18:27, 21 Қаңтар 2009
Әлеуметік сала қызметкерлері үшін ипотекалық несиенің қайта қаржыландыру мөлшерлемесі 10,5 пайызға дейін төмендетіледі
АЛМАТЫ. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Үлескерлер мен ипотекалық несиешілердің мәселесі 2009-2010 жылдары толық шешіледі. Оны «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов бүгін Алматыда қала әкімімен экономика мен қаржы жүйесін тұрақтандыруға арналған дағдарысқа қарсы жоспарды жүзеге асыруға бағытталған
Меморандумға қол қою рәсімінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасының айтуынша, құрылыс саласын тығырыққа тіреген түйткілді мәселе екеу. Біріншісі ? тұрғын-үй нарығындағы жоғары баға, ал екіншісі ипотекалық несиенің жоғары мөлшерлемесі. Сол себепті Үкімет шешімімен экономиканы тұрақтандыруға бөлінген 10 миллиард доллардың 3 миллиарды құрылыс секторындағы проблеманы шешуге жұмсалмақшы. Екінші деңгейлі банктер арқылы берілетін бұл қаражаттың басым бөлігі Астана мен Алматы қалаларына бөлінеді. «Тұрғындар үшін ең тартымды үлгі әр шаршы метрі 120 мың теңгеден аспайтын нысандарды қаржыландыру болмақ. Онда ипотекалық несиенің мөлшерлемесі 10,5 пайыздан аспайтын болады. Дағдарысқа дейін ол 16 пайыз болатын. Ал шаршы метрі 120 мыңнан асқан нысандар арнайы бағдарлама бойынша қаржыландырылатын болады. Қаңтардың аяғына дейін Қазкоммерцбанк пен Халық банктің есеп шоттарына алғашқы миллиардтар түседі. Ал жүйе құраушы өзге 2 банкке қалған қаражат ақпанның аяғына таман аударылады», дейді Қайрат Келімбетов. Оның айтуынша, қордың алдына қойған басты мақсаты ? құрылыс саласын қаржыландыру ісін мүмкін болғанша ерте жүзеге асыру. Сол себепті бұл банктердің несиелік желісінің ашылуын күтпейтін құрылыс компаниялары үшін арнайы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының еншілес компаниялары арқылы арнайы несие желісі ашылмақ. Онда соңғы 4 жылдың ішінде несие алғандар үшін мөлшерлемесі 12,5 пайызға дейін азайтылған. Әйтсе де, бұл жеңілдік өзге баспанасы жоқ және несиені алыпсатарлық мақсатпен алмағандарға ғана беріледі. Ал әлеуметтік, нақтырақ айтқанда бюджеттік саланың қызметкерлері үшін несиеге алған пәтердің жалпы көлемі 120 шаршы метрден аспаған жағдайда несие мөлшерлемесі 10,5 пайызға дейін төмендетіліп отыр.