Әлем елдерінде зейнетақы жинақтары қалай қорғалады

АСТАНА. KAZINFORM - Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, мемлекеттер зейнетақы жүйелерінің ұлттық ерекшеліктеріне қарай зейнетақы жинақтарын қорғаудың әртүрлі тетіктерін қолданады, деп хабарлайды Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының баспасөз қызметі.

Фото: Kazinform

Көптеген елдерде зейнетақы жүйелеріне қатысушылардың құқықтарын қорғау зейнетақы төлемдері бойынша міндеттемелердің орындалмау тәуекелдерін сақтандыру, зейнетақы қорлары мен басқарушы компаниялардың қызметін мемлекеттік қадағалау, сондай-ақ олардың қаржылық тұрақтылығы мен тәуекелдерді басқару жүйесіне қойылатын талаптарды белгілеу сияқты тетіктер арқылы қамтамасыз етіледі. Демек, негізгі басымдық тұрақты реттеу жүйесін қалыптастыруға, тиімді қадағалауды қамтамасыз етуге және жауапкершілікті мемлекет, қорлар мен басқарушы компаниялар арасында бөлуге беріледі.

АҚШ-та белгіленген төлемдер жүйесіне (Defined Benefits, DB) негізделген корпоративтік зейнетақы жоспарларын Pension Benefit Guaranty Corporation (PBGC) федералдық сақтандыру жүйесі қорғайды. Бұл жүйе жұмыс берушінің қызметкердің зейнетақы жинақтарын қалыптастыру бойынша өз міндеттемелерін орындауға қабілетсіз болған жағдайда, корпоративтік зейнетақы жоспары бойынша (заңда белгіленген шектерде) қызметкер алдындағы зейнетақы міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етеді.

Ұлыбританияда мұндай функцияларды Pension Protection Fund (PPF) атқарады. Осыған ұқсас тетіктер Германияда да қолданылады. Бұл ретте осы тәрізді сақтандыру жүйелері тек белгіленген төлемдерге (Defined Benefits, DB) негізделген корпоративтік зейнетақы жоспарларына қолданылады және белгіленген жарналарға (Defined Contributions, DC) негізделген жинақтаушы зейнетақы жүйелеріне қолданылмайды.

Кейбір елдерде зейнетақы жинақтарының ең төменгі кірістілігін қамтамасыз ету тетіктері көзделген. Олар абсолюттік номиналды мәнде де (мысалы, Бельгияда, Швейцарияда, Малайзияда, Сингапурда), сондай-ақ салыстырмалы түрде, яғни белгілі бір бағдарлық көрсеткішпен салыстыру арқылы, мысалы, орташа кірістілікке қатысты (Латын Америкасы елдерінде) белгіленуі мүмкін. Бельгия мен Швейцарияда міндетті кәсіптік зейнетақы қорларындағы кірістіліктің ең төменгі номиналды мөлшерлемесі заңнамамен бекітілген. Ол жұмыс берушінің өз қызметкерінің зейнетақы жоспары бойынша міндеттемелерін есептеу кезінде пайдаланылады.

Латын Америкасының бірқатар елінде (Чили, Колумбия, Сальвадор) ең төменгі кірістілік зейнетақы қорларының тиісті түрлері арасындағы орташа кірістілікке қатысты айқындалады. Егер зейнетақы қорын басқарушы (Administradora de Fondos de Pensiones, AFP) ең төменгі кірістілікті қамтамасыз ете алмаса, айырма қалыптастырылған резервтер (кепілдік резерві) есебінен өтеледі.

Азияның бірқатар елінде де зейнетақы жинақтарының ең төменгі кірістілігіне қатысты талаптар қолданылады. Малайзияда қызметкерлердің жинақтаушы қоры (Employees Pension Fund, EPF) зейнетақы жинақтарының жылдық номиналды кірістілігіне кемінде 2,5% мөлшерінде кепілдік береді. Сингапурда Орталық жинақтаушы қор (Central Provident Fund, CPF) жылына 2,5%-дан 4%-ға дейінгі ең төменгі номиналды кірістілікті (шоттың түріне қарай) қамтамасыз етеді.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше елдердің іс жүзінде барлығында зейнетақы қорлары мен басқарушы компаниялардың қызметі мемлекет тарапынан тәуекелге бағдарланған қадағалауға алынып, капиталдың жеткіліктілігіне, резервтерді қалыптастыруға, тәуекелдерді басқару жүйесіне және клиенттердің активтерін инвестициялық басқарудың кәсіби стандарттарын сақтауға қатысты қатаң талаптар қойылады.

Осылайша, жинақтаушы зейнетақы жүйелері дамыған сайын негізгі басымдық тиімді реттеуге, тәуекелге бағдарланған қадағалауға, сондай-ақ салымшылардың құқықтары мен инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейтуге қарай ауысып келеді.

Қазақстанның зейнетақы жүйесі де осы бағытта дамып келеді. Еске сала кетейік, заңнамалық өзгерістер азаматтардың өздерінің зейнетақы жинақтарын басқару мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейді. Салымшы әртүрлі инвестициялық стратегиялар мен портфельдерді ұсынатын бір немесе бірнеше басқарушы компанияны өз бетінше таңдап, өзінің жинақтарының 100%-ына дейінгі бөлігін олардың сенімгерлік басқаруына бере алады.

Инвестициялық мүмкіндіктердің кеңеюі және зейнетақымен қамсыздандыру деңгейін арттыру шараларының іске асырылуымен бірге зейнетақы жинақтарының сақталуын қамтамасыз ету тәсілдері де өзгеріп келеді. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттің кепілдігі БЖЗҚ-дағы міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының нақты енгізілген жарналар мөлшерінде сақталуын қамтамасыз етуді көздейді. Бұл ретте мемлекеттің негізгі міндеттемелері зейнетақының мемлекеттік құрамдас бөлігінің (базалық және ынтымақты зейнетақылардың) жеткіліктілігін сақтауға шоғырландырылады.

Айта кетейік, 2027 жылдан бастап зейнетақы жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізіледі.