Equal Earth проекциясы: Қазақстанның әлем картасындағы әлпеті қалай өзгереді

АСТАНА. KAZINFORM – Ай басында БҰҰ Бас Ассамблеясы жаһан картасының жаңа нұсқасы – Equal Earth проекциясын мақұлдады. Қарарды 164 мемлекет қолдап дауыс берген, олардың қатарында Қазақстан да бар. Енді XVI ғасырдан бері қолданылып келген Меркатор проекциясынан бас тартамыз ба? Әлем әлпетінде Қазақстан қалай көрінеді? Kazinform-ның аналитикалық шолушысы осы сауалға жауап іздеді.

Фото: Equal Earth

Картаны қайта жасау не үшін керек?

Мектепте, логистикада, саясатта көп қолданылатын, яғни бізге үйреншікті Меркатор проекциясы 1569 жылы жасалды. Оның негізгі артықшылығы, навигация үшін өте ыңғайлы еді. Компас бағыты тұрақты болатын бағыттар картада түзу сызық күйінде бейнеленетін. Сондықтан Меркатор ғасырлар бойы теңіз навигациясының маңызды құралы саналған. Кейін де әлем мұндай үлгіден бас тартқан жоқ.

Бірақ бұл артықшылықтың өз кемшілігі бар. Меркатор проекциясында елдердің ауданы экватордан алыстаған сайын үлкейіп көрсетіледі. Байқасаңыз, Солтүстік Еуропа, Канада, Ресей секілді жоғары ендіктегі мемлекеттер картада әлдеқайда ірі бейнеленіп келді.

Фото: Kazinform

Көп айтатын әрі классикалық мысал – Гренландия. Меркатор картасында Гренландия Африкаға шамалас көрінетіні анық. Шын мәнінде Африканың аумағы Гренландиядан 14 еседей үлкен. Бұл жерде карта қате деп айту дұрыс емес. Меркаторда пішін мен бағыт сақтау үшін аумақты сақтамайды, онсыз дәлдікке қол жеткізу қиын.

Ал Equal Earth проекциясында керісінше, ең алдымен аумақтардың арақатынасы назарға алынады. Мемлекеттердің шынайы жер көлемі тура белгіленуі қажет деген ұстанымға бекіген. Бастаманы Африка елдерінің атынан ұсынған Того мемлекетінің сыртқы істер министрі Робер Дусси айтқандай, бұл мәселе көп ел үшін әділдікті орнатумен тең.

Неге десеңіз, Equal Earth картасында Африка, Латын Америкасы, Оңтүстік Азия және Океания әдеттегі карталарға қарағанда едәуір үлкен болып көрінеді. Шындығында да солай, қазіргі әлем картасына көз салған адам, аталған аймақтардың жоғары ендіктегі мемлекеттердің жер көлемінен үлкен екенін түсіне бермейді.

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Физикалық және экономикалық география кафедрасының аға оқытушысы Нұрлыбек Зинабдиннің айтуынша, БҰҰ қабылдаған қарардың картографиялық мәнімен бірге саяси және символдық қыры бар.

– Картаның өзі мемлекеттің саяси салмағын өзгертпейді, бірақ адамның әлемді қабылдауына әсер етеді. Қай ел үлкен, қайсысы шағын, олардың бір-бірімен кеңістіктік арақатынасы туралы түсінік көбіне карта арқылы қалыптасады. Сондықтан бұл қарардың мәні картографиямен ғана шектелмей, әлемнің кеңістіктік бейнесін қабылдауымызға әсер етеді.

Африка мен Латын Америкасы елдері үшін мәселе тек картадағы өлшемде емес, әлемнің қалай бейнеленетіні, сол бейненің санада қалай орнығатынында. Сондықтан олар аумақтардың арақатынасын дұрысырақ көрсететін проекцияны кеңінен қолдануды қолдады, – дейді сарапшы.

Фото: Нұрлыбек Зинабдиннің жеке мұрағатынан

Бұған дейін де Mollweide, Eckert IV, Gall–Peters сынды тең ауданды проекциялар болған. Қазіргі Equal Earth картасының сыртқы көрінісі бұрын әзірленген Robinson проекциясына жақын. Robinson ауданды сақтамайтындықтан, Equal Earth 2018 жылы осы талаптарды ұштастыру мақсатында жасалған.

Қазақстанның көлемі өзгереді

Дәстүрлі Меркатор картасында Қазақстан өзінің шынайы ауданынан әлдеқайда үлкен көрінетін. Жаңа Equal Earth проекциясында елдің әлем картасындағы пішініне өзгеріс енуі ықтимал. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Меркатор проекциясында экватордан алыстаған сайын аумақтар картада үлкейіп отырады. Осы есеппен алсақ, Қазақстан орта ендікте жатқандықтан, дүниежүзі картасында өзінің нақты ауданымен салыстырғанда ірірек бейнеленген болатын. Бұл әсіресе Африка немесе Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен салыстырғанда анық байқалады.

Нұрлыбек Зинабдиннің болжамынша, жаңа проекцияда да Қазақстанның ауданын дәлме-дәл көрсетеді дегенге сену қиын. Өйткені Жердің шар тәрізді бетін жазық картаға мүлде бұрмалаусыз түсіру мүмкін емес.

