ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: НАТО Шығыс Еуропадағы әскерін күшейтуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішінде халықаралық қоғамдастықтың назары тағы да Украинадағы саяси дағдарысқа және соның салдарынан трансатлантикалық қоғамдастықтың Ресейге жан-жақты санкциялық қысымдарды күшейту мүмкіндігіне ауған болатын.

30 тамыз күні Брюссельде өткен кезектен тыс еуропалық саммит барысында ЕО Ресейден Украинадағы бейбітшілікті қалпына келтіруге жәрдем көрсетуін талап етіп, мұндай жайт орын алмайтын болса, онда 1 аптадан кейін санкцияларын қатаңдататындығын айтып қоқан-лоқы жасады.

3 қыркүйек күні Еурокомиссия ЕО кеңесіне бекіту үшін Ресейге қарсы қосымша санкциялардың тізімін берді. Бұл тізім осы аптаның соңына дейін ЕО-ның тұрақты өкілдері комитеті отырысында бекуі тиіс еді.

Әлем БАҚ-тардың ақпаратына қарағанда, ЕО-ның жаңа санкциялары еуропалық капитал нарығындағы ресейлік банктер мен компанияларға қатысты болуы мүмкін. Сонымен қатар жаңа шектеулер әскери және азаматтық мақсаттарда пайдаланылуы ықтимал «қосарланған мақсаттағы» технологияларға да қатысты болуы ғажап емес.

Айта кетерлігі, Ресей мен Батыс арасындағы санкциялық теке-тірестің салқыны белгілі бір деңгейде Қазақстанға да өз әсерін тигізетіндігін анық. Мұны 2 қыркүйек күні өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім еткен болатын. «Украинадағы оқиғалар тәуекелдерді тереңдетіп отыр. Әлемдік жалпы ішкі өнімнің 60 пайызын өндіретін мемлекеттердің өзара қарама қарсы санкциялары әлем экономикасына әсер етіп, жаһандық тәртіпке ықпал етпей қоймайды. Біздің әріптестеріміздің экономикалық өсімі төмендеп, Қазақстанға да әсері өтпей қоймайды», - деген еді Елбасы.

ҚР Президенті 3 қыркүйек күні Ақмола облысына жасаған жұмыс сапары барысында Ресейге қарсы санкцияларға байланысты біздің экономикамызда белгілі бір қатерлер пайда болатынын айтқан еді. «Үкімет қажетті шаралар қабылдап, жағдайдың өрістеуінің түрлі нұсқаларын қарастыруда. Елде барлық бағыттар бойынша орнықты дамуды қамтамасыз етуге септігін тигізетін мемлекеттік бағдарламалар іске асырылып жатыр. Әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу үшін біз барлығын істейтін боламыз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Жалпы, қазіргі таңда Украинадағы дағдарысты шешуге бағытталған оң өзгерістер байқалып келеді. Мәселен, 4 қыркүйек күні Украина Президенті Петр Порошенко біржақты тараптан соғысты тоқтатуға дайын екендігін жария еткен болатын. Ал бұған жауап ретінде өзін-өзі республика деп жарияланған Луганск пен Донецк облыстары да егер Киев өздері ұсынған шарттарға көнетін болса, онда олардың да бейбіт қадамға баратындықтарын айтуда.

Жұма күні Минскіде Украинадағы жанжалды реттеу жөніндегі байланыс тобының отырысы өтіп, онда жергілікті уақыт бойынша сағат 18-00-де елдің шығысындағы соғысты тоқтату туралы хаттамаға қол қойылды және 12 тармақтан тұратын қақтығысты бейбіт жолмен реттеу жоспары қабылданды. Аталған құжатта тұтқындарды алмастыру да қарастырылған.

Осыдан кейін Украина Президенті Петр Порошенконың 5 қыркүйек күні жергілікті уақыт бойынша сағат 18-00-де соғысты тоқтату туралы бұрық бергені белгілі болды. Дәл осындай қадамға өзін-өзі жария еткен Луганск пен Донецк халықтық республикалары да барды.

Бұл жағымды жаңалық Еуроодақтың Ресейге қатысты жаңа санкцияларының тежелуіне мүмкіндік берді. 4-5 қыркүйек күндері өткен НАТО саммитінде ГФР канцлері Ангела Меркель егер Украинадағы дағдарысты жағдай шешілетін болса Ресейге қарсы жаңа шектеу шаралары енгізілмейтіндігін мәлімдеді.

Айта кетерлігі, НАТО саммитінде одақтастар Альянстың жауынгерлік дайындығын арттыру бойынша іс-қимыл жоспарын бекітіп, Украинаға қатысты Ресейдің саясатына жауап ретінде құрылатын шұғыл әрекет ету күштерінің параметрлері туралы уағдаластыққа қол жеткізді. «НАТО жауынгерлік дайындығын арттыру бойынша іс-қимыл жоспары Шығыс Еуропадағы блоктың күшін еселей түсуге мүмкіндік береді», - деді НАТО Бас хатшысы А.Расмуссен.

Аталған жоспарға сәйкес, Солтүстікатлантикалық альянсқа мүше мемлекеттер ротациялық негізде өз күштерінің Шығыс Еуропада болуын қамтамасыз етеді. Шығысеуропалық мүшелерін қорғау мақсатында құрылатын НАТО-ның шұғыл әрекет ету бөлімшесі сапында бірше мың әскери қызметші болады. Олар әлемнің кез келген нүктесінде 2 күннің ішінде жетіп баруға қауқарлы. Бұл күштерді Польша мен Румыния өз елдерінде орналастыруға ниет танытып отыр.