ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Мәскеу мен Бішкектің өңірлік өзара іс-қимылдағы ара-жігі ажырап барады

МӘСКЕУ. 26 наурыз. ҚазАқпарат -  Өткен апта ішінде орын алған оқиғалар халықаралық қоғамдастық субъектілерінің өзара қарым-қатынастарындағы проблемалы мәселелер тек қана дау-дамайлы аймақтарда ғана орын алмайтындығын тағы бір көрсетті.

Айтарлықтай олқылық жанжалдасушылардың бір әскери-саяси және экономикалық өңірлік ұйымдарға кіретіндігіне қарамастан-ақ біздің өңірдегі  елдердің арасындағы қарым-қатынастарда да байқалды.

Қазіргі уақытта халықаралық сарапшылардың назары Ресей мен Қырғызстанның қарым-қатынастарында орын алып отырған өзгерістерге барынша ауып келеді. Бұл өзгерістердің  сипаты стратегиялық әріптестіктің нығаюына қарағанда бірқатар басты өңірлік және екіжақты қарым-қатынастар бойынша ортақ көзқарастардың біртіндеп жоғалып бара жатқандығын білдіреді.

Екі елдің өзара қарым-қатынастарындағы проблемалы тұстар алғаш рет ағымдағы жылғы ақпанның соңындағы Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаевтың Ресейге сапары барысында айтылды. Сол кезде қырғыз көшбасшысы ресейлік тарапқа РФ-мен арадағы ынтымақтастықтың болашағына қатысты өзінің пайымын ешқандай ілтипат сезімінсіз-ақ мәлім еткен болатын. Әсіресе ол ресейлік тараптың шамамен 4 жыл бойы төлемей келген әскери базаның жалға алу қарызын (кейінірек ресейлік БАҚ қарыздың Қырғыз Республикасындағы жалға алынған басқа әскери базаларға қатысты екенін жазған болатын) төлеуді талап еткен-ді. Сонымен қатар ол Мәскеуде американдықтардың соңын іле-шала Канттағы ресейлік авиабазаның да жабылуы мүмкін екендігін баса айтқан еді.

Дегенмен де оның Мәскеу мен Астанаға қатысты келесі айыптауы  айтарлықтай тосын естілді. Сапардан елге оралғаннан кейін қырғыз тілінде жарық көретін бірқатар басылымдарға сұхбат берген А.Атамбаев қазақстандық және ресейлік арнайы қызметтердің Қырғызстан аумағындағы белсенді іс-әрекеттерін айыптады. Ал бұл айтылған пікір Мәскеуде өте ұшқары деп бағаланды әрі кремльдік және сарапшылық деңгейде шұғыл жауап қайтарылды.

Бастапқыда Ресейдің А.Атамбаев ел үшін кезекті мәрте несие сұрайды деп топшылағындығы да анық, ал іс жүзінде ол «өзінікін қайтаруға» келіпті. Ал бұл өткір кінәлаулармен шырмалған барынша прагматикалық риторикамен қабысып, Кремльді айтарлықтай састырды. Ресейлік сарапшылардың басым бөлігі өз түсіндірмелерінде қырғыз көшбасшысының айтқан сөзінің басым бөлігі  оған біреулердің белгілі бір көзқарасты  таңбауына ертерек қамданып, одан қашқалақтаудан туындаған эмоция деген пікірге тоқайласты. Бұл шындығында да  дәл солай ма, оны  қазіргі уақытта айту қиын.

Сонымен бірге  екі елдің қарым-қатынастарындағы салмақты алауыздық байқалады. Екі елдің тарапынан да туындаған өзара соңғы кінәласулар екі мемлекеттің де Вашингтонмен ынтымақтастығына қатысты болды. Өткен аптада  РФ Сыртқы істер министрлігі қырғыздың бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының  Ресей НАТО-ның әскери базаларына қатысты екіжақты стандарттар саясатын жүргізіп отыр деген қорытындысын теріске шығаратын мәлімдеме жасады.

Айтпақшы, өткен аптада қырғыз тарапы үшін маңызды тағы бір мәселеге нүкте қойылды. Сәрсенбі күні Федералдық көші-қон қызметінің басшысы К.Ромодановский РФ Үкіметінің ресейлік азаматтықты алуды жеңілдету туралы Ресей мен Қырғызстан арасындағы келісімді жою туралы шешім қабылдағанын жария етті. Аталған мәселе наурыздың басында енгізілген болатын, дегенмен үш аптадан астам уақыттың ішінде толығымен шешілді, енді тек парламент тарапынан ғана қолдау қалып отыр. Оқиғаға Кремльдегі дереккөздің түсінік беруінше, егерде бұған дейін өңірлік ауқымдағы саяси ынтымақтастықты Орталық Азиядағы мемлекеттердің бірі «ерекше ұстаныммен» тежеп, ал әріптес елдер туындаған қайшылықтарды әупірімдеп еңсере алса, дәл қазіргі уақытта осы рөлге Қырғызстан ұсынылып отыр. «Қырғызстан стратегиялық әріптестік желісінен аулақтап барады.  Бұл көптеген келісімдерден толықтай кейінге шегінуге әкеледі. Ал біз мұның орнына батыс әлемімен тығыз қарым-қатынастың артып келе жатқандығын көріп отырмыз», - деді шенеунік.

«Қазіргі уақытта Батыс Қырғызстанда өзінің қызметін жүргізіп жатқан жүздеген үкіметтік емес ұйымдары арқылы елді белсенді түрде икемдеп жатыр. Олардың мақсаты «Манас» транзиттік тасымал орталығын сақтап қалу және Бішкек пен РФ арасындағы қарым-қатынасты нашарлату болып отыр», - деп санайды ол. Дегенмен де шенеуніктің баса айтуынша, Мәскеу «жағдай түзелетіндігіне, ал елдің жаңа басшылығы кеудемсоқтық өсімін жеңе алатындығына» бек үміт артады. Сондықтан да ресейлік тарап  әрекет етудің байсалды тетіктерін іске қосуға әзірше асығар емес. РФ-дағы қырғыз диаспорасының жекелеген өкілдерінің атап өтуінше, Мәскеу Бішкектің екіжақты ынтымақтастықтың бірқатар мәселелеріне қатысты мәнсіз мәлімдемелеріне көңілі толмайды. Олардың қатарында Қырғызстанның АҚШ, ЕО және Түркиямен ынтымақтастықты жандандыруы, «Манас» транзиттік тасымал орталығы бойынша жоспарының нақты еместігі, «Дастан» торпеда зауытының акциялар топтамасын сатып алу шартының қиындығы, сонымен қатар бірқатар халықаралық мәселелер бойынша Қырғызстанның бірыңғай көзқарасының және қолдауының болмауы бар.

Қырғыз сарапшыларының бағалауынша, ең қиыны ел басшылары деңгейіндегі шиеленісушілік ең бірінші кезекте қарапайым азаматтарға ауыр тиеді. Мысал үшін өткен жылы Тәжікстанда ресейлік авиакомпания ұшқыштарының айыпталуы оқиғасын еске түсірсек те жеткілікті. Сол кезде РФ Федералдық көші-қон қызметі тәжік мигранттарын жаппай ұстап, нәтижесінде елден 300 адам шығарылған болатын. Бірақ та РФ Қырғызстанның еңбек мигранттарымен қатар елдің энергиялық ахуалына да тікелей ықпал ете алады.

Дегенмен де қырғыз өкілдері жағдайдың тұрақталатындығына сенімді, өйткені оған қажетті әлеует бар, тек түйісу нүктесін тапса болғаны.