– Equal Earth – тең ауданды проекция. Онда мемлекеттер мен құрлықтардың аудандарының өзара арақатынасы сақталады, бірақ пішін, бұрыш, бағыт сияқты басқа геометриялық сипаттарда белгілі бір бұрмалану болады. Сондықтан Қазақстан Equal Earth картасында кішірек көрінеді, ал пішіні сәл өзгеше бейнеленеді. Бұл – табиғи құбылыс, өйткені Жердің шар тәрізді бетін жазық картаға мүлде бұрмалаусыз түсіре алмаймыз, – деп түсіндірді ғалым.

Логистика шимайы

Бүкіл әлем цифрлық навигацияға (Google Maps, Apple Maps, Яндекс) сүйенеді және олардың көбі Меркатор проекциясының негізінде жасалған. Технологиялық компаниялардың БҰҰ қарарын орындап, жаңа проекцияға бір күнде көшпесі анық, ол міндет те емес. БҰҰ қарары навигациялық сервистерге Меркатор проекциясынан толық бас тартуды талап еткен жоқ. Алайда логистика саласы ғайыптан тайып жаңа проекцияға көше қалса, нендей кедергіге ұшырауы мүмкін?

Фото: wikipedia.org

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Физикалық және экономикалық география кафедрасының аға оқытушысы Нұрлыбек Зинабдин Equal Earth-тің бірнеше кемшілігін атады. Оның сөзінше, картада аудандық арақатынас сақталады, кемшілігі де – сол. Соның әсерінен нысандардың пішіні мен басқа геометриялық элементтер белгілі дәрежеде өзгереді. Орта және төмен ендікте нысандар солтүстік-оңтүстік бағытта созылыңқырап, полюстерге жақындаған сайын сығыла түседі.

– Google Maps секілді веб-карталарда Меркатор жүйесі карта тайлына, масштабтау деңгейіне және экрандағы координатты есептеуге кіріктірілген. Сондықтан бүкіл сервисті бір проекциядан екіншісіне ауыстырудың практикалық мәні аз. Бірақ әлемді тұтас көрсететін шолу режимінде Equal Earth секілді басқа проекцияны енгізу техникалық жағынан мүмкін. Ал қала мен көше деңгейіндегі навигацияда қазіргі жүйені сақтау тиімді, – деген ойда спикер.

Қазақстан — Еуразия жүрегіндегі ірі транзиттік хаб. Карта проекция жаппай қолданысқа енсе, халықаралық логистика, авиациялық маршруттарды жоспарлау, жаһандық сауда картасы қайта сызылуы мүмкін. Дегенмен Нұрлыбек Зинабдиннің болжамына сүйенсек, проекцияның өзгеруі Қазақстанның халықаралық логистикасына, әуе маршруттары мен транзиттік дәліздерге айтарлықтай әсер етпейді.

– Нақты маршруттар дүниежүзі картасының сыртқы көрінісіне қарап емес, географиялық координаттар, көлік желісі, навигациялық және басқа операциялық деректер негізінде анықталады. Халықаралық азаматтық авиацияда, мысалы, WGS 84 геодезиялық жүйесі стандарт ретінде қолданылады.

Сондықтан Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік орны өзгермейді. Айырмашылық тек көлік дәліздерін, әуе бағыттарын немесе сауда ағындарын дүниежүзі картасында қалай бейнелейтінімізден байқалуы ықтимал, – деп толықтырды сарапшы.

Оқулық пен атлас қайта әзірлене ме?

Осы орайда «мектептегі оқулық пен атлас өзгере ме?» деген заңды сауал туындауы мүмкін. Маңызды жайт, БҰҰ Equal Earth-ті жалғыз дұрыс проекция деп бекіткен жоқ. Қарар оны орынды нұсқалардың бірі ретінде ғана атады, басқа тең ауданды проекциялармен қатар қолдануға ғана үндейді. Сол себепті, оқу-ағарту министрлігінің тарапынан да, Қазақ географиялық қоғамы да ресми мәлімдеме жасамады.

Коллаж: Kazinform / ЖИ

Ұстаз әрі ғалым Нұрлыбек Зинабдин Equal Earth проекциясын оқулыққа енгізуді жеке жоба ретінде қолға алуға қарсы, тек оқулықтар мен атластарды жоспарлы жаңарту кезінде кезекті талап ретінде енгізген дұрыс деп санайды.

– Әзір Қазақстандағы оқулықтар мен атластарды бірден ауыстырудың қажеті жоқ. Қарар міндетті емес, бірақ олар кезекті рет жаңартылған кезде дүниежүзі карталарын Equal Earth секілді тең ауданды проекцияларда беру мәселесін қарастырған жөн.

Ең маңыздысы, оқушылар мен студенттерге әр проекцияның өз мақсаты бар екенін түсіндіру. Меркатор қай жағдайда тиімді, Equal Earth нені дұрыс көрсетеді, қандай бұрмалану сақталады, осыны салыстырып көрсету географиялық сауатты арттырады. Техникалық жағынан кедергі жоқ, негізгі мәселе оқу бағдарламалары мен картографиялық материалдарды дұрыс бейімдеу, – деп түйіндеді ол.

Equal Earth проекциясының кеңінен қолданылуы Қазақстанның аумағын да, географиялық орнын да өзгертпейді. Өзгеретіні тек әлем картасындағы көрінісі ғана. Оның өзінде бұдан былай әлемдегі тоғызыншы ірі мемлекет ретінде ауданы дәлірек бейнеленбек.

Айта кетейік, бұған дейін Kazinform әлем картасына қатысты бұл мәселенің неден туындағанын және оның неге дәл қазір БҰҰ деңгейіне шыққанын зерделеп көрген еді.