ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Қырым әлемдік мүдделер қақтығысуының жаңа аймағына айналып келеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Украинаның Қырым автономды республикасындағы жағдайларды жөнге салып реттеу бұл күндері барлық әлемдік қауымдастық назарын аударып отыр. Естеріңізге сала кетейік, бұл аймақтағы жағдай осы аптаның басында Киевтегі билік оппозиция күштері қолына тигеннен кейін шиеленісе түскен болатын.

Бірнеше күн ішінде ата заң өзгертіліп, ел билеушісі қызметінен қудаланды (шеттетілу тұжырымдамасы себебімен), үкімет құрылды. Осы апта бойы ел президенті Виктор Янукович Киев түбіндегі Межигорье резиденциясын тастап, Украинаның оңтүстік шығыс аймағында жасырынып, ақырында Ресейдің Дондағы Ростов маңынан бір-ақ шықты. Бұрнағы күні ол баспасөз мәслихатын ұйымдастырып, онда әлі де өзін іс басындағы мемлекет басшысы деп есептейтінін, ал жаңа билік пен олардың бастамалары қауқарсыздығын айтып мәлімдеме жасады.

Қалай болғанда да, ешкім саяси тұрғыда оның өмірінің біткеніне еш күмән туғызбайды. Ең басты қауіп іс басындағы президенттің Ресейден Украинаның оңтүстік-шығыс бөлігі мен Қырым түбегіндегі тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін саяси әрі әскери көмек сұрау мүмкіндігімен байланысты туындаған болатын.

Алайда В.Янукович Ресейден Украин жеріне шабуыл жасау өтінімін жасаған жоқ. Дегенмен ол бірнеше мәрте ресми Мәскеудің көршілес елдегі, әсіресе орыстілді халқы басым шоғырланған өңірдегі ахуалды реттеуге келгенде бейтарап қалып отырғандығына түсінбейтіндігін баса атап өткен еді. Ол көп жәйттің бетін ашты, түсіндірді, баяндады, тіпті саяси болашақ жайындағы да ойларымен бөлісті. Дегенмен мұның барлығы да тарихта соңы белгілі саяси отқа май құюмен теңелді. Қазіргі уақытта елдегі ахуалды бағалайтын болсақ, бүгінде Қырым автономиясында орын алып жатқан оқиғалар барынша маңызды екендігі айқын білінеді.

Бүгінгі таңда түбекте қоныс тепкендердің 60% пайызын орыстар, 17% пайызын украиндықтар, 12% пайызын қырым татарлары, сондай-ақ басқа ұлт өкілдері құрайды. Бұл фактордан тыс Ресейде Қырымның Мәскеуге ғасырлар бойы басыбайлы тиесілі екеніне баса назар аударылуда. Кейбір пайымдарға қарағанда, бұл өлке Никита Хрущевтің асығыс шешімі салдарынан 1954 жылы Украинаға берілген. Сонымен бірге Ресей Қара теңіз флотының Қырымға келуіндегі стратегиялық маңызы да естен шығарылмауда.

Міне, осындай оқиғалардың аясында апта бойы Қырым ресейлік «депутаттар десантының» күн сайынғы алаңына айналып шыға келді. Парламентарийлер автономия қауымдастығы өкілдерімен кездесулер өткізіп, шерулерге, ахуалды реттеу үдерістеріне қатысты, жергілікті көшбасшылармен жүздесті. Бейсенбі күні түнде Қырымның әкімшілік астанасы Симферопольдағы Қырымның жоғарғы кеңесі мен министрлер кеңесі ғимаратын белгісіз қарулы адамдар басып алды. Бұл әрекеттер қоғамда сана сезімі жетілген белсенді азаматтардың істері ретінде көрсетілген болатын. Алайда сәл кейінірек, аталған екі әкімшілік ғимараттың төбесінде Ресей туы желбіреп шыға келді. Айта кетерлігі, таяуда ғана Симферопольдағы жоғарғы кеңес ғимараты алдына бүкіл автономиядан шамамен 10-15 мыңдай адам жиналған еді. Олардың басым бөлігін қырым татарлары мен украиндықтар құрайтын тобы құрап, олар жаңа билікті қолдады, Қырымның қазіргі мәртебесін сақтау қажеттігін алға тартты. Ал келесі басым бөлігін этникалық орыстар құрайтын топ түбектің тәуелсіздік алуын талап етіп, Ресейдің көмек көрсетуіне өтінім жасады. Осы екі топ арасында қақтығыстар да орын алып, соның салдарынан екі адам қаза тапса, бірнеше ондаған адам жарақат алды.

