Тарихтан тамыр тартқан жүйрік
Қазақ қоғамында тазы ең алдымен аңшылықтағы қабілетімен бағаланған. Халқымыз оның қырағылығы, жүйріктігі мен төзімділігіне ерекше мән берген. Кей кезеңдерде жүйрік тазының бағасы бірнеше жылқыға тең болған. Ал тұқымның алғашқы стандарты 1925 жылы қабылданып, 1932 жылы баспасөзде жарияланды.
Алайда XX ғасырда тазының тағдыры күрделене түсті. Кеңестік кезеңде тұқым саны азайып, оның табиғи қасиеттері әлсіреді. Ғалым А. Слудский тазыны қорғау қажеттігін көтергенімен, жүйелі селекцияның болмауы мен бақылаусыз шағылыстыру тұқымның генетикалық қорына кері әсер етті.
Тәуелсіздік жылдарында ұлттық тұқымды жүйелі сақтау жұмысы қайта жанданды. 2007 жылы Қазақстан кинологтері одағы қазақ тазысының заманауи стандартын қабылдап, кейін оны жетілдірді. Бұл жұмыс уақыт өте келе халықаралық талаптарға сай тұқымды қалыптастыруға ұласты.
Халықаралық мойындаудан кейінгі жаңа кезең
Тазыны сақтау ісіне мемлекет деңгейінде жаңа серпін берілді. 2022 жылдан бастап ұлттық ит тұқымдарын сақтау және халықаралық деңгейде таныту жұмысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен күшейтілді. Заңнамаға өзгерістер енгізіліп, тазы стандарты бекітілді, ғылыми зерттеулер мен асыл тұқымды иттердің байқаулары ұйымдастырылды.
Қазақстан кинологтері одағы 2023 жылы Халықаралық кинология федерациясының (FCI) толыққанды мүшелігіне өтті.
Ал 2024 жылы FCI Бас комитеті қазақ тазысын («Kazakh Tazy») дербес тұқым ретінде алдын ала танып, Қазақстанды оның тұқым стандартының иесі ретінде бекітті. Бұл мәртебеге жету үшін тұқымның тарихы мен генетикалық ерекшеліктері жан-жақты зерттелген.
– Біз «Kazakh Tazy» тұқымын дербес ит тұқымы ретінде тану үшін Халықаралық кинология федерациясының (FCI) барлық талаптарын орындадық. Атап айтқанда, еліміздің әр өңірінде ауқымды асыл тұқымды иттерді байқау жұмыстары жүргізілді. Иттер кешенді медициналық тексеруден өтті, оның ішінде тұқымымыздың бірегейлігін дәлелдейтін маңызды генетикалық зерттеу жүргізілді. Тарихи шолу тұқымның төрт мың жылдан астам уақытты қамтитын шығу тегі мен даму тарихын толық зерттеп, «Қазақ тазысы» атауын түпкілікті бекітті, – деді Қазақстан кинологтері одағының президенті Бауыржан Серікқали.
Тұқымның стандартқа сәйкестігін бағалау үшін арнайы монобридті көрме өткізіліп, FCI сарапшылары 100 тазымен жұмыс істеді. Ал 2026 жылғы World Dog Show көрмесінде қазақ тазысына арнайы стенд ұйымдастырылып, Болоньядағы FCI судьяларының дүниежүзілік конгресінде ұлттық тұқым туралы дәріс ұсынылды.
Халықаралық мойындау тазыны әлемге танытумен қатар, оны сақтаудың ғылыми негізін күшейтті. 2021 жылы тазының гендік қорын зерттеу басталды. Мамандар өңірлерді аралап, ит өсірушілер, аңшылар мен малшылардан мәлімет жинап, тазының ДНҚ банкін қалыптастырды.
Ғылыми зерттеу тұқымның шығу тегін анықтауға мүмкіндік берсе, оны күнделікті өмірде сақтау үшін жауапты селекция қажет. Өйткені халықаралық мойындаудан кейін тазыға қызығушылық та арта түсті.
– 2002 жылы санақ жүрді. Қазір сараптап қарасақ, тазының жалпы саны 2000-ға көбейді. Тізімге көзден таса қалған, ауылда жүрген тазылардың саны енді. Бірақ тазы халықаралық деңгейде мойындалғаннан кейін сапаға ерекше мән беру керек. Біздің тазымыздың өзіндік қасиеттері бар. Соны сақтап қалу керек. Қазір мемлекетпен бірге бұл бағытта тығыз жұмыс істеп жатырмыз, – деді Бауыржан Серікқали.
Тазының тектілігі қалай анықталады?
