НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирінің үш дүркін чемпионы, ұлыбританиялық Энди Маррей Astana Open ATP 500 жарысында ойнайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, Э.Маррей жарысты ұйымдастырушылардан арнайы шақырту алды.
Э.Маррей – үш бірдей «Үлкен дулыға» додасында (Wimbledon – 2013, 2016, US Open-2012) үздік шығумен бірге теннис тарихында ерлер арасында жекелей сында екі мәрте Олимпиада чемпионы атанған жалғыз спортшы.
Осылайша, 1-9 қазан аралығында елордадағы «Beeline Arena» ұлттық теннис орталығында өтетін айтулы додада Э.Маррейден басқа «Үлкен дулыға» турнирлерінің чемпиондары: Даниил Медведев (US Open-2021), Марин Чилич (US Open-2014) және Стэн Вавринка (Australian Open-2014, Roland Garros-2015, US Open-2016) бақ сынайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшінің Таиландтағы жарыстың ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ қазақстандық теннисші Испаниядағы турнирдің ширек финалына өтті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).