18:30, 02 Сәуір 2009
Әлем мұсылмандарының 48 пайызы Әбу Ханифа мазһабын ұстанады
АЛМАТЫ. Наурыздың 2-сі. ҚазАқпарат / Ерлік Ержанұлы/ - Әлем халқының төртен бірі ислам дінін, ал олардың 48 пайызы Әбу Ханифа мазһабын ұстанады.
Бүгін Алматыда өтіп жатқан «Имам Ағзам Әбу Ханифа мазһабы және қазіргі заман» деп аталатын халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда осындай дерек келтірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Мәуліт мерекесі қарсаңында ұйымдастырылып отырған басқосуға арқау болып отырған бұл келелі кеңестің Әбу Ханифа мазһабының мәні мен мазмұнына арналып отырғаны жайдан-жай емес. Ислам дінінің қазақ даласына келгеніне 12 ғасырдан аса уақыт өтті. Содан бері халқымыз атақты ислам ғұламасы, фихтің, мұсылман заңының білгірі Нұғман ибн Сәбит (р.а.) (699-767) негізін қалаған ханафи мәзһабын (діни құқықтық мектеп) ұстанып келеді. Фих пен мазһабтың ерекшеліктеріне тоқтала кетейік. Мәзһаб ? жол, бағыт, көзқарас деген мағынаны білдіреді. Шариғатта арнайы тәсілдер, ережелер арқылы Құран мен сүннеттен шығарылған үкімдер мен көзқарастар жиынтығы «мазһаб» делінеді», - дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі. Оның айтуынша, исламның алғашқы дәуірінде мұсылмандар арасында діни қайшылықтар болған жоқ. Өйткені Мұхаммед ғ.с. қасиетті Құран және өзінің даналығымен мәселенің шешімін айтып, дер кезінде алауыздықтың алдын ала білді. Кейінірек ислам діні өзге халықтар мен ұлыстар арасында таралып, мұсылмандардың саны көбейе түсті. Жаңа мәселелер туындай бастады. Мұндай жағдайда сахабалар өз білімдеріне сүйеніп шариғат шеңберінде ол мәселені шешіп отырды. Олар араб тілін де, дінін де білмейтін. Діни үгіт-насихат пен тағлым істерді оларға жеткізу сахабалар үшін оңай емес-ті. Бұл ретте сахабалар ислам дінін бүге-шүгесіне дейін үйренемін дегендерге ұстаздық етті. Пайғамбарымыз оларға сахабаларым аспандағы жолшы, жұлдыздар іспетті, олардың қайбіріне ілессең де хақ жолын табасыңдар деп сипатама берген. «Сахабалардың кезінде де түрлі көзқарастар болатын. Осының нәтижесінде исламды талдайтын түрлі мазһабтар дамып жетілді. Уақыт өте фих мұсылман заңы саласы бойынша Құран аяттарын дұрыс талдау және хадистерді зерттеу арқылы шариғатты дамытып жалған мектептерге қарсы күресуші, олардың қателіктерін паш етуші Әбу Ханифа, имам Малик (717-795), имам Шафиғи (767-820), Ахмад ибн Ханбал (780-855) секілді ислам ғұламаларының мазһабтары дүниеге келді. Ол мазһаб иелерінің әрқайсысы білгір ғалымдар еді. Солардың біріне мойынсұну арқылы осы заманға дейінгі әртүрлі қайшылықтардың жолы кесіліп, алды алынып келеді. Мазһабтардағы айырмашылықтар тек «абзал» және «дұрыс» деген сөзде ғана. Яғни біз өз мәзһабымызды абзал санаймыз. Ал қалған үш мәзһабты дұрыс деп білеміз. Тек біздің мәзһаб «дұрыс», ал қалған үшеуі «бұрыс» деу адасушылық болып есептеледі», - дейді Әбсаттар қажы. Оның сөзіне қарағанда, бір мазһабта болудың артықшылығы халық біртұтас, ынтымағы мен бірлігі күшті, ұйымшыл болады. Орта Азия мен Қазақстанда қанша ғасырлардан бері діни алауыздықтың болмай, ұрыс-керіс, дау-жанжалдан іргесін аулақ салуының да бірден-бір сыры осында. Өйткені құлшылық амалдарының бір болуы ондай жат пиғылдың тууына жол бермейді. Әбу Ханифа мазһабын өзге діни мектептермен салыстырғанда өз жамағатына көп жерлерді беруімен әрі демократиялығымен де ерекшеленеді. Біздің жартылай көшпелі халқымыздың мазһабты қабылдауының тағы бір себебі, өз дүние танымы, болмысы мен діліне, оның тілінің тонның ішкі бауындай жақындығында. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен оның Қазақстандағы бүкіл мешіті Әбу Ханифа мазһабы бойынша шариғат ұстанып, соған орай амал етеді. Бұл ел бірлігі мен ынтымағын, достығы мен ұйымшылдығын жақтап, оны одан сайын түйіндей түсуге қызмет ету деген сөз. Ханафи мазһабы тек Әбу Ханифаның пікірлері мен шығарған үкімдері емес, ғасырлар бойы Ханафи мазһабының фих негізінде шығарылған үкімдер жиынтығы. Бүгін күні әлем халқының төрттен бірі мұсылман болса, олардың 48 пайызы осы Әбу Ханифа мазһабын ұстанады.