Әлемде сирек металдарға сұраныстың артуы: Қазақстан шикізатты өңдеуге бет бұрды

АСТАНА. KAZINFORM – Әлемде жасыл энергетикаға, электр көлігіне, цифрлық технологияларға және жоғары технологиялы өндірістерге сұраныстың артуы сирек минералдарға деген сұранысты күшейтіп отыр. Сирек кездесетін металдар тұрақты магниттер, аккумуляторлар, электроника, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі сияқты стратегиялық салаларда кеңінен қолданылады. Бұл үрдіс Қазақстан үшін де жаңа өндіріс көздерін ашып, экспорттық бағыттарды дамытуға мүмкіндік беріп отыр.

Фото: Pixabay.com

Қазақстанның минералдық-шикізат базасында темір, мыс, хром, марганец, мырыш, қорғасын және басқа да пайдалы қазбалардың мол қоры бар. Олардың құрамында халықаралық тәжірибеде табиғатта сирек болатын маңызды шикізат санатына жататын бірқатар металдар кездеседі. Ендігі міндет бұл ресурстарды тек өндірумен шектелмей, ел ішінде терең өңдеп, жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға көшу.

Қазақстанның экспорттық әлеуеті

Қазақстан қазіргі уақытта әлемдік нарықтарға минералдық шикізат пен бастапқы өңдеуден өткен өнімдерді жеткізетін елдердің бірі. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, 2023-2026 жылдардың бірінші жартыжылдығы аралығында Қазақстаннан Еуропалық одақ елдеріне кен мен концентраттардың 6 түрі экспортталған.

2023 жылы экспорттың табиғи көлемі 3 262,7 тоннаны құрап, жалпы құны 60,5 млн АҚШ долларына жетті. Оның негізгі үлесі молибден кені мен концентратына тиесілі болды. Экспорт көлемі 3 144,7 тонна, ал құны 60,2 млн АҚШ долларын құрады.

2025 жылы хром кені мен концентратының экспорты да айтарлықтай өсті. Атап айтқанда, Швецияға 129 290,5 тонна хром кені мен концентраты жөнелтіліп, олардың жалпы құны 44,2 млн АҚШ долларын құрады. Бұл бағыттағы экспорт 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында да жалғасын тапты, – делінген Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында.

Инфографика: Kazinform

Қазақстанда қазірдің өзінде орта деңгейде өңделген бірқатар өнімдер өндіріліп, сыртқы нарыққа шығарылып отыр. Олардың қатарында титан, тантал, бериллий, ниобий, рений, висмут, селен, теллур және жоғары сұрыптағы марганец сульфатының моногидраты (HPMSM) бар.

Сонымен қатар титан, вольфрам, молибден және сурьма шикізат түрінде экспортталады. Мемлекет ендігі кезеңде шикізатты өңдеу деңгейін арттыруға басымдық бермек.

Министрліктің мәліметінше, жоғары қосылған құны бар өндірістерді дамыту аясында 2026 жылы галлий мен сурьма өндіретін жаңа өндірістерді іске қосу жоспарланған. Бұл минералдық шикізатты тереңірек өңдеуге және өңдеу деңгейі жоғары өнімдердің экспортын арттыруға мүмкіндік береді.

Қазақстан мен ЕО ынтымақтастығы

Сирек минералдар саласындағы ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі – Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы әріптестік.

2022 жылғы 7 қарашада Қазақстан мен ЕО арасында шикізаттың тұрақты жеткізу тізбектері, аккумулятор жасауға пайдаланылатын материалдар және жаңартылатын сутегі саласындағы стратегиялық әріптестік туралы өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қойылды.

Фото: Pexels

2023 жылы тараптар меморандумды іске асыруға арналған жол картасын жүзеге асыруға кірісті. Ал 2025 жылы 2025–2026 жылдарға арналған ынтымақтастықтың жаңа жоспары бекітілді.

Осы бағыттағы жобалардың бірі Германияның HMS Bergbau AG компаниясының Шығыс Қазақстан облысындағы жобасы. Компания құрамында сирек металдар, оның ішінде литий бар кешенді кендерді барлау, өндіру және қайта өңдеуді көздейтін жобаларды жүзеге асырып жатыр. Оның құрамына «Алатау Литий», «Qazaq Lithium» және «Bergbau Altai» компаниялары кіреді, – делінген құжатта.

Инфографика: Kazinform

Қазақстан мен ЕО-ның критикалық шикізат саласындағы ынтымақтастығы геологиялық барлау, жаңа кен орындарын игеру, қосылған құн тізбектерін дамыту, аккумулятор өнеркәсібіне қажетті материалдар өндіру, шикізатты өңдеу және байыту, ESG стандарттарын енгізу, ғылыми-техникалық ынтымақтастық пен кадр даярлау бағыттарын қамтиды.

