Өйткені бұл заңның қабылдануы елдің барлық заңнамалық органдарын іс жүзінде қатардан шығарып тастаған еді.
Осы сейсенбі күні Жоғарғы Рада «Мемлекеттік тіл саясатының негіздері туралы» заң жобасын қабылдады. Аталған құжатқа сәйкес, бірқатар тіл өңірлік мәртебе алуы тиіст-ін. Құжатты 248 халық қалаулысы қолдады, ал қажетті дауыстың ең төменгі шегі 226 болатын.
Заң жобасы Украина аумағында өңірлік тілдерді, оның ішінде орыс, татар, армян, идиш, қырым-татар және басқа да тілдерді еркін пайдалануға кепілдік береді. Бұл ретте ол тіл белгілі бір аумақта қоныстанған әрі 10 пайыз азаматтардың туған тілі болуы шарт. Өңірлік тілдер туралы мәліметтер алдағы халық санағының қорытындысы бойынша жасалады деп күтілуде. Сонымен қатар азаматтық төлқұжат мәліметтері мемлекеттік тілде және де азаматтың таңдауы бойынша Украинаның өңірлік тілдерінің бірінде де енгізілетіндігі болжанып отыр.
Заң жобасын көктемде өңірлік партия ұсынып, ағымдағы жылдың 5 маусымында бірінші оқылымда мақұлданған болатын. Бірақ та ол сол кездің өзінде-ақ елдің оппозициялық күштері тарабынан сын тезіне ұшырады. Тіпті оппозиция Украинаның Жоғары әкімшілік сотына тілдік заң жобасына дауыс беруге қатысты шағым арыз берген болатын. Алайда, шағым арыз әкімшілік соттың қарауына жатпайды деп танылып, билік оппоненттері тарабынан жаппай наразылық тудырған еді. Егерде тіл туралы заң қабылданатын болса, онда орыс тілі елдің шамамен жарты облысында өңірлік мәртебеге ие болады.
Дегенмен де парламент соңғы рет мақұлдағаннан кейін бұл заң жобасы украиндық оппозиция және халықтың басым бөлігінің, әсересе ұлттық қозғалыстардың тарабынан барынша ашу тудырған-ды. Оппозицияның пайымынша, басқарушы өңірлік партия туындап отырған мүмкіншілікті пайдаланды әрі Ресей Федерациясына қатысты өздерінің конъюктуралық жоспарларының пайдасы үшін жаңа заңды енгізуге тырысып отыр.
Бұл құжаттың толыққанды заңға айналуы үшін ел президенті В.Янукович қол қоюы аса қажет. Әрі қазіргі уақытта президенттің бұл заңға вето қоюына ешқандай негіз де жоқ. Өйткені бұл құжат елдің конституциясына қайшы емес, дегенменде оның қарсылық акцияларына назар аударуына тура келетін де сияқты.
Бүгінде Украинада орыс тілді азаматтардың айтарлық басым бөлігі тұрып жатыр. Бұл тіл кемінде 10 пайыз халықтың ана тілі болып табылады. Мәскеу үшін де орыс тілін қолдау мәселесі көршілес посткеңестік елдермен қарым-қатынас қалыптастырудағы бірінші кезекті мәселелердің бірі екендігі де белгілі. Бұл тақырып гуманитарлық байланыс аясынан баяғыда-ақ шығып, ертеректе біртұтас мемлекеттің қанатының астында болған елдермен саяси келіссөздердегі басты ұстанымдардың біріне айналған-ды. Заңның қабылдануына байланысты Киевте және басқа да қалалар мен облыстарда, әсіресе Украинаның батысында жаппай қарсылық акциялары байқалды.
Украиндық сарапшылардың сөзіне қарағанда, 2000 жылдардың ортасында ел халқының арасында украин тілін білу сәнге айналып, әрбір украиндық өз ана тіліні білуге барынша құлжыныс танытқан-ді. Тіпті бұл үдеріс сол кезде билік басына «сарғылттар» өкілдерінің келіп, кең тараған «Менің москаль (орыс болмағаным үшін) болмағаным үшін рахмет саған Құдайым» деген фразаның көтерілуімен де байланысты емес еді. Жаңа буын өсіп шығып, ана тілінің пайдаланылуы үшін жағдайдар барынша белсенді дамыды, тіл білу тұрмыста да, жұмыста да жылы қабылданды. Дегенмен украин тілді мен орыс тілді азаматтар арасындағы қарама-қайшылық проблемалары 2005 жылдан бастап Украинаға жаңа басшылықтың келуіне орай қайта байқала бастады. Қазіргі таңда оппозицонерлер тіл туралы заң ел конституциясының нормаларын бұза отырып қабылданғандығын айтып, отандастарын Киевте өтетін жаппай қарсылық акцияларына қосылуға шақыруда.
Тіпті іс насырға шауып, Жоғарғы Рада спикері Владимир Литвин құжатқа қол қоюдан бас тартып, өзінің қызметтен кететіндігін жариялады. «Мен бұл мәселені күн тәртібіне шығаруды және ертең дауысқа салуды өтінемін. Бірінші кезекте мені, екіншіден Украинаны алдап соқты. Мұндай жағдайда менің отставкаға кетуім мәселесін қарап, шешім қабылдауды өтемін», - деді ол параламенттің кезекті отырысында. Сонымен қатар украина парламентінің вице-спикері Николай Томенкода өзінің отставкаға кететін мәлімдеді.
Украина конституциясына сәйкес елдегі жалғыз мемлекеттік тіл украин тілі болып табылады. Дегенмен ел президенті Виктор Янукович 2009-2010 жылдарағы өзінің сайлауалды науқанында орыс тілін екінші мемлекеттік тіл жасауға уәде берген еді. В.Янукович барлық уақытта да Ресейдің дос ретінде қабылданғанмен сарапшылар оның өз ұстанымын тектен-текке бермейтіндігін әрі ол үшін барынша тиімділік алуға тырысатындығын атап өтуде.