«Әлемнің әміршісі ақсақ Темір қанша жыл өмір сүрді?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 19 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 19 сәуір, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назар­баев­тың Малай­зияға мемлекеттік сапары Малайзия жағының шақыруы бойынша жүзеге асты. Қазақстан басшысы Оңтүс­тік-Шығыс Азиядағы даму қар­қы­ны жоғары, өңірде өзіндік алар орны бар осынау елге бесінші мәрте аяқ басты», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «Сенімді серіктестікке серпін» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, Нұрсұлтан Назарбаев пен Малайзия Премьер-ми­нистрі Наджиб Тун Разактың кездесуінде екіжақты ын­тымақтастықты экономикалық, инвес­ти­циялық, сондай-ақ жоғары білім мен туризм салаларында дамыту жайы жан-жақты талқыланды. Президент пен Премьер-министр Қазақстан мен Малайзия арасындағы қарым-қатынас­тарды ғылыми ауқымды шаралар, оның ішінде инновациялық индустрия мен жаңа технологиялар салаларында да­мы­туға мүдделі екендіктерін білдірді.

 

Жемқор, біліксіз, сауатсыз, ар-ұяты жоқ жандардан құқық қорғау органдарын арылту басталды. Мұндай ізгілікті бағыт­та­ғы, яғни құқық қорғау қызметкерлерін талапқа сәйкестігін саралау жұмысына халық та барынша сенім білдіреді. Өйткені, ат­тес­тат­т­­аудың мақсаты - құқық қорғау жүйесі қызметкерлерінің кә­сіби дайындық деңгейін және олардың қазіргі заманғы талап­тарға сәйкестігін анықтау, органдарды моральдық-адамгершілік қасиеттері төмен және жемқорлық әрекеті арқылы жалпы мемлекеттің беделін түсіретін біліксіз қызметкерлерден тазарту болып табылады. Осы орайда, «Егемен Қазақстан» газеті Парламент Мәжілісінің де­пу­таты, Заңнама және сот-құқықтық реформасы комитетінің мүшесі Р.Сәрпековке жо­лы­ғып, ел құндылықтарын сақтаудағы құқық қорғау орган­дары қызметкерлерін аттестаттаудың мәні мен маңызы туралы сұхбат алған. Екеуара әңгіме бейсенбілік нөмірде «Ел үміті ақталып, заң орындалуы тиіс» деген тақырыппен берілген.

***

«Кеше Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыстарында қалаулылар Мемлекеттік хатшыға, Үкімет басшысына және Бас прокурорға хат жолдап, ұлттық рәміздерімізді қорлауды тыюды талап етті», - деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Қалаулылар қатты ашынды» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше. бір ғажабы, мемлекетіміздің биік лауазымды үш тұлғасына ресми сұрауды Мәжіліс депутаттары Бақытбек Смағұл мен Ерген Дошаев бағыттауға бел буған еді, алайда ұлтжанды төрағаның арқасында ол бүкіл палата атынан жолданып, үлкен салмаққа ие болды! Қалаулылардың ашынатын жөні бар: бір емес, екі емес, қаптап белең алған мемлекеттік нышандарымызды мазақ ету - халқымыздың рухын түсіруі мүмкін.

 

Тарих тек нақты деректермен - оқиғаның орны және уақытымен ғана сөйлейді. Алайда тарихшыларды тығырыққа тіреп, жоқ жерден жұмбақ жасайтын немесе ғалымдар арасында үлкен талас тудыратын даталарға байланысты мәселелер жиі болады. Мәселен, ежелгі өркениетті елдердегі жыл санау күнтізбегінің әртүрлі жасалуына байланысты кейбір тарихи деректердің уақыттары сай келмей жатады. Қазірдің өзінде еуропалық күнтізбек, Қытай күнтізбегі, шығыс елдерінің немесе мұсылман елдерінің күнтізбегі бар. Сондықтан мыңжылдық тарихи оқиғалардың мерзімдері әр елдің мұражай құжаттарында әртүрлі көрсетілуі заңды. Бұл тарихшыларға кәдімгідей қиындықтар туғызады. Мысалы, ұшы-қиыры жоқ әлемдегі ең ірі мемлекетті құрып, билігін жүргізген қаһарлы әмірші, ұлы Әмір Темірдің қанша жыл өмір сүргенін қалай анықтауға болады? Бұл жайында толық мағлұмат алғыңыз келсе, «Айқын» газетіндегі «Әлемнің әміршісі ақсақ Темір қанша жыл өмір сүрді?» деген тақырыпқа көз жүгіртіңіз.

***

«Семей ядролық сынақ полигоны туралы» Заңға заманға сай өзгерістер мен толықтырулар енгізген жөн. Мұндай ұсынысты Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мәлімдеп отыр», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Жалпы әкім мырзаның мәлімдеуінше, халық қалаулылары осыдан тұп-тура 20 жыл бұрын қабылданған аталған заңға өзіндік өзгертулер мен толықтырулар енгізуге ыңғай білдіруі керек. себебі қолданыстағы заң көнеріп қалғалы қашан. Басылымның жазуынша, бұған дейін Семей ядролық полигон аймақтарының 95 пайызын халық шаруашылығына беру жайы көтерілсе, ендігі уақытта аталған аумақта экстремалды туризм саласын өркендету жайы сөз болуда. Мақала «Семей полигоны: Инвестиция өзін-өзі ақтай ма?» деген тақырыппен берілген.