ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Еуропа парникті газдар шығарындыларын 2030 жылға қарай 40 пайызға дейін қысқартпақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішінде әлем назары Жапонияда орын алған жемқорлық дау-дамайға, француздық Total энергетикалық концернінің президенті Кристофа де Маржеридің апаттан қазаға ұшырауына, Канадағы атысқа және Брюссельде өткен ЕО-ға мүше 28 мемлекет басшыларының саммитіне ауғаны сөзсіз. Бірден айта кетерлігі, ЕО басшылары саммитінде ауаға парникті газдар шығарындыларын айтарлықтай қысқарту туралы шешім қабылданған болатын.

Дегенмен, әлем назарын өзіне аударған жоғарыдағы оқиғаларға жеке-жеке тоқталар болсақ, 20 қазан, дүйсенбі күні Жапония үкіметінде басты қызметте болған 2 шенеунік сайлаушыларды параға сатып алу күдігіне байланысты өз еріктерімен отставкаға кетті. Олар Үкіметтің жаңа басшысы қызметіне лайықты саналған үміткерлердің бірі елдің Экономика, сауда және өнеркәсіп министрі Юко Обути мен Әділет министрі Мидори Мацусима болатын.

Маңызды қызметтердің билігін қолына топтастырған бұл министрлердің қызметінен кетуі бұған дейін мұндай жанжалға еш себеп бермеген елдің Премьер-Министрі Синдзо Абэ бастаған үкіметке қатты соққы болғаны сөзсіз. Мидори Мацусима мен Жапонияның бұрынғы үкімет басшысы болған марқұм Кэйдзо Обутидің қызы Юко Обути қыркүйектің басында ғана жаңарған қазіргі министрлер кабинетіндегі гендерлік теңдік үшін күрес ұраны аясына шоғырланған 5 әйел тобына кіретін еді.

Сейсенбі, 21 қазанда Мәскеудің «Внукова» әуежайында Falcon-50 ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан француздық Total энергетикалық концернінің президенті Кристофа де Маржеридің қаза табуы әлем жұртшылығына тарады. Сағатына 250 шақырымдық жылдамдықпен зымырап келіп, енді әуеге көтеріле берген ұшақ ұшу жолағына шығып кеткен қар жинайтын көлікті іліп кетті. Соқтығыстың салдарынан оң қанатына қарай қисайған ұшақ жерге соғылған. Тергеу амалдары барысында қар тазалайтын машинаның жүргізушісі Владимир Марыненко мен басқа да апатқа кінәлі күдіктілер тұтқынға алынды. «Внуково» халықаралық әуежайы» ААҚ бас директоры Андрей Дьяков мен «Внуково әуежайы» ААҚ бас директорының орынбасары Сергей Солнцев өз еріктерімен қызметтерінен кетті.

Сәрсенбі, 22 қазан күні Канада астанасы Оттава шаһарын үрей елесі кезді. Өйткені қаланың қақ ортасында белгісіз біреу оң жаудырып, соның салдарынан бір адам қаза тапса, жарақат алғандардың саны 4 адамға жетті. Полиция қызметкерлері қылмыскердің көзін жойғанымен, оның болуы мүмкін сыбайластарын іздестіру әлі де жүргізілуде. Қайғылы оқиға Бірінші дүниежүзілік соғыс батырларына арналған Ұлттық мемориал жанында орын алды. Бетперде киген адам құрметті қарауыл жауынгерін бытыралы мылтықпен атып тастап, мемориалға тақау тұста орналасқан Канада Парламенті ғимаратына баса-көктеп кірді. Күзетшілер және полиция қызметкерлерімен арадағы қарулы қақтығыс барысында қылмыскер Парламент кітапханасында оққа ұшты. Полиция оққа ұшқан адамның аты-жөнін де атап отыр. Ол - Канада азаматы Зихаф Бибо. Анықталған жайттарға қарағанда, ол 2001 жылдан бері заңға қайшы әрекеттерге жиі барған көрінеді. Осы аралықта оған қатысты 11 мәрте айып тағылған.

Қылмыскердің мұндай қадамға не үшін барғаны әзірше белгісіз. Тергеу барысында оның исламшыл лаңкестік ұйымдармен байланысы тексерілу үстінде. Ислам мемлекетінің үгіт-насихат жүргізетін бөлімшесінің Твиттерінде қарулы адамның суреті жарияланды, сурет астында оның оның аты-жөні Зихаф Бибо деп жазылған. Канада бұқаралық ақпарат құралдары суреттегі адам күдікті екендігін қуаттап отыр. Дегенмен Ислам мемлекеті Оттавадағы оқиғаға байланысты жауапкершілікті өз мойнына алған жоқ.

Келесі күні, бейсенбі 23 қазанда Вашингтондағы Ақ үй аймағына белгісіз адам кірмек болды. Оны иттің көмегімен Құпия қызмет агенттері қолға түсірді. Ол АҚШ Президенті Барак Обаманың резиденциясына қоршаудан асып түскен сәтте иттердің қармағына іліккен. Қаскүнем иттердің бірін теуіп жібергенімен, екінші иттен қашып құтыла алмады. Дәл осы сәтте оқиға орнына арнайы қызмет агенттері жетіп, оны қолға түсірді.

Жұма 24 қазан күні Брюссельде өткен ЕО-ның 28 елінің мемлекет және үкімет басшылары саммитінде 2030 жылға дейін ауаға таралатын парникті газдар шығарындыларын 1990 жылғы деңгеймен салыстырғанда 40 пайызға дейін төмендету туралы шешім қабылданды. Бұл келісім ЕО-ны энергетикадағы экологиялық таза технологияны дамытуда алдыңғы қатарға шығаруы мүмкін. Бұл мақсаттағы басты құрал парникті газдар шығарындыларын саудалаудың еуропалық жүйесі болмақ. Болжам бойынша 2021 жылға қарай парникті газ шығарындыларының рұқсат етілген максималды деңгейі жыл сайын қазіргі уақыттағы 1,7 пайыздан 2,1 пайызға дейін төмендемек.

Сонымен қатар ЕО көшбасшылары 2030 жылға қарай жаңартылатын көздерден өндірілетін энергия көлемін кемінде 27 пайызға жеткізу туралы шешім қабылданды. Бұл мақсат 2020 жылға дейін 30 пайызға дейін арттырылуы мүмкін. Бұған қоса, ЕО елдері энергетикалық тиімділік деңгейін 27 пайызға артыруды жоспарлауда. Міндетті түрде орындалуы тиіс бұл шешім Брюссельде өткен қызу пікірталастан кейін қабылданды. Өйткені кейбір қатысушылар өз елдерінің экономикалық мүддесін алға тартып, мұндай қиын міндетті жүктеуге наразылық танытқан еді. Мәселен, көмірге тәуелді Польша жаңа еуропалық міндеттемелер экономикасының өсім қарқынын төмендетуге әкеледі деп қауіптенуде. Ұлыбритания да жел, күн, су сынды жаңаратын энергия көздерін дамыту бойынша қатаң ұлттық міндеттемелерге қарсылық танытты. Дегенмен Еуропалық кеңес төрағасы Херман Ван Рампей Твиттерде: «Шешілді! 2030 жылға қарай эмиссия 40 пайызға дейін қысқарады», - деп жазба қалдырды.