Ағымдағы жылдың 17 шілдесінде Малайзия әуе жолдарына тиесілі Боинг-777 жолаушылар кемесінің апатқа ұшырауы батыс елдерінің Украинада орын алып жатқан жағдайдың дамуындағы Ресейдің рөлін қайта қарауларына түрткі болды. Бұл елдің шығысындағы жағдайдың тұрақсыздануы, сонымен бірге ұшақтың атып түсірілуі жауапкершілігін Мәскеу мойнына жүктеген АҚШ алғашқылардың бірі болып Ресейге қатысты секторалды санкция қабылдаған болатын. Американың ізін іле-шала дәл осындай шектеулерді Австралия, Канада және ЕО елдері енгізді.
Бүгінгі таңда санкциялық тізімге Ресейдің 80-нен астам азаматы ілігіп отыр. Батыстың пайымынша, дәл осы азаматтардың Украинадағы дағдарыстың ушығуына қатысы бар көрінеді. Санкция қақпанына түскен Ресей азаматтарының аталған елдердегі активтері тосқауылға ілігіп, ал олармен байланысы бар компанияларға коммерциялық қызмет жасауға тыйым салынды. Сонымен қатар олардың өздеріне де бұл елдерге келуге жол жабылды.
Бұған қоса, АҚШ пен ЕО ресейлік экономиканың жекелеген секторларына, атап айтқанда, қаржы, мұнай салаларына, қорғаныс өнеркәсібіне қарсы секторалды санкция енгізді. Енгізілген санкция 1 тамызға дейін жасалған келісімшарттарды қоспағанда қосарланған мақсаттағы тауарлармен, қару-жарақтарды, әскери құрал-жабдықтарды жеткізуге тосқауыл қоюды да қарастырады.
Санкция тізіміне Ресейдің мынадай ірі банктері ілігіп отыр: ВТБ, Мәскеу банкі, Россельхозбанк, Газпромбанк, «Внешэкономбанк» мемлекеттік корпорациясы, НОВАТЭК компаниясы және «Роснефть». Шектеулер аталған ұйымдарға 50 және одан да жоғары пайызы тиесілі компанияларға да қатысты.
Еуроодақ мұнай саласына қажетті тауарлар мен техологияларды Ресейге экспорттауды лицензиялау режімін енгізді. Егер бұл тауарлар мұнайды терең суда барлау және өндіру, арктикалық шельфте мұнай кен орындарын игеру немесе сланецті мұнай өндірумен байланысты жобаларды пайдаланатын болса, онда ЕО оларды жеткізуден бас тартатын болады. Секторалды санкция ЕО мен АҚШ азаматтары мен компанияларына ресейлік компаниялар шығарған жаңа акцияларды, облигацияларды немесе 90 күннен астам айналым мерзімі бар «осындай қаржылық құралдарды» сатып алуға және сатуға шектеу қояды. Сонымен қатар жоғарыда аталған банктер американдық банктер мен инвесторлардан займдар тарта алмайды.
Таяуда «Үлкен жетілік» елдері тобы Дүниежүзілік банктің Ресейдегі жалпы сомасы шамамен 1,5 млрд. долларды құрайтын жаңа жобаларын жүзеге асыруға қарсы дауыс беруге дайындалып жатқаны белгілі болды. ЕО тарабынан қабылданған санкциялар батыста Батыс пен РФ қарым қатынасының сындарлы сәті ретінде қарастырылуда.
ЕО елдері арасында Лондон Ресейге қатысты санкцияларды кеңейту әрі бұл елде одан ары оқшаулау саясатына барынша қолдау білдіріп отыр.
Ресейге санкциялық қысымдар әскери саяси салада да белең алып келеді. Бұл саладағы Ресей мен Батыс елдерінің өзара іс қимылдары түбегейлі өзгерістерге ұшырап келе жатқандығы байқалады. Бүгінде НАТО Ресеймен арадағы ынтымақтастықты тоқтату бастамасын көтеріп отыр. бұл ретте аталған дүниежүзілік ұйым «РесейНато» кеңесі аясындағы байланыстарды ғана қалдыруға ниетті. Айта кетерлігі РФның батыстық серіктестері тарабынан орын алатын негізгі өзгерістер қыркүйекте Ұлыбританияда өтетін НАТО саммитінде жария етілмек.
Ресейге санкциялық қысымның күшейіп, белең алып келе жатқанындағы геосаяси қыспақтың арта түсуі Кеден одағы мен болашақтағы Еуразиялық экономикалық одақ аясында серіктес саналатын Қазақстанға да аздаған әсері тиетіндігі сөзсіз. Сондықтан да алдын ала қамданып, өз экономикасына төнуі мүмкін тәуекелдерге қарсы нақты шараларды алдын ала ескерген жөн.
Бірқатар сарапшылардың бағалауынша, Қазақстан санкциялар аясында туындап отырған ахуалды өз пайдасына пайдалана алады. Яғни, батыс нарығына енуіне шектеуге ұшыраған ресейлік компаниялар инвестиция үшін балама ретінде қазақстандық жобаларды қарастыруы мүмкін. Сонымен қатар көмірсутектерді сату есебінен ұлттық бюджеттің толығуына да қауіп жоқ. Батыс компаниялары Қазақстанда мұнай өндіру ісіне белсенді араласуда, бұл да Ресейге салынатын санкциялардан қорған болатыны сөзсіз.
Үкімет те егер санкция ресейлік шикізаттың экспортына әсер ететін болса, онда оның көлемі Қазақстан нарығына шығарылатындығына сенімді. Сондықтан да елдегі ресейлік жоғары октанды бензиннің тапшылық болуы мүмкіндігіне қауіптенудің еш реті жоқ.
Толықтай алғанда, байқаушылардың пайымынша, санкция енгізу Қазақстан экономикасына тікелей әсер етпейді. Ал оның жанама әсерлерін ахуалдың ортамерзімде дамуы негізіне орай қарастыру қажет.