Еурокомиссияның басшысы лауазымында Люксембургтің бұрынғы премьер-министрі Жан-Клод Юнкер сайланды. Жұма күні Брюссельде өткен саммитте ЕО елдерінің көшбасшылары оның кандидатурасына алдағы бес жылдық кезеңге, яғни, 2019 жылға дейін дауыс берген болатын. Ол 2004 жылдан бері Еуроодақ органының басшысы болып келген Жозе Мануэл Баррозудың орнын басады. Ж.Баррозудың өкілеттігі ағымдағы жылдың қарашасында тәмамдалмақ.
Юнкердің кандидатурасын Еуропалық халықтық партия ұсынған еді. Көпшілік күткендей, оның кандидатурасы одақ елдерінің басым бөлігі тарапынан қолдауға ие болды. Нақты айтқанда 28 еуропалық көшбасшының 26-сы оның кандидатурасына қолдау білдірсе, Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон мен оның венгерлік әріптесі Витор Орбан қарсылық танытты.
Жан-Клод Юнкер 1954 жылдың 9 желтоқсанында Люксембург Ұлы Герцогтігі Реданж-сюр-Аттерт коммунасында орташа дәулетті отбасында дүниеге келген болатын. Заңгер білімін алған ол еш уақытта да мамандығы бойынша жұмыс істеген емес. Яғни, 1974 жылдан Христиан әлеуметтік-халықтық партиясы сапына өтіп, саяси мансап жолын бастаған. Люксембург Үкіметінде және ЕО органдарында түрлі лауазымды қызметтер атқарған. 1995-2013 жылдары аралығында Ұлы Герцогтіктің премьер-министрі болған. Шпиондық жанжалға байланысты оппозиция тарапынан өз партиясына сенімсіздіктің орын алуына орай лауазымды қызметінен кеткен. Дегенмен, қазіргі таңда жалпыеуропалық құрылымдағы елдің партияларының басым бөлігінің қолдауына ие. Сонымен бірге ол Еуропаның ықпалды саясаткерлерінің бірі саналады.
Саяси басымдық тұрғысында Жан-Клод Юнкер барынша еуропалық интеграцияның және ЕО институттарын күшейтудің сенімді жақтасы. Сонымен қатар ол бірыңғай еуропалық валютаның құрылуына негіз қалаған Маастрихт шартының сәулетшілерінің бірі саналады әрі «мистер Еуро» лақап атына ие болған. Бұған қоса, ол Еуро аймақтың қаржы министрлер тобын құрушы болып та саналады. Еуропалық одақтың бірқатар экономикалық стратегиясын әзірлеуші ретінде де кеңінен танымал. Юнкер Брюссельге қосымша өкілеттік беруді де барынша қолдайтын саясаткер.
Юнкер басшылық жасайтын Еуропалық халықтық партия Еуропарламенттің мамырда өткен сайлауында жеңіске жеткен болатын. Бұл сайлау Үндістандағы парламенттік сайлаудан кейін электораттар саны көп болған екінші саяси шара еді. Сонымен бірге ағымдағы жылы алғаш енгізілген процедураға сәйкес Еурокомиссия басшысын сайлауда оның кандидатурасына қарсы берілген екі дауыс шешуші рөл ойнай алған жоқ.
ЕО елдері көшбасшыларының жұма күнгі саммитінің қорытындысын әлі де болса Еуропарламентте бекіту қажет. Дегенмен, онда тұрған еш проблема туындай қоймайтындығы анық. Өйткені, оны түбегейлі парламенттік басымдыққа ие екі ірі фракция - Еуропалық халықтық партия мен Еуропалық социалистер партиясы қолдайды.
Лондон үшін Юнкер фигурасы Еуроодақтың қарсыласы Ұлыбритания кейпімен байланысты. Д.Кэмерон Еуропалық комиссияның жаңа сайланған басшысын бірлестікке қатысушылардың ұлттық мүддесіне қайшылығы бар еуроинтеграция идеясына барынша берілгені үшін жиі сынға алып келеді. Сондықтан да Юнкер үшін Лондонмен арадағы көзқарас қайшылығын реттеу ең бірінші сынақ болмақ.
«Ұлыбритания Еурокомиссияның жаңа басшысымен жұмыс істейтін болады. Дегенмен, біз өзіміздің жеке мүддемізді қорғау үшін барлық қажетті шараларды жасаймыз. Біз бұл теріс, дұрыс сайланбаған кандидатура деп санаймыз. Яғни, Еуропа үшін бұл қара күн», - деп мәлімдеді Біріккен Корольдіктің премьер-министрі.
Дегенмен, Еуропарламент сайлауларының қорытындысына сәйкес Юнкер фигурасы Еуропаның келесі басты саясаткері ГФР канцлері Ангела Меркель тарапынан жария түрде қолдауға ие болды.
Юнкер өз бағдарламасының басты тезистерінде әлеуметтік бағытталған саясатты, ЕО-ның барлық елдері үшін жалақының төменгі деңгейін енгізуді атады. Ол Еуроодақты кеңейту мәселесінде сақтық жасап, прагматикалық әдіске ден қойып отыр.