Алғашқы толқулар 13 маусымда метро мен автобустарда жүру билеті құнының артуына қарсылық танытқан адамдар тобының шеруімен бастау алған еді. Дәл осындай шағын шерулер елдің басқа да бірнеше қаласында байқалды.
Жексенбі, 16 маусым күні шерушілер Мехиконың басты стадионына тақау жерге жиналып, Конфедерация кубогы матчына өз талаптарымен басып кіруге ұмтылды. Шерушілер мемлекеттің 2014 жылы Футболдан әлем чемпионаты мен 2016 жылы Олимпиада ойындарын өткізуге қаржылық шығыстары жоспарына қарсылық танытты. Полиция қызметкерлері шерушілерді тарқату үшін көз жасаурататын газ бен резеңке оқ қолданды. Соның салдарынан 33 адам жарақаттар алып, жиырмаға жуық акцияға қатысушы тұтқындалды.
Мемлекет жоғарыда аталған әлемдік деңгейдегі спорттық шараларға, нақты айтқанда, мундиаль өткізуге 15 млрд. доллар, ал Олимпиада ойындарына 13 млрд. долларды шығындауды жөн көріп отыр. Бұл сома халықтың басым бөлігінің наразылығын туындатып отыр. Өйткені ел тұрғындарының басым бөлігінің тұрмыс-тіршілігін жоғары деп айтуға да келмейді. Бразилия Латын Америкасы елдері арасында жемқорлыққа қарсы тұру, білім беру деңгейі бойынша соңғы сатыға жайғасса, ал салық жүктемелерінің өсу қарқыны бойынша алдына жан салмай келеді.
Қарсылық танытушылар бұл қаражаттарды әлеуметтік бағдарламаларға, бірінші кезекте денсаулық сақтау мен білім беру саласында жұмсауды талап етуде. Осы аптаның басында қарсылық таныту деңгейі тіпті күшейе түсті. Бұған дейінгі қоғамдық көліктердегі жол жүру билеті құнының артуына байланысты туындаған акциялар саяси реңк алып, жаңа талаптар қойыла бастады. Олардың басты қозғаушы күші орта буын өкілдері, атап айтқанда, инженерлер, менеджерлер мен студенттер болды.
Елдің 11 қаласында қарсылық толқулары тыншыр емес. Мәселен, Бразилияда 5 мың шеруші Ұлттық конгрес ғимаратының шатырына шығып кетсе, Сан-Паулуда 65 мыңнан астам, Рио-де-Жанейрода 100 мыңнан астам адам көшеге шықты.
Сан-Паулу мен Рио-де-Жанейро қалаларында күрделі ахуал қалыптасып отыр. Қарсылық акцияларына қатысушылар полицейлерге фаерлер мен бөтелкелер лақтырды. Сан-Паулуда қарсылық танытушылардың бірқатар тобы заңға қайшы әрекеттерге қасақана барып, кеңселер мен дүкендерді, автомобильдерді өртеп жіберді. Шерушілерге тосқауыл қою үшін сауытты техникалар, тікұшақтар мен ерекше мақсаттағы жасақтар тартылды.
Сейсенбі күні Бразилияның 7 ірі қаласының билігі қоғамдық жол жүру билетінің құнын төмендетуге мәжбүр болды. Тұрғындар мұндай жайтты оң қабылданғаны сөзсіз. Дегенмен, желіккен топқа бұл еш тоқсауыл бола алмақ емес. Бразилиялық БАҚ-тың хабарлауынша, бейсенбі күні Бразилияның 100 көшесіне шыққан қарсылық танытушылардың қатары миллион адамнан асып жығылды. Бұл наразылық соңғы 20 жыл ішіндегі ең үлкен бұқаралық қарсылық акциясы болып отыр.
Орын алып отырған ахуал ел президенті Дилма Руссеффтің араласуын талап етіп, ол жұма күні үкіметте шұғыл жиын өткізді әрі шерушілерге үндеу жолдады. Ол шерушілерді жақтап, адамдардың өз наразылықтарын білдіруге құқықтары бар екендігін атап өтті. Сонымен қатар үкімет тарабынан қабылданған шығыстар жоспары әлі де болса түзетулерді қажет ететіндігін мойындады. Президент сондай-ақ мұнай өндіруден түскен табыстың бір бөлігін білім беру саласына бөлу туралы идеяны қолдайтындығын баса айтты. Бұдан бөлек, Д.Руссефф қоғамдық көлікті оңтайландыру туралы ұлттық жоспарды дайындау керектігі жайында мәлімдеме жасады.
Толықтай алғанда, қала көшелеріндегі ахуал әлі де болса тұрақтанған жоқ. Шерушілер бұған дейінгі талаптарын әлі де қоюда. Дегенмен, полициямен арада айтарлықтай қақтығыстардың орын алмағандығы аталып өтуде.
Бразилия президентінің тосыннан шерушілерге қолдау көрсету саяси талаптар қатарының арта түсуіне себеп болуы мүмкін деген болжам айтылуда. Бұған қоса, барынша таяу аралықта билікке әлеуметтік салаларды қаржыландырудың қолданыстағы тетіктерін байыпты қарауды көздейтін басқа да ұлттық жоспарларды қабылдау қажеттілігі туындап отыр. Олай болмаған жағдайда жаңа толқулар мен елдегі саяси дағдарыстың туындау тәуекелі сақталуы айқын.