ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Солтүстік Кореяның сутегі бомбасын сынақтан өткізуі шындық па?

ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Солтүстік Кореяның сутегі бомбасын сынақтан өткізуі шындық па?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мешін жылының алғашқы жұмыс аптасы ғаламшар тұрғындарының жадында Еуро одақ елдеріне ағылған босқындарға қатысты пікірталастың қыза түсуімен есте қалды. Есте болса, Таяу Шығыс пен Африка елдерінен келген мигранттар Жаңа жылда неміс әйелдеріне шабуылдаған еді. Мұнан бөлек, осы аптада Солтүстік Корея ядролық қаруды сынақтан өткізіп, бұл жайт Біріккен Ұлттар Ұйымы тарабынан халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнген кезекті қатер ретінде бағаланған болатын. Дегенмен, бұл мәселенің бүге-шігесі әлі де болса айқын емес. Себебі, Ядролық сынақтарға жалпыға бірдей тыйым салу ұйымы Солтүстік Кореядағы жарылысты техногендік деп танитындығын мәлімдеген болатын.

Шенген төңірегіндегі көмескі тірлік

Дүйсенбі күні Швеция билігі 2015 жылдың желтоқсанында швед парламенті негізінен Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдерінен келетін босқындардың легін төмендету мақсатында қабылдаған заңға сәйкес Даниямен шекарасында ары қарай ұзартылу мүмкіншілігімен жарты жылдық мерзімге төлқұжат бақылауын енгізді.

Ендігі уақытта бұл елге Даниядан аввтобус, пойыз немесе паром арқылы келетін азаматтардың барлығы да тексеруден өтетін болады. Сәйкес құжаты жоқ адамдар кері қайтарылады.

Осыдан біраз уақыт бұрын ғана босқындарды еркін қабылдап жатқан Швеция ендігі уақытта рекордтық көрсеткішке жеткен мигранттар легіне шамасы жетпейтіндігін мәлім етті. Билік ақпаратына сәйкес, қазіргі уақытта олар баспана іздеген босқындардың барлығын бірдей тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіншіліктері жоқ.

9,5 млн. халқы бар бұл ел өткен жылы 165 мың босқынға пана болған еді. Аталған көрсеткіш Швецияны жан басына шаққанда мигранттардың ең көп адамын қабылданған елдермен қатар тұруға мүмкіндік береді. Осы орайда айта кетерлігі, Швецияға бас сауғалаған босқындардың басым бөлігі Дания арқылы келген болатын.

Шекаралық бақылау енгізу күн сайын Эресунн бұғазы арқылы көпірмен Даниядан келетін жолаушыларға бірқатар кедергілер туындататындығы айтылуда. Бақылау олардың кемінде жарты сағат бос уақытын алады.

Бірнеше сағат өткеннен кейін Стокгольмнің әрекетіне жауап ретінде Дания да Германиямен шекарасында іріктеме бақылау енгізу туралы шешім қабылдады. Данияның Премьер-Министрі Ларс Лекке Расмуссен бұл шараларды «қуантарлық сәт емес» деп атады. Бірақ, Данияның да Швеция енгізген шектеулеріне жауап беруі тиіс екендігін де атап өтті.

Дания полициясы Германиямен шекарадағы тексеруді таяу 10 күн бойы жүргізеді. Одан кейін дат-неміс шекарасындағы бақылау шараларына қатысты іс-қимылға қатысты нақты шешім қабылданады,

Айта кетерлігі, Швеция мен дания Шенген аймағына кіретін елдердің ішінде ең соңғы болып төлқұжат бақылауын енгізіп отыр. Қазіргі уақытта шекаралық бақылау Австрия, Германия, Норвегия және Франция елдерінде бар.

Германиядағы сұрықсыз Жаңа жыл

Дүйсенбі күні әлем жұртшылығы Жаңа жыл кешінде Германияның Кельн қаласында қарақшылық шабуылдар мен жыныстық сипаттағы қылмыстар қатары арта түскендігінен құлағдар болды.

Қалалық полицияға зардап шегушілерден 120-дан астам шағым түсті. Олардың айтуынша, жаңажылдық түнде «нәзік жандыларға» шабуылдаған жастар сөмекелерін, смартфондарын тартып алған.