Жер қойнауын пайдалану құқығын алу тәртібі

Қазақстанда қатты пайдалы қазбаларды барлау және өндіру құқығы лицензия негізінде беріледі. Қолданыстағы тәртіп бойынша мұндай құқықтың бір бөлігі аукцион арқылы рәсімделеді. 2026 жылы бекітілген жаңа қағидалар пайдалы қатты қазбаларды барлау мен өндіруге арналған аукциондарды өткізу және олардың нәтижелері бойынша лицензия беру тәртібін нақтылап берді. Инвестор үшін негізгі кезеңдердің бірі геологиялық барлау. Егер оның нәтижесінде кен орны анықталса, жер қойнауын пайдаланушыға сол учаскеде пайдалы қатты қазбаларды өндіруге лицензия алуға айрықша құқық берілуі мүмкін.

Жер қойнауын пайдаланушыға бірқатар міндет жүктеледі. Олардың қатарында ең төменгі шығыстарды қамтамасыз ету, жер қойнауын ұтымды пайдалану, өндірістік және экологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтау, қазақстандық кадрларды даярлау және ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысу бар.

Мемлекет өндірісті ел ішінде дамытуға бағытталған өнеркәсіптік-инновациялық жобаларға да арнайы мүмкіндік қарастырған. 2025 жылғы заңнамалық өзгерістерге сәйкес, құны 14,5 млн АЕК-тен асатын, Бірыңғай индустрияландыру картасына енгізілген және өндірістік процесі жер қойнауын пайдаланумен байланысты жобаларға белгілі бір аумақта уран мен көмірден басқа қатты пайдалы қазбаларды барлау немесе өндіру үшін жер қойнауы учаскесін алу мүмкіндігі берілген.

Мұндай жобаларға лицензия берілген кезде инвесторға қосымша міндеттемелер қойылады. Олар инвестиция көлеміне, еңбекақы деңгейіне, өндірілген пайдалы қазбаларды қайта өңдеуге, қазақстандық кадрларды даярлауға және технологиялар трансфертіне қатысты болуы мүмкін.

Қазақстандағы жер қойнауын пайдалану саясаты тек кен өндіруге рұқсат берумен шектелмейді. Мемлекет инвестордан барлау мен өндірумен қатар, шикізатты өңдеуді, технология енгізуді, кадр даярлауды және өндірістің ел экономикасына қосатын құнын арттыруды күтеді.

Сирек металдар саласын дамытуға басымдық берілмек

Қазақстанда сирек кездесетін металдар саласын дамытудың жүйелі шаралары 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында жүзеге асырылып жатыр. Құжат минералдық-шикізат базасын кеңейтуге, өндірісті жаңғыртуға, жаңа өнім түрлерін игеруге, заманауи технологияларды енгізуге және саланың нормативтік базасын жетілдіруге бағытталған.

Кешенді жоспарда геологиялық барлау жұмыстарының жеткіліксіздігі, техногендік минералдық түзілімдерді бағалау мен пайдалану деңгейінің төмендігі, кәсіпорындардың негізгі қорларының тозуы, заманауи технологиялардың жетіспеуі және нормативтік-құқықтық базаның дамымауы саланың негізгі проблемалары ретінде көрсетілген.

Фото: freepik.com

Құжатқа сәйкес, Қазақстанда 120-дан астам сирек кездесетін металдар кен орны анықталған. Олардың қатарында ванадий, титан, цирконий, тантал, ниобий, литий, молибден, вольфрам және бериллий кен орындары бар. Сала үшін техногендік минералдық түзілімдер де маңызды ресурс саналады. Мемлекеттік баланста сирек кездесетін металдар бар шамамен 41 ТМТ объектісі есепте тұр, оның 31-і жер қойнауын пайдалануға берілген.

Кешенді жоспарда кен орындарымен қатар ТМТ, өндірістік қалдықтар мен электрондық сынықтарды қайта өңдеу арқылы минералдық-шикізат базасын кеңейту көзделген. Бұдан бөлек, Шығыс Қазақстандағы Қалба-Нарым аймағында, Баянкөл алаңында, сондай-ақ Арал мен Каспий өңірлерінде литийдің перспективалы көздерін анықтау жұмыстары қарастырылған.

Сонымен бірге салада импорттық шикізатқа тәуелділік, кәсіпорындардағы технологиялар мен жабдықтардың тозуы сияқты мәселелер бар. 2024-2028 жылдары кәсіпорындарды техникалық қайта жарақтандыру, технологиялар трансферті негізінде бес жаңа өндірісті іске қосу және сирек металдардан бес жаңа өнім түрін игеру жоспарланған.

