Әлемге танымал анимациялық фильм қазақша көрсетілді: Балаларға берер тағылымы қандай

АСТАНА. KAZINFORM — Мамандар бұл анимациялық фильм қазіргі өзекті мәселені және оның шешімін көрсететінін айтады.

Фото: Kazinform

Аталған мультфильмнің арнайы көрсетілімінде халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы қазақ тіліндегі мазмұнға деген сұраныстың жүйелі түрде артып келе жатқанын атап өтті.

Фото: Kazinform

— «Ойыншықтар хикаясы 5» мультфильмінің қазақ тілінде шығып жатқаны біз үшін үлкен қуаныш, мерей. Бұл балалардың тілін қазақша шығаруға және өзге тілде сөйлейтін балаларды қазақ тіліне қызықтыруға көмектеседі. Бүлдіршіндерге тартымды, түсінікті әрі таныс кейіпкерлердің қазақша сөйлеп тұруы маңызды. Оның үстіне, тақырып та қызық. Ойыншықтар балалардың назары үшін гаджеттермен күреседі. Бәріміз үшін өзекті мәселе. Балалардың қолында қазір ойыншықтардан бөлек, гаджет те түспейді. Оған бәріміз алаңдаймыз. Осы тақырыпты ашатын тағылымды әрі қызықты фильм, — деді Рауан Кенжеханұлы.

Ал анимациялық фильмнің қазақ тіліндегі дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев мәні мен мазмұнына кеңірек тоқталды.

Фото: Kazinform

— «Ойыншықтар хикаясы» — Disney компаниясының 1995 жылы алғаш шығарған туындысы. Биыл бесінші бөлімі көрерменге жол тартып отыр. Әр сериясы ой салады. Ал осы бесінші бөлімінде ойыншықтар, яғни бас кейіпкерлер баланы, яки өз қожайынын гаджеттердің ықпалынан құтқаруға тырысады. Өйткені, бұл — қазір өзекті мәселелердің бірі. Балалар планшеттен, телефоннан бас көтермейді, бір-бірімен сөйлеспейді, тіпті. Сонымен қатар, буллинг мәселесі де қамтылған. Осы түйткілдердің шешімі «Ойыншықтар хикаясы 5»-те көңілді, қызықты хикая негізінде көрсетіледі. Әсіресе, ата-аналарға жақсы кеңестер бар, — деді ол.

Сонымен бірге, Шах-Мұрат Ордабаевтың айтуынша, мәтінді аудару, бас кейіпкерді таңдау, кастинг жасау, фильмді дыбыстау және өңдеу секілді жұмыстарға жалпы бір айдай уақыт қажет болған. Ал кейіпкерлердің сөзін кәсіби мамандар — театр және кино әртістері дыбыстаған.

Фото: Kazinform

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының мәліметінше, фильмдерді түрлі елдердің аудиториясына бейімдеп, жергілікті тілдерге дубляждау Disney компаниясында бұрыннан қалыптасқан тәжірибе. Компания жыл сайын өз фильмдерінің 40-тан астам тілдегі нұсқасын әзірлейді. Соңғы үш жылда Disney студиясы «Ойжұмбақ 2», «Моана 2», «Муфаса. Арыстан патша», «Ақшақар», «Лило мен Стич», «Аңдар шаһары 2» және басқа да туындыларды қоса алғанда, 10-нан астам фильмді қазақ тіліне аударып, дубляж жұмысын қаржыландырды.

Айта кетейік, бұған дейін «Аңдар шаһары 2» мультфильмі жаңа рекорд орнатқанын жазғанбыз.