Қырым парламенті депутаттары отырысының қорытындысының нәтижесінде, автономия өкілеттігін кеңейту және қырым мәртебесі мәселелері бойынша түбек тұрғындары арасында 25 мамыр күні референдум өткізу туралы шешім қабылданды. Айта кетерлігі, дәл осы күні Киевтің жаңа билігі де кезектен тыс президент сайлауын өткізуді белгілеген болатын.

Бүгінгі таңда автономия ахуалы қиын болып тұр. Ресейлік әскери бөлімшелердің түбекке қарай жылжып келе жатқандығы туралы ақпараттар алаңдаушылық туғызуда. Севастопольде, Ялтада БТР топтары, қарулы жасақтар көзге шалынып отыр.

Украина президентінің міндетін атқарушы Александр Турчинов Ресейдің Украинаға қарсы ашық қысым көрсетіп отырғандығын мәлімдеп, Ресей президенті Владимир Путинді арандатушылық әрекеттерді тез арада тыюға шақырды. Әзірше Кремль жұмған аузын ашар емес. Украинадағы ахуал бір өңірдің әрі екі елдің аясынан шығып отыр. Жұма күні АҚШ президенті Барак Обама Мәскеу үшін Украинаға әскери күшпен басып кірген жағдайда, әлемдік аренадағы ахуалы қиындайтынын қатаң ескертті. Ол ресейлік әскердің килігуі украин халқын «өзі анықтауы тиіс іске килігу болып табылатындығын» ерекше атап өтті. Әрине, Мәскеудің басты қарсы тұру мәселесіндегі ахуалды қиындата түскісі келмейтіндігі белгілі. Дегенмен, Кремльді өзінің геосаяси мүддесі аумағындағы мұндай бірегей мүмкіншілік қызықтыратындығы анық.

Украинаға қатысты орын алып жатқан оқиғалар аясында тағы бір маңызды мәселеге баса назар аудару қажет сияқты. Ол Мәскеудің сыртқы саяси тетіктерді таңдаудағы айла-шарғыларының өзгеруімен байланысты. Есте болса, 2013 жылдың ақпанында Кремль сыртқы саясаттың жаңа тұжырымдамасын қабылдаған болатын, онда «жұмсақ күшке» алғаш рет жеке назар аударылған-ды. Бүгінде Қырымда орын алып отырған ахуалды үлгі ретінде ала отырып, ресми Мәскеудің азаматтық қоғам әлі классикалық дипломатияға балама технология мүмкіншіліктері арқылы ықпал ету тетіктерін белсене қолдана бастады деген тұжырымға келуге болады. Мұны соңғы аптадағы оқиғалар да дәлелдей түседі. Шын мәнінде, Мәскеу қолданып отырған тетіктер жиынтығы расында да қуатты күш екенін көрсетіп отыр.

Айта кетер жайт, кеше Федерация кеңесі Ресей Президенті Владимир Путиннің Украина аумағына қарулы күштер кіргізуге қатысты үндеуін қанағаттандырды. Шешім ресейлік парламенттің жоғарғы палатасының кезектен тыс отырысында қабылданды.

«Украина аумағында қарулы күштерді қолдануға Президентке келісім беру қажет. Осы қаулы қол қойылған сәттен бастап күшіне енеді», - делінген қабылданған құжатта.

Осы уақыт аралығында РФ Президенті В.Путин БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен, Франция Президенті Ф.Олландпен, АҚШ Президенті Б.Обамамен телефон арқылы сөйлесіп, Украинада орын алып отырған дағдарысты ахуалды кеңінен талқыға салды.

В.Путин әңгімелесулері барысында Украинаның шығыс өңірлері мен Қырымда тұрып жатқан орыстілді халықтарға қатысты қысымшылық әрекеттер орын алған жағдайда Ресейдің сырт қалмайтындығын, халықаралық құқық аясында қажетті шараларды қабылдайтындығын баса айтты.