ЖИ-дің көлеңке беті
Оқу ешқашан оңай болмаған, дана халқымыз сондықтан да оқудың машақатын «инемен құдық қазғандай» деп сипаттаса керек. Ол уақытты, төзімділікті, ой еңбегін талап етеді. Бірақ бүгінде технология дамып, ақпарат қолжетімді бола түсті. Бұрынғы кездегідей тер төкпей-ақ, дайын жауапқа ЖИ-дің көмегімен бір сәтте қол жеткізуге болады. Алайда дәл осы технологиялық мүмкіндіктің кері әсері де бар болып шықты.
Әлеуметтік желілерде Батыс елдерінің оқытушы-профессорлары аудиторияда өздерін студентпен емес, роботпен сөйлесіп тұрғандай сезінетінін ашық айтып, дабыл қаға бастады. Ашуға булыққан ұстаздардың айтуынша, студенттер үй тапсырмасын ой елегінен өткізбей-ақ, жасанды интеллектіге жасатып алуды әдетке айналдырған. Бұл өз кезегінде студенттердің ой қорыту, өз бетінше мәліметтерде жинақтау және ақпаратты баяндау дағдыларының қалыптаспауына әкеп соқтыратын әдет.
Білім алушылардың ЖИ-ді орынсыз қолдануы тек батыс елдерінде ғана болып жатқан жоқ. Орталық Азия ұстаздары да бұл келеңсіздікпен күресіп, дабыл қағып жатыр. Мәселен біраз уақыт бұрын Өзбекстандағы мектептердің бірінде директор оқушының ұялы телефонын тақтаға шегелеп жатқан сәті түсірілген видео тарады. Онда да ұстаз оқушылардың білім алу процесіне, қала берді өз-өзіне «қастандық жасауына» ашынғаны айтылады.
Жасанды интеллект элементтері бірқатар пәндердің оқу бағдарламаларында көрініс тапқан. Атап айтқанда:
- қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінде қысқаша мәтін жазу, көркем шығармаларды талдау және сөйлеу мәдениетін қалыптастыру кезінде;
- шетел тілдерінде, соның ішінде ағылшын тілі бағдарламасында «Artificial Intelligence in Art and Music» тақырыптық блогы арқылы;
- жаратылыстану бағытындағы пәндерде модельдеу, цифрлық құралдармен жұмыс істеу және деректерді талдау барысында;
- тарих пен құқық негіздерінде зерттеу тапсырмаларын орындау мен құқықтық сараптама жүргізуде;
- еңбек пен музыка сабақтарында дизайн-объектілерді әзірлеу, визуализация, 3D графика және аудио-видео контенттерді өңдеу кезінде қолданылады.
ЖИ-дің есте сақтау қабілетіне кері әсері зерттеліп жатыр
Кейінгі кездері студенттердің жасанды интеллект көмегімен орындаған жұмыстарын тексеруден шаршаған оқытушылар мен профессорлардың наразылығы туралы жоғарыда атап өттік. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі бұл бағытта арнайы ғылыми зерттеулер жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Атап айтқанда, «I-psychodiagnostics.kz» SMART-платформасы әзірленіп жатыр. Жоба студенттердің зейіні, ойлауы мен есте сақтау қабілетін цифрлық ортада диагностикалауға бағытталған.
Министрлік мәліметінше, қазіргі таңда ЖИ-ді жаппай қолдану жағдайында есте сақтау дағдыларының төмендеуі немесе трансформациясы жөнінде түпкілікті ғылыми қорытынды жасауға ерте.
ЖИ кең тараған сайын дәстүрлі бағалау әдістерін сақтау мәселесі алдыңғы қатарға шықты. Мәселен 2025 жылғы Президент Жолдауында ауызша емтихан, эссе және жобалық жұмыстардың сыни ойлау мен дәлелдеу дағдыларын дамытудағы рөлі ерекше атап өтілді.
Қазіргі таңда жоғары оқу орындарында дәстүрлі бағалауды ЖИ құралдарымен үйлестіретін, студенттің білім деңгейін әділ бағалауға мүмкіндік беретін аралас форматтар ұсынылып жатыр.
Академиялық адалдық және прокторинг
Жасанды интеллектіні енгізумен қатар, білімді бағалау жүйесіне қойылатын талаптар да күшейіп келеді. Қазіргі таңда жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының бірқатары өздерінің прокторинг жүйелерін әзірлеп, енгізіп жатыр.
Министрлік дерегінше, бұл жүйелер емтихандар мен тестілеу сапасын арттыруға, академиялық адалдық қағидаттарын сақтауға және бағалау рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етуге қызмет атқарады.
Атап айтқанда, тиісті цифрлық шешімдер Satbayev University, ХАТУ, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті және басқа да бірқатар ЖОО-да сынақтан өткізіліп, практикада қолданылып жатыр.