Кешенді жоспар аясында барлау мен өндіруге бағытталған отандық және шетелдік инвестициялар көлемін 40%-ға, ал сирек және жерде сирек кездесетін металдар өндірісін кемінде 40%-ға арттыру көзделген. Сонымен қатар бес жаңа технологияны өндірісте енгізу жоспарланып отыр.

Әлемдік нарықтағы сирек металдар

Сирек жер металдары жоғары технологиялы өндірістер үшін маңызды шикізаттың біріне айналып отыр. Олар тұрақты магниттер, аккумуляторлар, катализаторлар, керамика мен шыны өндірісінде, металлургияда және басқа да салаларда пайдаланылады. Ал магнит өндірісі әлемдік деңгейде сирек жер металдарын тұтынудың негізгі бағыты болып қалмақ.

АҚШ Геологиялық қызметінің (USGS) 2026 жылғы дерегіне сәйкес, 2025 жылы әлемде шамамен 390 мың тонна сирек жер металы өндірілген. Бұл 2024 жылғы 380 мың тоннадан жоғары. Өндіріс көлемі бойынша Қытай айқын көш бастап тұр: 2025 жылы елде 270 мың тонна сирек жер металы өндірілді. Бұл әлемдік өндірістің шамамен 69%-ына тең.

Ірі өндірушілер қатарында АҚШ, Австралия, Мьянма және Бразилия бар. 2025 жылы АҚШ-та 51 мың тонна, Австралияда 29 мың тонна, Мьянмада 22 мың тонна, Бразилияда 2 мың тонна өндірілді.

USGS деректеріндегі тағы бір маңызды көрсеткіш – қорлардың елдер бойынша шоғырлануы жайлы. Қытайдың сирек жер металдары бойынша қоры 44 млн тонна, АҚШ-та 1,9 млн тонна деп бағаланған. Австралия бойынша USGS-тің 2026 жылғы кестесінде 3,3 млн тонна деп көрсетілген.

Қытай факторы және баға динамикасы

Сирек жер металдары нарығындағы негізгі тәуекелдердің бірі өндіріс пен өңдеудің жекелеген елдерде шоғырлануы. 2025 жылы Қытай самарий, гадолиний, тербий, диспрозий, лютеций, скандий және иттрийге қатысты экспорттық бақылауды күшейтті. Кейін экспорттық шектеулер басқа да сирек жер элементтеріне де енгізілді. Қарашада олардың бір бөлігі бір жыл мерзімге тоқтатылғанымен, сәуірде енгізілген негізгі бақылау шаралары күшінде қалды.

Фото: Canva

Баға нарығында да өзгеріс байқалды. USGS мәліметіне сәйкес, 2025 жылы неодим оксидінің орташа бағасы килограмына 73 доллар, празеодим оксидінікі 74 доллар болды. 2024 жылы бұл көрсеткіштер тиісінше 56 және 56 доллар болған. Осылайша, магнит өндірісінде кең қолданылатын екі металл бағасының орташа жылдық көрсеткіші бір жыл ішінде өсті.

Қазақстан үшін қандай мүмкіндік бар

Әлемдік сирек жер металдары нарығында өндіріс көлемі өсіп келе жатқанымен, негізгі өндіріс пен өңдеу қуаттарының жекелеген елдерде шоғырлануы жеткізу тізбектерінің тұрақтылығына қатысты тәуекелдерді күшейтіп отыр. Қытайдың экспорттық бақылауды күшейтуі бұл тәуекелдің тек экономикалық емес, стратегиялық сипатқа ие екенін көрсетті.

Қазақстан үшін бұл жағдай жаңа мүмкіндік терезесін ашады. Елдің артықшылығы минералдық-шикізат базасының болуы ғана емес, критикалық шикізатты барлау, өндіру, өңдеу және дайын өнім шығаруды бір тізбекке біріктіру мүмкіндігі.

Алайда әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті болу үшін кен қорының болуы жеткіліксіз. Геологиялық барлауды күшейту, инвестиция тарту, заманауи технологияларды енгізу, өндірістік қуаттарды жаңғырту және жоғары қосылған құны бар өнім шығаруды жолға қою қажет.

Қазақстанның алдында тұрған негізгі міндет сирек кездесетін шикізатты жай ғана экспорттау емес, оның негізінде жаңа өндірістер мен қосылған құн тізбектерін ел ішінде қалыптастыру. Бұл бір жағынан сыртқы нарықтағы жеткізу тізбектерін әртараптандыруға үлес қоса алады, екінші жағынан Қазақстанның минералдық ресурстардан алатын экономикалық қайтарымын арттыруға мүмкіндік береді.