Куәгерлердің айтуынша, шабуылдаушылардың сыртқы келбеті араб немесе солтүстікафрикандықтарға қатты ұқсайды. Мұны құқық қорғау органдарының қолына түскен бейнебақылау камераларындағы жазбалар да қуаттай түседі. Дәл осындай келеңсіз жайттар Германияның өзге де қалаларында орын алғаны белгілі.

Германия канцлері Ангела Меркель шыққан тегіне қарамастан барлық қылмыскерлерді ұстау үшін қолда бар барлық шараларды қолдауды талап етті. Сонымен қатар, ол «жиіркенішті шабуылдар мен жыныстық азғындыққа» тосқауыл қою қажеттігін айтып, мұндай жайттарға «құқықтық мемлекет тарабынан қатаң реакция» болуы керектігін талап етті.

Айта кетерлігі, бастапқыда Германияда нақты тіркелетін босқындар саны шамамен 800 мың адамды құрайды деп болжанған еді. Бірақ, өткен жылдың қорытындысында мигранттардың саны 1 миллион адамды құрады. Дегенмен, кейбір сарапшылардың пайынша, шынайы сан ресми деректерден әлде қайда көп болуы мүмкін.

Солтүстік Корея ядролық қаруын сынақтан өткізді

Өткен жылдың желтоқсан айында Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын сутегі бомбасын жасағанын жария еткен болатын. Алайда, бұл хабарға халықаралық қоғамдастық сене қоймаған еді. Бірақ, сәрсенбі күні Солтүстік Корея Үкіметі елдің орталық телеарналары арқылы тұңғыш рет сутегі бомбасы сынағының сәтті өткендігін мәлімдеді. Солтүстіккорейлік БАҚ-тардың хабарлауынша, Пхеньян тұрғындары қуатты қару сынағының табысты өтуін қобалжумен әрі зор қуанышпен қабылдапты-мыс.

«Бұл сынақ Солтүстік Кореяның ядролық күштерін жаңа деңгейге жеткенін білдіреді», - делінген солтүстік кореялық ресми БАҚ-та жарияланған үкіметтің мәлімдемесінде.

Сонымен қатар, Пхеньян сутегі бомбасын сынау - бұл Чучхе төңкерісшіл идеалдар жеңісін жақындата түсетін, ел тарихына енгізілетін, әлемді дүр сілкіндірген оқиға екендігін баса атап өткен.

Солтүстік Корея ядролық сынақ өткізгендігі жайындағы ақпарат тарағаннан кейін Сеул мен Токио Ұлттық қауіпсіздік кеңестері шұғыл жиын өткізді. Сонымен қатар, Оңтүстік Корея мен Жапония қарулы күштері өздерінің қорғаныс қабілеттерінің деңгейін еселей түсті.

Дәл осы күні КХДР мәлімдемесіне байланысты шақыртылған БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысында бірлескен мәлімдеме жасалды.

Оны кеңестің 15 мүшесі, оның ішінде Пхеньянның одақтасы болып саналатын Қытай да қолдап шықты. Мәлімдемеде сутегі бомбаны сынақтан өткізу Қауіпсіздік кеңесінің алдыңғы қарарын тікелей бұзатындығы айтылған. Осыған байланысты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Солтүстік Кореяға қатысты тағы бір қарар жобасын әзірлеп, Пхеньянға қарсы салынатын санкцияны күшейтуді ойластырып отыр. Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері Пхеньянның таратқан сутегі бомбасын сынақтан өткізу туралы ақпараты шындыққа айналса, бұл ғаламшардың бейбітшілігі мен қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндіретінін атап өтті.

Дегенмен Ядролық сынақтарға жалпыға бірдей тыйым салу ұйымы Солтүстік Кореядағы жарылысты техногендік деп таныды. Мұны аталған ұйымның басшысы Лассино Зербо мәлімдеді. Оның айтуынша, мұны ядролық сынақ деп айтуға әлі тым ерте. Яғни, жер сілкінісі болуы мүмкін. Ендігі уақытта ғалымдар ауаға радиоактив бөлігі таралған-таралмағанын күтетін болады. Бұл жарылыс көзін айқындауға және Пхеньянның сутегі бомбасын сынақтан өткізу жайындағы мәлімдемесін растауға немесе жоққа шығаруға жәрдемдеседі. Зербоның айтуынша, радиоактивті заттардың ауада бар-жоғын анықтауға 50 күн кетеді.