Әлемде болып жатқан қайғылы оқиғалар барлық ұлттық экономикалардан «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруды» талап етеді - Кәрім Мәсімов

МИНСК. 16 наурыз. ҚазАқпарат /Айтуар Мамлин, Қанат Құлшыманов/ - Әлемде болып жатқан қайғылы оқиғалар барлық ұлттық экономикалардың бір адамдай жұмылуын талап етеді.

Бұл туралы кеше Минскіде Үкімет басшылары деңгейінде өткен ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесінің (Кеден одағының жоғары органы) мәжілісінде Қазақстанның Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов мәлім етті.

«Сөзсіз, әлемдік экономикаға әсерін тигізетін Жапониядағы, Солтүстік Африкадағы және Таяу Шығыстағы қайғылы оқиғалармен байланысты салдарлар макроэкономикалық саясатты жүргізуде және барлық ұлттық экономикаларды әрі қарай дамытуда «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруды» талап етеді», - деп атап көрсетті Кәрім Мәсімов өз сөзінде.

Үкімет басшысы сондай-ақ, өткен кезеңде Кеден одағы елдерінің арасындағы тауар айналымы едәуір өскеніне назар аударды және бұл жетістіктің экономикаға қомақты үлес екенін, көрсеткіш біздің елдеріміздің азаматтарын қуантпай қоймайтынын айтты.

«Кеден одағының бірінші жұмыс жылында қол жеткізіліп отырған келісімдер мен жетістіктер, осынау ықпалдастық бірлестіктің тиімділігін тағы да дәлелдеп отыр. Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістіктің бізге беріп отырған жетістіктері бүгінгі таңдағы барлық ығыттарға нақтырақ жауап беруге мүмкіндік береді», - деп түйіндеді өз сөзін Премьер.