәйкес ұлттық экономикаларға бірқатар теріс факторлар әсер ететін болады. Олар мыналар: Ресей ІЖӨ өсімі нөлдік деңгейде ауытқып тұрады, рубль барынша әлсірейді, өнеркәсіп теріс сальдоға ие болады. Сонымен қатар соңғы 7 апта бойы қорлардағы ресейлік активтерді инвестициялайтын қаржылардың жылыстауы белең алып келеді. Мәселен, 2013 жылдың қыркүйек айынан бергі аралықтағы қаржы жылыстауы осы жылғы қаңтар айының соңғы онкүндігінде тіркеліп, ол 230 млн. долларды құрады. Ал өткен жылғы қаржы жылыстау 62,7 млрд. доллар сомасында белгіленген еді.
Ал рубльдің әлсіреуі салдарынан инвестицияларға тыйым салу, тұтынушылық активтердің төмендеуі орын алып, одан кейін ішкі жалпы өнім мен өнеркәсіптік өндірістің төмендейтіндігі анық. Валюта курсының төмендеуінен көмірсутек шикізатын экспорттайтындар мен металлургия тауарларын өндірушілер ғана пайдаға кенеле алады. Дегенмен, әлемдік экономика белсенділігінің төмендеуі байқалып отырғандықтан соңғы сәттерде бұл драйверлердің өсімі құлдырайтын болады.
Ресей экономикасының құрылымы өзін-өзі қамтамасыз ету әлеуетіне ие емес. Яғни, экономиканың шынайы секторы көп жағдайда сыртқы факторларға тәуелді. Сарапшылардың бағалауынша, ресейлік тауарлардың өзіндік құнының шамамен 75 пайызын импорттық өндіріс жиынтықтары құрайды. Тіпті, елдің агроөнеркәсіп кешені секторының өзі көп жағдайда импорттық азыққа тәуелді болып отыр. Егер рубль курсы төмендетуін жалғастыра берсе онда ол инфляциялық үдерісті жеделдетін болады. Ал бұл ұлттық экономиканы әртараптандырудың одан арғы жоспарына айтарлықтай кедергі келтіреді.
Өсімге кедергі келтіретін басқа проблемалар қатарында экономикадағы мемлекет қатысуының едәуір молдығы, моноқалаларда жаппай жұмыссыздық орын алу қаупі және инфрақұрылымдар мүмкіншілігінің шектеулілігі бар.
Қазіргі уақытта Ресей билігі халықты елде басталған девальвацияға байланысты үрейге бой алдырмауға әрі шетел валютасын сатып алмауға шақыруда. Мәселен, 27 қаңтар күні РФ Орталық банкінің төрайымы Эльвира Набиуллина рубль курсының құлдырауы әлемдегі макроэкономикалық үдерістермен және еуро мен доллардың барлық әлемдік валюталарға қатысты қымбаттауымен байланысты екендігін мәлім етті.
Бірақ, бірқатар сарапшылар орын алып отырған барлық теріс факторлардың жиынтығы кезекті дағдарысқа жетелейтін белгілерді көрсетіп отырғандығын айтуда. Алайда олар 1998 және 2008 жылдары орын алған жаппай дағдарыстың бүгінде «ауылы алыс» екендігін жарыса ескертуде.