Тұқым сапасын сақтауда кәсіби мамандармен бірге тазыны жылдар бойы баптап жүрген аңшылардың тәжірибесі де маңызды. Ақмола облысы, Арайлы ауылының тұрғыны Аян Досыманов тазыны серік еткеніне 15 жыл болған.
Қазір ауласында алты тазы бар, барлығы аңшылыққа пайдаланылады. Ол үшін тазы таңдаудағы басты өлшем – жүйріктік.
– Күшікті басқа адамға берген кезде оның жағдайын күн сайын сұрап отырамыз. Өзіміз тазы таңдағанда ең алдымен жүйріктігіне мән береміз. Кеуде тұсына, құлағына қараймыз. Күшік 3-4 айлық кезінен бастап жүгіруге үйретіледі. Кейін тәжірибелі тазылармен бірге аңға шығып, машықтанады. Аңшылық қабілетін жоғалтпаған тазыларды ақылды тазы деп бағалаймын. Олар қоян, қарсақ, түлкі алады. Ал борсық аулауға түнде шығу керек, – деді ол.
Жүйріктік пен аңшылық қабілет тазының бағасына да әсер етеді. Аңшылықта шыныққан, тұқымдық қасиеті жоғары тазылардың құны 4 миллион теңгеге дейін жетеді. Дегенмен бағаның жоғары болуы иттің тектілігін дәлелдемейді. Оның шығу тегі мен стандартқа сәйкестігі маңызды.
– Стандартқа сай тазылар көп, олардың арасында тектілері де жетерлік. Әсіресе, ауылдық жерлерде. Сондықтан құжаттандыру жұмыстарын әлі де жүйелеу қажет. Қазіргі таңда мемлекет тазыларды насихаттауға үлес қосып жатқанына ризамыз. Түрлі көрмелерге қатысамыз. Әр елден сарапшылар келіп, тазыларды сынап, бағалайды. Аңшылық та, көрмелер де өте қызықты, – деді тазы жанашыры.
Қазақы тазыларды сақтаудың ғылыми негізі
Ендігі кезекте қазақы тазыларды сақтаудың ғылыми негізіне тоқталсақ. Жетісу облысының Көксу ауданында салынып жатқан Ұлттық ит тұқымдарын өсіру орталығы селекциялық және әдістемелік базаға айналмақ. Мұнда генетикалық зерттеулер мен практикалық сынақтар бір жүйеге біріктіріліп, тұқым туралы деректер базасы қалыптастырылады және іріктеу әдістемелері әзірленеді. Жоба Қазақстан мен ТМД елдерінде баламасы жоқ нысан ретінде сипатталады.
Орталықта қажетті инфрақұрылым қарастырылған. Бұл тұқым өкілдерін есепке алып, олардың генетикалық ерекшеліктерін бақылауға және жоспарлы түрде көбейтуге мүмкіндік береді.
Зерттеу мен селекциядан бөлек, орталықта иттерді серуендетуге, жаттықтыруға, үйретуге және дәстүрлі ұлттық аңшылықты өткізуге арналған арнайы аймақтар қарастырылған. Осылайша, тұқымды бағалау мен дамытуға қажетті ғылыми және практикалық жұмыстар бір алаңда жүзеге асырылады.
Орталықтың құрылысы екі кезең бойынша жүргізілуде. Бірінші кезең аясында әкімшілік ғимарат, асханасы бар жатақхана, санитарлық өткізу орны, гараж, жем дайындайтын асүй, генетикалық зертханасы бар ветеринарлық клиника, оқшаулағыш, карантин аймағы, ат қора және 100 итке арналған павильон салынған. Сонымен қатар күшіктерге арналған жеке бөлмелер мен ұрғашы иттерге арналған босандыру бөлімі бар. Тазы тұқымын өсіру жөніндегі ұлттық орталықтың басшысы Жақып Есполаевтың айтуынша, бірінші кезеңнің құрылысы қазір аяқталуға жақын.
Орталық толық іске қосылғаннан кейін оның жалпы сыйымдылығы 200 итке жетеді.
– Екінші кезең жүзеге асырылып, орталық толық іске қосылғаннан кейін оның жалпы сыйымдылығы 200 итті құрайды. Орталықта мамандар иттердің мінез-құлқын, оларды үйрету ерекшеліктерін зерттеп, генетикалық мұрасын сақтауға үлес қосады. Ұлттық орталықтың салынуына ҚР Президентінің Іс басқармасы, Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Жетісу облысының әкімдігі зор еңбек етіп жатыр. Бұл – шын мәнінде маңызды әрі қажетті бастама, – деді орталық басшысы.
Қазақы тазылардың халықаралық деңгейде мойындалуы – ұзақ жылдарға созылған еңбектің нәтижесі. Ендігі міндет – тұқымның алынған мәртебесіне сай сапасын сақтап, оны одан әрі дамыту.