АСТАНА. KAZINFORM — Шағын футболдан Қазақстан әуесқойлар құрамасы Әзербайжан астанасы Баку қаласында жалауын көтерген әлем чемпионатында бүгін АҚШ-пен ойнайды. Кездесу қазақстандық уақытпен 21:35–ке белгіленген. Ойын «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Биыл аталған турнирге барлығы 32 құрама қатысып жатыр. Дүбірлі дода Бүкіләлемдік шағын футбол федерациясы (WMF) аясында өткізіліп жатыр.
Қазақстан құрамасы F тобында АҚШ, Босния және Герцоговина, Польшамен сынға түсіп жатыр.
Қазірге дейін Қазақстан құрамасы Польшаға (1:2) есе жіберіп, Босния және Герцоговинамен (1:1) тең түсті.
Отандастарымыз 2023 жылы әлем чемпионатында Румынияға (2:2, пенальтиден 11:12) есе жіберіп қойды.
2015 жылғы алғашқы турнирден бастап әлем чемпионаты екі жылда бір мәрте ұйымдастырылады. Ол 2017 жылы Африканың Тунис мемлекетінде болса, одан кейін 2019 жылы Аустралияда, 2023 жылы Біріккен Араб Әмірлігінде жалауын көтерді. Ал 2021 жылы пандемияға байланысты өткен жоқ.
Қазірге дейін Чехия 2015 және 2017 жылдарда чемпион атанса, 2019 жылы Мексика, 2023 жылы Румыния кубокты төбесіне көтерді.
Әлем чемпионаты 1 маусымда мәресіне жетеді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.